02 Қазан, 2018

«Астана аспаны» атты «Positive» қысқаметрлі фильмдер фестивалі өтті

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада тұңғыш рет Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана аспаны» атты «Positive» қысқаметрлі фильмдер фестивалі өтті.

«Астана аспаны» атты «Positive» қысқаметрлі фильмдер фестивалі өтті

Бас қаланың 20 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйым­дас­тырылған жас киногерлер бай­қауына 10 режиссер таңдалып алы­нып, үздік жұмыстар «Қазы­ғұртфильм» киностудия­сында таспаланды. Жобаның бас про­дюсері – Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Сәбит Әбді­халықов. Көркемдік талап тұр­ғысынан бағалап, сараптаған – ки­норежиссер, Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңір­ген қайраткері Сатыбалды Нарым­бетов бастаған кинематография саласының кәсіби мамандары. 

«Бұл фестивальды ұйымдас­тырудағы ең басты мақсат – та­қы­рып өз алдына, жастардың жұл­дызын жағып, кино әле­міне 10 жаңа есім әкелгіміз кел­ді. Көптеген жастарымыз ха­лық­аралық байқауларға қа­тысып, жүлделі оралып жүр. Бірақ өкінішке қарай, ол жұмыс­тардың барлығы авторлық ки­но – артхау­с бағытында түсі­рілгендіктен, кинотеатрларда көп көрсетіле бермейді. Кө­рермен мен киногерлер арасында көпір болсақ деген ұсы­нысымызды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлы қуана қолдап, жастардың шығармашылық тынысын сезініп, қиял-қарымын айқындауға тамаша мүмкіндік алдық», дейді фестивальдың бас сарапшысы, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов. 

10 режиссер Астана қала­сына қатысты өр­битін он түрлі тақырыпты қоз­ғап, сурет­кер­лік қиял-қарымы мен кәсіби ше­берліктерін сарап­шылар тал­қысына ұсынды. Олар­дың қатарында: Мақсат Оспа­новтың «Астана аспаны», Самат Әлім­нің «Сарбаз», Елена Лиса­сина­ның «Қазына», Айдын Саха­манның «Бақыт биі», Ардақ Төлеубайдың «Өзбек құда», Бексұлтан Әнуаров­тың «Алтын балық», Айгүл Ақсам­биеваның «Я тебя слышу», Рустам Отар­шин­нің «Чемодан», Сафуан Шай­­мерденовтің «Нұрлы жолда» және Жандос Құсайыновтың «Құт­ты қонақ» қысқаметрлі кар­ти­налары бар. «Positive» қыс­қа­метрлі фильмдер фести­валі бағ­дарламасына енген 10 кар­тинаның 6-ауы комедия жанрын­да түсірілсе, 4 туынды дра­­­малық сю­жетке құрылыпты. Атал­ған фильмдердегі басты рөл­дер­­ді Жал­ғас Толғанбай, Сан­жар Мә­диев, Ернар Жұматаев, Жа­нар Мақашева, Әбілмансұр Се­рі­ков, Ақмарал Танабаева бас­та­ған отандық актерлермен қатар, Өз­бекс­танның халық әртісі Мұрат Рад­жабов, Ресейдің халық әртісі, театр және кино актері Юрий Кузнецов, ресейлік танымал ки­но­актриса Ольга Кузмина, талант­ты қы­рғыз актері Әзиз Бей­шенәлиев және тағы басқа өнер майталмандары кейіптеді. 

«Режиссерлер жұмысы негі­зінен Ас­та­наның ең бір көрік­ті, позитивті сәттері сурет­телетін көріністері мен сәулетті де сәнді архитектурасын, жалпы бас қаламыздың бүгінгі рухани тынысын көркем тілде, яғни кино тілінде бейнелеуге бағытталды. Адамды ерекше әсерге бөлеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын сценарийлермен жұмыс жасадық. Әр фильмнің айтар ойы мен қамтитын сюжеті бөлек болғанымен, барлығына ортақ мақсат біреу. Ол – елді­гі­мізді, еңселі елордамыздың же­тіс­тіктерін дәріптеу», дей­ді жоба продюсері Сәбит Әбді­халықов. 

Рас, қысқаметрлі фильм – режиссер шеберлігінің шың­далып, шығармашылық қиял мүмкіндігінің нағыз сыналар тұ­сы. Ұзақтығы 2 сағатқа созылатын фильмдердегідей емес, бұл жерде айналдырған 15 минут уақыттың ішіне барлық айт­қың келген ойды сығымдап сыйдырып, кино тілін­дегі ықшам ғана, бірақ көр­кемдік қуаты толық­метрлі картиналардан титтей де кем емес дүние тудыру. 

Бас шаһар төріндегі «Қазақ­стан» Ор­талық концерт залында көр­сетілген 10 түрлі тақырыпта тү­сірілген дәл сонша фильмді кө­ріп, алуан ойдың жетегіне еріп, көрер­мен залынан түсініксіздеу сезімде шыққанымыз сондықтан болса керек. Бұл фестивальда да сауатты, оқиғаны шытыр­ман сюжетке құра алатын сценарийс­тер тапшылығымен бетпе-бет келдік. Астана дегенде сан­ау­­­лы ғана сюжеттің айналасы­на то­қайласқан фильмдерде оқиға көп, бірақ адамның кө­­ңі­лін қозғап, жан дүниесін әлем­­­тапырық күйге бөлейтін те­реңдік, есте қаларлық диалог аз. Әйтсе де бізді қуант­қаны – қазақ киносындағы сондай бір олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып «Positive» фестивалі секілді ауқым­ды жоба­лардың қолға алынуы. Атал­ған кино­байқау арқылы өнер әлемі болашақта қазақ киносының туын көкке көтеретін жаңа есім, тың талпыныстармен танысты. Әрине алғаш рет ұйымдастырылып, тұңғыш рет додаға түсіп тұрғаннан кейін де кейбір тұста кемшіліктің кетіп жатуы заңдылық және ол қауіп емес. Бастысы – фильм тү­­­сі­руге, кейіпкерлерін кино ті­лін­де сөйлетуге бағытталған тал­­­пы­­ныстың, алғашқы қадам­ның жасалғаны. «Positive» фес­тива­лінің басты позитиві де осында болса керек, біздіңше. 

Хош, сонымен өмір шын­дығын өнер биігінде бедерлеуге талпынған түрлі деңгейдегі жұ­мыстарды саралай келе, мамандар қатысушыларды арнайы аталымдар бойынша марапаттады. 

«Үздік фильм» жүлдесіне Ай­гүл Ақсамбиеваның режиссер­лік қолтаңбасында көрерменіне жол тартқан «Я тебя слышу» филь­мінің ұжымы ие болды. «Үз­дік актер» аталымындағы сый­­лық – Өзбекстанның халық әр­тісі Мұрат Раджабовқа бұ­йыр­са, Ғ.Мүсірепов атындағы ака­демиялық балалар мен жас­өспірімдер театрының актрисасы Жанар Мақашева «Үздік актриса», «Я тебя слышу» фильмінің актері Вилли Пылков-Вайдман «Екінші пландағы үз­дік актер» атанды. Сонымен қатар сарапшылар алқасының ше­шімімен «Ең үздік режиссерлік жұмыс» – «Сарбаз» фильмінің режис­сері Самат Әлімге, «Ең үздік операторлық жұмыс» – «Я тебя слы­шу» картинасының операторы Ринат Қосанға, «Ең үздік сценарий» – «Астана аспаны» филь­мінің сценарий авторы Нұр­­жан Тұтовқа, «Ең үздік по­зитивті фильм» – Бексұлтан Әнуа­ровтың «Алтын балық» туын­дысына, «Ең үздік монтаж» – Рустам Отар­шиннің «Чемодан» картина­сына, «Ең үздік суретші» аталымындағы жүлде – «Құтты қонақ» фильмінің суретшісі Еркен Сүлейменовке, «Ең үздік грим» аталымындағы сыйлық «Астана аспаны» фильмінің грим­деуші маманы Данияр Са­дығұловқа табысталды. Бұдан бөлек, «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» – Айдын Са­хаманның «Бақыт биі» картинасына, ал дебюттік жұмысы үшін «Арнайы сыйлық» «Нұрлы жолда» фильмінің режиссері Сафуан Шаймерденовке берілді. Сондай-ақ шетелдік қонақ актерлер Юрий Кузнецов, Владимир Моисеенко, Азиз Бейшенәлиев, Азамат Нығмановқа ұйым­дас­тырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ма­рапаттау рәсімінің соңында фес­­тивальдың құрметті қонағы бол­ған Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов жас ки­ногер­лерге сәттілік тілеп, ақ бата­сын берді. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»