Аймақтар • 06 Қазан, 2018

Атырауда «Атырауда жасалған» атты алғашқы бизнес-форум өтті

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шараға Қазақстанның  өңірлерінен 300-ге жуық кәсіпкер мен тауар өндіруші қатысты, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырауда «Атырауда жасалған» атты алғашқы бизнес-форум өтті

Шара Елбасының кезекті жыл сайынғы Жолдауының аясында өткізіліп, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталды. Форумға Атырау облысының шамамен 300 кәсіпкері, сондай-ақ Қазақстанның көршілес өңірлерінің кәсіпкерлері қатысты.

Шараға қатысушылар жергілікті қамту, мемлекеттік қызметтерді және мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті цифрландыру мәселелерін талқылады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өздерінің алғашқы жобаларын ұсынуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алуға мүмкіндік алды. Форуммен қатар жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды, оған 32 компания қатысты.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың айтуынша, форумның алдында қатысушылар тыңдаған Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында отандық кәсіпкерлікті, халық тұтынатын тауарларды өндіруді, импортты алмастыруды, сондай-ақ дамыған елдердің барлық еуропалық стандарттарына сәйкес келетін өнімдерді экспорттауға үлкен көңіл бөлінді. Серік Шапкенов кәсіпкерлерді «қарапайым заттар» экономикасын дамытуға шақырды. Бұдан басқа, бизнес үшін қуатты серпін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін салық амнистиясын енгізу болмақ.

«Қазақстандық қамту» мәселесіне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті өндірушілерге жоғары талаптар қояды және өндірісте жергілікті өнімдер мен тауарларды пайдаланудан жиі бас тартады.

- Жергілікті қамту үлесіне Атырау облысының әкімі әрқашан үлкен көңіл бөлді. Қазір жағдай келесідей: инвестор келіп, жобаны іске асыру үшін бізбен келісімшарт жасасқан кезде, оның өндірісте пайдаланылатын материалдардың сапа стандарттарын қоса алғанда, тиісті талаптары бар. Көбіне жергілікті өндірушілердің тауарлары жоғары сапа стандарттарына сәйкес келмейді және материалдарды шетелден сатып алуға тура келеді. Өнімдердің сапасы еуропалық деңгейден кем түспейіндей болатындай етіп инвесторлардың сеніміне ие болу керек. Екінші жағынан, менің ойымша, қазақстандық қамту патриотизмнен басталады. Отандық тауарларды өзіміз қабылдап,  ұнатып, күнделікті өмірде пайдалануымыз керек. Тек содан кейін қазақстандық қамту мәселесі артта қалады », - деді форумның қатысушыларына Серік Шапкенов.

Форумның жұмысы күн бойы жалғасты, пленарлық отырыстар аралығындағы үзілістерде бизнесмендер визиткалар алмасуға, жаңа таныстар мен байланыстар жасауға, сондай-ақ Қазақстанның басқа аймақтарынан келген кәсіпкерлердің бизнес жүргізу тәжірибелерін үйренуге мүмкіндік алды.