Парламент • 06 Қазан, 2018

Қуаныш Сұлтанов: Халық күткен мәселелер қамтылды

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қуаныш Сұлтанов: Халық күткен мәселелер қамтылды

Бүгінгі Жолдау бұған дейінгі халыққа арналған Жолдаулардың заңды жалғасы деп білемін. Онда халықтың тұрмысын жақсартуға, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне қатысты айтылған маңызды мәселелер қамтылды. 

Президенттің осы жолғы Жолдауы бұған дейінгі әлеуметтік жобалардың жиынтығындай болды. Елдің тыныс-тіршілігіне қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Топтастырып айтар болсақ, әлеуметтік ахуал, халықтың тұрмысы, зейнатақысы, еңбекақысы, жалпы күнкөрісі, қауіпсіздігі, оған қоса инфрақұрылымды дамыту сынды маңызды дүниелердің барлығы сөз болды. Мысал ретінде айта кетер болсам, балабақша мен мектептердегі балалардың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне жүйелі түрде көңіл бөлуге ерекше екпін беріліп отыр. Жалпы, осы Жолдауда білім беру сапасы, жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігі, олардың қоғамда сұранысқа ие болуы туралы көп дүниелер айтылды. Қазір жастар үшін оқу бітіріп, диплом алып шығу аздық етеді, олардың білімі мен қарым-қабілеті елімізде және халықаралық деңгейде сұранысқа ие болуға тиіс. Бұл заманның алға қойып отырған талабы. 

Мемлекеттік аппараттардың жауапкершілігі, мәселен құқық қорғау органдарының таза жұмыс істеуі, соттар мен прокуратураның заңды қатаң сақтауы да өте маңызды деп санаймын. Сот саласын мүлде тазарту керек, судьяларға қатысты айтылып жүрген түрлі әңгімелердің бәрінен бұл саланы арылту қажет. Осы айтылғандардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. 

Мемлекет басшысы әрбір мем­лекеттік қызметкер, әрбір учас­келік полицей Президенттің елдің арасындағы өкілі екенін айт­ты. Шынында да дәл солай. Егер адам­дардың бір нәрсеге көңілі толмаса, жергілікті мемлекеттік қызметкерлер оның айтқан шаруасын шешіп бере алмаса, онда жұрт арасында мемлекеттік деңгейде жұ­мыс дұрыс жасалмаған деген пікір туындауы мүмкін. Бүгін Елбасы екі сағатқа жуық сөзінде осы айтыл­ған мәселелердің бәрін қамтыды. Салиқалы, мазмұнды әңгіме болды, біз күткен дүниелер айтылды. Көкейде жүрген сауалдардың барлығына қанағаттанарлық жауап алдық. 

Қуаныш СҰЛТАНОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты