Жүз мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 36,3-тен 28,8-ге, яғни 20,6 процентке төмендеді. Елімізде бұл көрсеткіш биылғы 8 айда 34,0 болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «2020 жылға дейін аурушаңдықты 100 мың тұрғынға есептегенде 50 жағдайдан асырмау» деген стандарты өңірде орындалуда. Биыл балалардың арасында да туберкулез бен одан болатын өлім-жітім екі есеге дейін кеміген.
Науқастар саны азайып, көрсеткіштер төмендеуінің алғышарты – денсаулық саласына жасалып отырған мемлекеттік қолдау екені мәлім. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін ескерте келе, тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажеттігін айтқан болатын.
Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылған істер және емнің сапалы, тікелей қадағалауда жүргізілуі, амбулаторлық деңгейде науқастарға емін үзбеу үшін ынталандыру мақсатында беріліп жатқан әлеуметтік көмек жоғарыда айтылғандай көрсеткіштердің төмендеуіне септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көзделген дәрілік заттармен қамтамасыз етуді жетілдіру бағытының да бергені мол. Нақты мысал ретінде Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде қолға алынған жаңашылдықтарды айтар едік. Бүгінде өңірде құрт ауруына шалдыққандар мерзімінен бұрын айығып жатыр. Оның бір дәлелі – үш жылдан бері хирургиялық ем қабылдап жүрген науқас үш айда оңалған.
Биыл қыркүйекке дейін 172 науқаста дерттің қайталануы байқалса, былтыр 8 айда 209 науқас тіркелуге алынған болатын. Қайталап емделген науқастардың үлесі ДДҰ стандарты бойынша 20 проценттен аспау тиіс болса, бұл көрсеткіш 16,8%-ті құрап отыр. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болатхан Сағымбековтің айтуынша, өткен жылы диспансерге «Денсаулық үшін серіктестіктер» деп аталатын америкалық қор апробацияға 45 науқасқа жететін жаңа дәрілерді тегін берген. Биыл қазан айында «Жаһандық қор» тағы 15 емделушіге препараттар сатып алып бермекші. Ал келесі жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі аталған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін болады.
– Өткен жылдың 15 желтоқсанында «Г» тобындағы науқастарды жаңа препараттар – бедаквилин, деломанид, линезолид, клофаземин, имипенем- целастатинмен емдеуді бастадық. Бұл топтағылар бірнеше жылдан бері бұған дейінгі емделудің барлық кезеңдерінен өткен, қолданыстағы дәрі-дәрмектерден жазылмаған ауру адамдар болатын. Ешқандай дәрі әсер етпесе де жұқпалы сырқаттарынан айықпаған оларды үйлеріне жібере алмаймыз. Хосписте жатады. Жаңа препараттардың нәтижесі бір айда байқала бастады. Конверсия болғаннан кейін, оңала бастаған науқастарды 4-6 айдан соң амбулаториялық ем қабылдауға үйлеріне шығардық. Олардан қоғамға ешқандай қауіп жоқ. Бүгінде үйлерінде жүріп, күнде жергілікті емханаларға, дәрігерлік пункттерге барып, дәрілерді үзбей қабылдауларын жалғастырып жатыр. Жалпы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша жаңа препараттармен ем қабылдаушылардың қатары 48-ге жетті. Соның екеуі жазылып шықты. Негізі биыл 45 сырқатты емдеу жоспарланған болатын, – дейді бас дәрігер.
– Бұл жаңа дәрілердің емдік әсері жоғары екенін біз тәжірибеде байқап отырмыз. Туберкулезге қарсы басқа дәрі-дәрмектер әсер етпей, 8-9 ай бойы конверсия болмай жатқан науқастар осы препараттарды қабылдағаннан кейін бір айдың ішінде оңала бастады. Үш жылдан бері хирургиялық ем қабылдап жүрген науқастың өкпесінің қабығында іріңді су жиналып, ешқандай дәрі көмектеспеген жағдайда жаңа дәрілерді қабылдап, бір айда жарасы жазылып, беті бері қарады. Үш айдан соң амбулаториялық емделуге шығарылды.
Мамандардың айтуынша, жаңа препараттармен емделуге процесс барысын үзбейтін тәртіпті пациенттер таңдалып алынған. Әйтпесе, үзілген емнің әсері оң болмайды. Жаңа препараттар науқасқа бұған дейінгі дәрі-дәрмектер әсер етпеген жағдайда ғана қолданылады. Онда да науқасқа қай дәрінің қалай әсер ететіні ашық айтылады. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 127 мейіргер жаңа дәрілерді ауруханада, емханада, үй жағдайында науқасқа беру, ішкізу тәртібін оқып, үйренген. Арнайы құрылған комиссияның бақылауымен практикадан өткізіліп тұрады. Олардан дәрі таратушы химизатор мамандары даярланған. Үй жағдайындағы пациенттер дәрілерді жексенбі күні де қабылдауы қажет болған соң бейнебақылау тәртібі енгізілген. Яғни науқас дәріні қабылдайтын уақытында смартфон немесе ноутбук, компьютер арқылы бейнежазбаға түсіріп, маманға жолдайды. Өйткені диспансер заңды демалыс күнінде химизаторға міндеттей алмайды. Бірақ дәрігер құпиясы болып табылатын бейнежазбаны ешкімнің таратуға құқы жоқ және ол бөгде азаматтарға көрсетілмейді. Ал бейнежазба жіберуге мүмкіндігі жоқ кейбір науқастарға үйлеріне апарып беріп, өз қолымен ішкізіп жүрген химизаторлар да бар. Осылайша диспансерде жаңа тәсілдер мен амбулаторлық емдеуді қолдану, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді жетілдіру оң нәтиже беріп отыр.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы