06 Қазан, 2018

Астанада «проблемалы пәтерлер» азайып келеді

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қаласы әкімнің орынбасары Сергей Хорошун бас қаладағы басы дауға қалған бірнеше тұрғын үй нысандарын тексеріп, құрылыс компанияларына тиісті ескертулер жасады. Мәселен, ЕХРО қалашығында орналасқан «ЕХРО New Life» тұрғын үй кешені көздің жауын алардай сәулеті болғанымен, қоныс тойын тойлағалы отырған пәтер иелерін әуреге салған.

Астанада «проблемалы пәтерлер» азайып келеді

Бұл жөнінде С.Хорошун: «ШанХиГрупп» ЖШС тұрғын үй құрылысы тәртібін өрескел бұзғандықтан әрі үлескерлердің талабы бойынша бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда бірден қаралды. Өздеріңіз көргендей, бұдан бірнеше ай бұрын құрылыс жұмыстары пысықталмастан эксплуатацияға берілген. Үлескерлердің ішкі істер департаментіне шағымдануымен құрылыс компаниясы қателіктерін түзетуге міндеттелді. Шамамен бір айдан кейін бұл тұрғын үй кешені толықтай пайдалануға дайын болады деп отырмыз, дейді.

Бұдан кейін Астана қаласы әкімінің орынбасары «Памир» тұрғын үй кешеніне ат басын бұрды. С.Хорошунның сөзіне сүйенсек, бұл нысанды салушы компания бұдан 1,5 жыл бұрын құрылысты аяқтауға тиіс болған. Қаржы жағынан қиындыққа тап болған «Политренд» ЖШС үлескерлердің үмітін ақтамай, ең соңында бұл мәселе ведомствоаралық комиссияның назарына ілінген.

- «Памир» тұрғын үй кешені орталықтандырылған жылу жүйесіне әлі толық қосылмаған. Күн суып келе жатқандықтан, құрылыс компаниясына бүгін соңғы рет ескерту жасадым. Басқа да қандай кемшіліктер бар, бәрін оңтайландыруға 2 апта уақыт беріп отырмыз, - дейді қала әкімінің орынбасары.

Алғашында 9 қабат деп жоспарланған «Жаңа Көктал» тұрғын үй кешені 5 қабатты болып бой көтергенде құрылыс компаниясы мен үлескерлер арасында түсініспеушілік пайда болса, ол мәселе де қаланың бас сәулет жоспарын жасаушы мамандардың арқасында оң шешімін тауыпты. Жылыту, су құбыры және электр-энергия жүйесі бір қалыпқа келтірілген тұрғын үй кешенінде бір айдан кейін бірнеше отбасы қоныс тойын тойламақ. Сонымен қатар, «Абайдың 150 жылдығы» тұрғын үй кешені де қараша айының соңына дейін толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Соңғы аталған қос бірдей тұрғын үй кешені былтыр істі болған «Төленді» құрылыс компаниясына тиесілі болатын.

- 2017 жылы Астана қаласы бойынша проблемалы 62 құрылыс нысаны тіркелсе, ведомствоаралық комиссияның құрылып, іске кірісуімен олардың саны азая бастады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бірқатар тегеурінді жұмыстар атқарылып, биылғы жылдың басында проблемалы объектілердің саны 52 болса, қазір 29 тұрғын үй кешенінің мәселесін бақылауда ұстап отырмыз. Оның 28-інің жұмысы ведомствоаралық комиссияның қадағалауынсыз жүрмейтініне көз жеткіздік. Сондықтан, бір-екі апта сайын аталған объектілерді жіті бақылап, үлескерлермен де кездесіп тұрамыз, дейді қала әкімінің орынбасары С.Хорошун.