Технология • 05 Қазан, 2018

Ауылдарға сапалы интернет жеткізіледі

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шалғайдағы ауылдарға сапалы интернет жететін күн жақын. Астанада кеше 1 200 ауылға кең жолақты интернет жеткізу жұмысын орындау бойынша келісімге қол қойылды. Жоба мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылады.

Ауылдарға сапалы интернет жеткізіледі

Қазақстанның ауылдық елді мекендерін оптикалық-тал­шықты технология арқылы кең жолақты интернетпен қамта­масыз ету жобасын іске асыру бо­йынша Ақпарат және коммуни­кациялар министрлігі және «Қа­зақтелеком» АҚ пен «Silk­NetCom» ЖШС, сон­дай-ақ «Транстелеком» АҚ келісім­шартқа қол қойды. 

Қазақстанның үшінші жаңғыруы міндетін алға қойған Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың жедел технологиялық дамуын жүзеге асыру алдыңғы кезектегі мәселе екенін атап айтқан болатын. Осының негізінде «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы құрыл­ғаны белгілі.

Осы орайда, бірінші кезекте халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту мәсе­лесі қолға алынуда. Болжам бо­йынша бұл жоба электронды сауда-саттықты жандандыру, электрондық үкімет қызметтерін, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы интерактивті құралдарды енгізу есебінен ел дамуына елеулі әлеуметтік-экономикалық серпін беруі тиіс.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында арнайы байқау ұйымдастырған болатын. Байқау нәтижесі бо­йынша ауылдық елді мекендерге кең жолақты желіні жеткізу жұмысын «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ және «SilkNetCom» ЖШС компаниялары атқаратын болды. Аталған компаниялар елді мекендерге 20 мың шақырымды құрайтын талшықты желіні тартып бермек. 

«Мемлекет басшысы елі­мізді цифрландыру туралы нақты тапсырма бергені, соның негізінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Осы бағдарлама аясында ел аумағындағы ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету шаруасы қолға алынды. 

Біздің министрлік екі жылға жуық уақыт қажетті іс-ша­раларды атқарды. Бүгін қол қойылған келісім сол жұмыстың оң нәтижесі. Келісімге сай үш жылдың ішінде 20 мың шақы­рымдық талшықты-оптикалық желі құрылысы аяқталады. Яғни 2,4 миллион тұрғыны бар 1 200-ден астам елді мекен мен 3 жарым мың білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары және ауыл әкімдіктері сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі. Осылайша ауылдағы ағайын жаңа цифрлық қызметтерге қол жеткізеді. Олардың арасында электронды мемлекеттік қызметтер, телемедицина, қашықтықтан оқыту, электроны сауда мен тағы да басқа артықшылықтар бар», дейді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. 

Жоғарыда атап өтке­німіздей, ауылды кең жолақ­ты интернет қызметіне қосу ел экономикасын модер­ни­за­циялау ісін жеделдету мақсатындағы іргелі шара­лардың үлкен бір бөлігі. Осы­ның арқасында онлайн сау­да, мобильді банкинг, 3D-принтинг, денсаулық сақтау, білім беру сияқты басқа да маңызды салалар дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Министрлік мұрындық болған жоба 3 кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде, осы жылдың соңына дейін 105 мың адам жоғары жылдамдықты интернет қызметіне қол жеткізеді деп межеленген. Екінші кезеңде, 2019 жылы 1,2 млн адамды дәл осындай интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал жобаның қалған бөлігі 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақшы.

«Қазақтелеком» АҚ бас­қарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, ауыл-аймаққа қосылатын кең жолақты интернет қаладағы байланыспен баға жағынан да сапа жағынан да деңгейлес болады. Биылғы жылы ең алдымен 7 елді мекенге желі тартылады. Жиын соңында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Д.Тұяқов пен «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «SilkNetCom» ЖШС басшылары келісімшартқа қол қойды.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше