Аймақтар • 06 Қазан, 2018

Маңғыстауда үздік ұстаздар марапатталды

686 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен ұстаздар күніне арналған салтанатты жиналыс өтті.

Маңғыстауда үздік ұстаздар марапатталды

Шара барысында өңір басшысы 2 мұғалімді «ЫбырайАлтынсарин», 5 мұғалімді «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттады, тағы 7 ұстаз облыс әкімінің алғыс хаттарын алды. Сондай-ақ, Маңғыстауда екінші рет өткізіліп отырған «Білім үздігі-2018» конкурсының марапаттау рәсімі өтті. 18 номинация бойынша 142 мұғалім, 20 білім ұйымы қатысты. 12 номинацияға 500 мың теңге, «Жыл мұғалімі» номинациясына және 5 білім ұйымына 1 миллион теңге сыйлықақы табысталды. Ал "Жыл мұғалімі" финалистіне өңір басшысы тосынсый ретінде қосымша 500 мың теңге сыйақы тағайындады. Биылғы жылдың үздік ұстазы жаңаөзендік Раметулла Злиха атанса, ақтық сынға дейін жеткен есім Тілектес Серікбайқызы болды.

Е.Тоғжанов күні кеше Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту мәселелерін қамтыған жаңа Жолдауын халыққа жариялағанын атап өтті.

Келесі жылы «Педагог статусы туралы» Заң қабылдау жөнінде тапсырма бергенін барша ұстаздар қауымы зор ықыласпен қабылдады. Бұл – педагогтар үшін ерекше қамқорлық пен қолдау деп білеміз. Білім саласына, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға ерекше көңіл бөлу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою, оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдарға 50 млрд. қаржы бөлу жөнінде айтылды, деді өңір басшысы.

Биыл облыстық білім саласында ауқымды шаралар атқарылды. Бір жылдың өзінде облыста 9 мектеп іске қосылып, халықтың игілігіне берілді. Ақтау қаласындағы №29 жаңа білім ордасы смарт-мектеп болып ашылды.  Онда STEM-лаборатория,смарт-жылыжай, галографикалық ақпараттандыру бұрыштары, чип арқылы оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалау жобалары енгізіліп, облыс мектептерінде 17 ІТ сыныбы, 25 жылыжай ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін педагогтардың 75 пайызы біліктілігін арттыруға, облыс мұғалімдерінің 80 пайызының жалақыларына үстем ақы қосылды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы