24 Ақпан, 2010

ҰСТАЗ

1580 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Ұстаз туралы ұшқары, піспеген пікір айту – қай кезде де, қай шәкірттің де азаматтығына сын болған, бола да береді. Өйткені, ұстаздың үлкен-кішісі һәм жақсы-жаманы жоқ. Ұстаз барлық уақытта өз биігінде, өз тұғырында қала беретін текті тұлға! Осынау азды-көпті өмір сүрген кезеңде көптеген ұстаз алдынан өттік, айтқан ақылын тыңдадық, сөзін көңілге тоқыдық, білме­ге­німізді біліп, кемшілігімізді түзедік. Олардың қай-қайсысы да көкірек сарайымызда осы күнге дейін жар­қырай жанып, жол сілтеп, бағыт-бағдар ұсынып, болашағымыздың бағдаршамы болып келе жатқаны да айдай ақиқат. Бұл күнде өткенге ой жіберіп, арғы-бергіні таразылай бастасам, есіме ұлағаты мол ұстаз – Әбіл­файыз аға түседі. 1974 жылы әсем қала Алматыға келіп, ұлттық уни­верситеттің журналистика факуль­тетіне оқуға түскенде біз тіпті бала едік, әлі оң-солымызды да танып үлгермеген кезіміз ғой. Міне, сол шақта бізге тікелей куратор болған ұстаз – осы Әбілфайыз Ыдырысов еді. Бүгін ойлап қарасақ, одан бері де талай уақыт зулап өте шығыпты-ау! Әлі есімде, ол кісі бізге “Газетті безендіру сыры” деген тақырыпта лекция оқыды. Ол кезде, шынын айтайыншы, бұл сала бізге анау айтқан қызық көрінбейтін. Одан гөрі ана мүйізі қарағайдай Б. Кен­­­жебаев, З. Қабдолов, Т. Қожакеев секілді профессорлардың көркем әдебиеттің қыр-сырын аша сөз ететін лекциялары өте тартымды естілетін. Б. Кенжебаев атақты “Абай жолы” роман-эпопеясының алғашқы кітабы 1942 жылы қалай жарық көргенін тамылжыта сөз етсе, З. Қабдолов көркем әдебиет­тің “ардың ісі” екенін тізбелеп, ал Т. Қожакеев сатираның “қуаттылар қаруы” екенін жеріне жеткізе әңгімелеп, бәрімізді таңғалдырып, таңдай қақтыратын. “Шіркін-ай, біз де осы кісілер сияқты болсақ қой, әдебиеттің білгірі бола алсақ қой” деп армандаушы да едік. Арада аз уақыт өтпей-ақ Әбіл­файыз аға өзінің шешендігімен һәм өте қарапайым мінезімен бізді өзіне тартып әкетті. Әсіресе, газетті басу ісіндегі “жоғарыдан басу”, “төме­нінен басу”, “деңгейінен басу” деген терминдерді айтқанда, бізбен бірге күліп алатын, бізді де күлдіріп қоятын. Кейін түсініп жүрміз ғой, кез-келген басылымның әсем, әс­ер­лі, тартымды болуы – оның безен­ді­рілуіне көп байланысты. Бұл рет­те Әбекең осы саланың ең біл­гірі деуге әбден болады. Ол кезде аға туралы, оның өт­кен өмірі жайлы білген жоқпыз. Бі­луге талпынбаппыз да. Бүгін қарап отырсам, Ә. Ыдырысов үлкен өмір жолынан өтіп, осындай дәрежеге жеткен екен. Бірақ, ол кісіге қа­ра­саңыз, қиыншылық көріп, қажыған жан секілді емес, үнемі жайдары кейіпте, күліп жүретін. Еңсең түсіп, болмашыға бола қайғыланған сәт­теріңді көрсе, жаныңа жігер беретін. Осы бізге “Лениншіл жас” га­зе­тінде істеп жүрген кезінде әлі есімі көпшілікке онша таныс емес қырғыз қаламгері Шыңғыс Айт­матовтың “Жәмила” хикаясын екі-үш нөмірге басып шығаруға тікелей араласқанын мақтана айтушы еді. Атақты М. Әуезов жас қаламгердің талантын дөп басып, оның бұл шығармасының қазақ тілінде жа­риялануына ықпал етіпті. “Расында да” – дейді Әбілфайыз аға. – “Сол “Жәмила” жарияланған газет нө­мерлері қолдан-қолға өтіп, оқыр­мандар ықыласына ие болған еді. Бұл біз үшін де аса үлкен қуаныш болды”. Осы әңгімені айтып отырғанда Әбекең бізге атақты Ш. Айтма­товтың аралас-құралас досындай, оның бар құпия сырын білетіндей болып елестеп кететін. Одан сайын қызыға, құныға сұрай беретінбіз. Оның өз әңгімелерінен ұққа­ны­мыз, “Қазақстан пионері” газетінің редакторы қызметін атқарған екен. Сол жылдарда республиканың түкпір-түкпірінен жас тілшілер мен журналистикаға қызыққан жас жеткіншектер туындыларына газет­те молынан орын берілуіне де мол еңбек сіңірген болса, кейіннен оқы­тушылық қызметке біржола бет бұрыпты. Сөйтіп, ол көп ұзамай канди­даттық диссертация қорғайды. Ал 1990 жылы оған докторлық дис­сертация қорғаусыз-ақ универси­тетке сіңірген педагогтік еңбегі, жазған оқулық, оқыту, әдістемелік құралдары үшін Кеңес Одағының ғылыми жоғары аттестациялық комитеті шешімімен профессор ғылыми атағы берілген екен. Әбілфайыз Ыдырысұлы бұл күнде республикаға аты танымал публицист-журналист. Оның қала­мынан туған сегіз жүзге жуық пуб­лицистикалық мақалалары мен очерктері түрлі газет-журнал бетте­рінде, публицистикалық және очерктік жинақтарда жарық көріпті. Ол “Егемен Қазақстан” газеті жариялаған очеркшілер байқауы­ның жүлдегері. Публицист-қалам­гер ре­тінде оның “Әуезовке іңкәр­лік”, “XXІ ғасыр өркениет өрі­сіне” атты кітаптары бар. 2000 жы­лы ба­сылып шыққан “Болашағы­мыз өр­ке­ниет өрісі” атты кітабында Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың ғылыми-стратегиялық мәнді туындылары жайында ой толғап, XXІ ғасырда Қазақстанның қол жет­кізер мәдени өркениетінің жар­қын болашағына батыл барлау жасады. Әбілфайыз Ыдырысұлы – зер­делі зерттеуші, үлкен ғалым. Оның қазақтың шынайы тарихы мен өркениетінің дамуына және хал­­­­­­қымыздың өзіндік тілінің қалып­та­суына қатысты әрқайсысы моно­графиялық мәнді ондаған ғылыми мақалалары бар. Бұл орайда Ә.Ыды­рысовтың “Шумер­лер-түр­кі­лермен тектес халық. Олар қазақ­тың да тек қиялы”, “Адамзат мә­дениетінің өркені”, “Қарақай­лыны билеген қазақтар”, “Қазақ­тың ат­та­ры беймәлім патшалары, баспа­герлері” “Skun касак-көсем қа­зақ”,  “Терең тарихтың өш­пес ізі”, “Ахаң мен “Қазақ” газеті жайлы ақиқат” сияқты зерттеулерін атауға болады. Педагог-ғалым Ә.Ыды­рысов “Жарты ғасыр жолда” (Қазақстан журналис­тика­сы тарихының очеркі, ав­торлар ұжымымен), “Газетті бе­зендіру сыры”, “Редактор мен кор­ректорға көмекші”, “Фо­тотерім”, “По­лиграфия өн­дірісі”, “Полигра­фиялық бү­гінгі замандық жаңа техника”, “Шағын офсеттік ма­шиналар және оларда жұ­мыс істеу” (Ви­ноградов және Жуковпен ав­торлықта) секілді бір қатар оқу­лықтар­дың және көптеген оқу құрал­дарының авторы екенін де атап өтуге тиіспіз. Ол республикада баспасөз өнім­дерін безендіру ісі мен қазақ очеркі жанрының теориясын алғашқы­лар­дың бірі болып негіздеуші. Тұңғыш рет осы пәндердің ғылыми негізді бағдарламаларын жасауға күш салған жан. Әбілфайыз Ыдырысұлы ардагер, қарт ұстаз-педагог. Ұзақ жылдан бері Қазақтың ұлттық мемлекеттік университетінде үздіксіз дәріс беріп келеді. Оның алдынан республи­камыздың бұқаралық ақпарат құралдарының, әдебиет-мәдениет­тің мыңдаған майталмандары тә­лім-тәрбие алған. Оның осы өл­шеу­сіз еңбегі ескеріліп, универси­теттің 75 жылдығына орай, Әл-Фараби алтын медалі берілді. Ол қоғамдық жұмысқа да белсенді қатысқан ардагер. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Журна­листер одағының Алматы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары болды, Алматы қалалық бөлім­ше­сінің очеркшілер секторын бас­қарды. Көп уақыт Журналистер ода­ғының Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті жанындағы бастауыш ұйымына жетекшілік жасады. Сондай-ақ ол 1970-1980 жылдары журналистика факультеті деканының оқу істері жөніндегі орынбасары болғанын да білеміз. Ә.Ыдырысов қарымды жазушы, белгілі қаламгер. Оның қаламынан “Таңшолпан” атты төрт кітапты ро­ман-хикая, “Аңсаған менің ән­імсің”, “Айшаның ғашығы”, “Ақ­сүйрік”, “Боздақ”, “Кер бұ­зау­дың өлімі” атты деректі повестер, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Серке Қожамқұлов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қал­даяқов жайлы әр салалы новел­ла­лар туды. Бұл новеллалар “Біртуар­лар болмысы” атты жинақта жарық көрген. Сондай-ақ, ол Төлеген Тә­жібаев, Өмірбек Жолдасбеков, Зей­нолла Қабдолов, Кәкімжан Қазы­баев, Сапар Байжанов, Камал Смай­ылов сияқты аяулы азаматтар жайлы алпысқа жуық естелік- эссе­лер жазған. Ұстаз ағамыз Ұлы Отан соғы­сының да зардабын шеккен азамат. Ол еліне сіңірген еңбегі үшін “За доблестный труд в Великой Оте­чественной войне в “1941-1945гг.”, “50 лет Победы Великой Отечес­твенной войне”. “За освоение целинных земель”, “Тыңға 50 жыл” және “Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуына айрықша үлесі үшін” алтын медальдарымен, Қазақстан Республикасының грамоталарымен марапатталды. Қарт ұстаз “Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері” атағына ие болды. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының лауреаты. Жас ұлғайған шақта қолға қалам алып, көркем прозаға кірісу екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іс. Ондай жүректі қаламгер тек қазақта емес, әлем әдебиетінде де саусақпен санарлық десек, біздің сүйікті ұста­зымыз Ә. Ыдырысов жасы алпыстан асқан соң, көркем шығарма жазуға отырып, төрт кі­тапты “Таңшолпан” романын дү­ние­ге әкелді. Бұл, бір сөзбен айт­қанда, өмірді шын сүюді һәм мөл­дір махаббатты жырлаған шығарма. Мұны әрбір жас өте сүйіп оқитыны да содан. Әбекең­нің ақыл тоқтатқан жаста өзі аса құрметтейтін М. Әуе­зов ту­ра­лы “Әуезовке іңкәрлік” де­ген ғы­лыми-эссе кітабын жазғаны да үлкен ер­лік. Мұнда ол ұлы қа­лам­гер­дің кейбір біз білмейтін қырла­рына тал­дау жасап, жеріне жеткізе баян ете­ді. Бұл еңбек Әуе­зовтануға қо­сыл­ған сүбелі үлес деуге әбден болады. Міне, осы еңбектерінің өзі-ақ Әбекеңді қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі деуге негіз бола алатынын атап айтқымыз келеді. 1979 жылы біздің курс журна­листика факультетін аяқтап, әрқай­сымыз әр жаққа жолдама алып кете бардық. Ең соңғы қоштасу сәтінде Әбіл­файыз аға толқи тұрып: – Сендер енді кәсіби журна­лист болдыңдар, тек бір өтінішім – барған жерлеріңде оқыған оқу орнының атына кір келтірмеңдер, – деп еді. Бұл ұстаз-ағаның ақ тілегі ғана емес, өз ісіне деген адал ниеті мен ыстық ықыласы болатын. Арада 30 жыл уақыт өтті. Оқу бітіріп кеткен соң, ағамызбен оқта-текте хабарласқанымыз болмаса, тым жиі кездесуге де мүмкіндік бола бермеді. 2009 жылдың аяқ кезінде біздің курстың қыз-жігіттері универ­си­тетті бітіргеніміздің 30 жылдығын атап өткен. Той төрінде – Әбіл­файыз аға жұбайы Заря Нұржанова жеңгеймен бірге отырды. Осы күні біз тағы да өзімізді жас жігіттер мен қыздардай сезініп, ағаға еркелеумен болдық. Әбілфайыз аға да аса толқулы сәтті бастан кешірді. Оны сөйлеген сөзінен, айтқан тілегінен байқап отырдық. Денсаулығы анау айтқандай болмаса да ағамыз бізбен қоштас­қысы келмей, түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрдық. Курстас бір жігіт: – Ағай, сіз қандай бақытты әкесіз, ұлыңыз Ерлан Сыртқы істер министрі болды ғой, – дегенде, ағамыз: – Ол баланың әлі де білгенінен білмегені көп, айтулы қызметкер болып қалыптасу үшін өмір бойы ізденіп өту керек, – деп жауап қайырды. Сол әңгіме үстінде басқа топта оқыған бір ақын досымыздың баяғыда оқудан шығып қалғанын, сөйтіп, ұзақ жылдар бойы қинала жүріп, дипломды әзер алғанын естіп, “қап, мен оны сол кезде білмеген екенмін, қалай естімедім” деп шынымен өкініп отырды. Кісілік деген не? Ол сірә, ең алдымен – кішілік! Өзіңді қандай жағдайда да қара­пайым ұстап, жұртшылық арасында емін-еркін отырып, әңгіме айта білу, тыңдай білу һәм тыңдата білу. Мен Әбілфайыз ағаға қарап, сол кісілік деген өмір формуласының бір белгісін аңғарғандай болам. Ол мы­на жарық дүниеде жақсы ұстаз бо­лам деді – болды; мына жарық әлем­де – жақсы әке, жақсы жар бо­лам деді – болды; мына фәни жал­ғанда ғалым болам деді – бол­ды; қолына кештеу болса да қалам алып, жазушы болуды мақсұт етті – болды... Енді, міне, ұлт ақсақалы дәре­же­сіне де жетті. Ол кісіні тек уни­вер­ситет ұжымы ғана емес, барша қазақ құрмет тұтады десек, еш артық айтқандық емес. Бір нәрсенің басы ашық. Кі­сі­лік күретамыры ұстаз, білікті ға­лым, талантты жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың бойында бар. Сол күретамыр арқылы ол кісінің адамдарға деген ыстық ықыласы да бүлкілдеп соғып тұр. Жолтай ӘЛМАШ, жазушы. ЗАМАНҒА САЙ ЗАМАНДАС Әшімжан Сүлейменұлы зиялылар отбасында дүниеге келді. Жансарайы рухани тұрғыдан өте бай бұл шаңырақ перзентіне ең жақсы қасиет – білімге деген құштарлықты, өнерге деген сүйіспеншілікті үйретті, тапсырылған жұмысқа жауапкершілік сезімін еселей түсті. Ол келе-келе туған Отанына деген ыстық махаббатқа ұласты. Ол үлкен отбасының шаңырағынан түлеп ұшқан түлек болатын. Зерек ақылы қайсар мінезімен ұштасып жататын. Бала болса да пікірі үшін тік тұрып, күресе білетін. Пәндердің ішінде оны химия қызық­тыратын. Ғылымның ғылымы математиканы жақсы көретін. Әдебиетті де қызығып оқи­тын. Оқитын дегеннен шығады, ол өте көп оқитын. Мектепте жүргенде-ақ қазақ, орыс, шетел классиктерінің танымал шығар­маларымен таныса бастады. Міне, осының бәрі оның өміріндегі маңызды белес болды. Алған білім, жиған тәжірибе, отба­сын­дағы жанына жақын қалыптасқан жақсы дәстүрлер оны Санкт-Петербург (Ленин­град) химия-технологиялық институтына алып келді. Таңдаған мамандығы – ин­женер-химик-технолог. Елден жырақ жүрген соң күн-түн демей білімін ұштады. Білікті оқы­мыстылары мол білім ордасының қоғамдық жұмыстарына белсене араласты, студенттер­дің ғылыми конференцияларында баянда­малар жасады. Достар тапты. Лениндік шәкіртақының иесі атанды. Сөйтіп, көп ұзамай жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықты. Ресейдің үлкен қаласында қалып, қызмет етуіне де болар еді, бірақ елінің ел­­гезек пер­зенті Отанына оралып “Химпром” зауытына қарапайым аппаратшы болып орналасты. Арман-мақсаты зор адам өмір бойы бір орнында тұрақтап қалмайды. Көп ұзамай оны Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты қызметке шақырды. Сенім көрсеткен – Марс Фазылұлы Үркімбаев. Оның басқарушылық қабілеті осы білім ордасында жүргенде анық байқала бастады. Басқару жұмысы – мәліметтерді есте сақтауды, оны ойда ұшқыр қорытып, жүйеге келтіруді, сөйтіп тез арада шұғыл шешім­дерді қабылдауды қажет ететіні белгілі. Міне, осы сегіз қырлы, бір сырлы қасиетті жетік меңгеріп шыққан кешегі студент және “Химпромның” аппаратшысы Әшімжан Сүлейменұлы өзінің білікті оқытушы, талапты басшы, жақсы ұйымдастырушы екенін де іс жүзінде көрсетіп, көп ұзамай комсомол комитетінің хатшысына айналды. Дегенмен, ғылымға деген құштарлық оның негізгі қырларының бірі болып қала бергендіктен Санкт-Петербургке қайта аттанды. Еңбекқорлық жас ғалымды көп ізденуге итермеледі. Достарының сөзіне қарағанда Әшімжан аспирант кезінде жұмыс күнін дұрыс ұйымдастырып, көп нәрсеге үлгеруге тырысады екен. Мәдени және ғылыми өмір ауыл баласы деген түсінікті түбегейлі өзгертті. Тек орыс­тардың ғана емес, бүкіл әлемдік мәдениеттің маржаны жинақталған Санкт-Петербургте ғылым жолын қуу оны жан-жақты білімі мол зиялы қауымның санатына қосылуға тәрбиеледі. Театрлар (бұл Санкт-Петербургте театр өнері шарықтап тұрған уақыт еді), мұрағаттар, мұражайлар, концерт залдары, кітапханалар жандүниесін байытты, рухани сұлулықтың сан қырлы сырларына ынты­қтырды. Ол сахнаға шыққан спектакль атаулыны түгелге жуық көретін, музыкалық шығармаларды жан-күйімен түсінуге тырысатын, авторлық көзқарасқа сый-құрметпен қарайтын. Өнер әлеміндегі жаңалықты өз ой-өресі арқылы бөлек талғап, ерек таразылайтын. Санкт-Петербургтегі М.Салтыков-Щедрин атын­дағы және ғылым академиясы кітапхана­лары сияқты жетекші рөл атқаратын ең ұлық кітапханалардың тұрақты оқырманы болды. Құрамында мыңнан аса мүшесі бар жас ғалымдар ке­ңесінің төрағалығына сайланды. Қазақ­стандық жастың суреті сол кезде ең көне институттарының бірі Лен­совет атындағы ЛТИ-дің даңқ тақтасында тұратын. Әшімжан Сүлейменұлы – экология бойынша алғаш рет докторлық қорғаған ғалымдардың бірі. Осы диссертациядан кейін де оған Нева жағалауындағы ғажайып қалада қалып, қызмет, лауазым тұрғысынан тамаша секіріс жасауына болатын еді. Бірақ ол қанша биікке көтерілсе де қазақ жұрты, қазақ зиялыларының ортасы өзіне қайта-қайта тарта беретінін сезді. Ең бастысы, сол нәзік сезімге адалдық таныта білді. Өйткені, ол қазақ зиялыларының шын өкілі ретінде, нағыз ғалым ретінде, нағыз патриот ретінде бар жиған-терген теориялық және практи­калық білімін, тәжірибесін өз Отанын өркендету үшін сарп етуге тырысты. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ елі көптеген қиын кезеңдерді бастан өткерді. Тәуелсіз мемлекет ретінде енді ғана таныла бастаған елді экономикалық және әлеуметтік тығырықтан алып шыға алатын кәсіпкерлер, зиялылар ауадай қажет еді. Осыны жан-тәнімен түсінген Әшімжан туған жерге ту тігіп дегендей, “Казфосфор” ассоциациясы төрағасының орынбасары, “Қаратау” холдингтік компаниясының вице-президенті жұмыстарын белсене атқарды. Бұл – зауыттар мен фабрикалардың, кәсіп­орындар мен мекемелердің жұмыстары тоқ­тап, қаражат қысып, жалақы бойынша қа­рыз­дардың қауырт өсіп жатқан кезі болатын. Бұдан елдегі фосфор өнеркәсібі саласы да айналып өте алған жоқ. “Казфосфор” ұжымының жұмысын тоқтатпау, білікті кадрларды сақтау, әлеуметтік қайшылық­тардың қарқынын бәсеңдету үшін мекемеге жаңа тұрпаттағы жаңа басшы керек болды. Қазір бүкіләлемдік қаржы дағдарысына байланысты экономика саласында “дағда­рыс менеджері” деген термин шыға бастады ғой. Міне, сол қиын жылдары біздің қаһар­манымыз нағыз дағдарыс менеджері ретінде қалыптасып, өзіне тапсырылған міндетті тамаша атқарып шықты және “Казфос­форды” талапайға түсуден аман алып қалды. Кезінде Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты партия ұйымының хатшысы болған Әшімжан Сүлейменұлы ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13-шақырылымында депутат болып, Өнеркәсіп, энергетика және байланыс комитетінің және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бірінші шақыры­лы­мында Экология және табиғатты пайда­лану комитетінің төрағасы қызметтерін атқар­ды. Депутат болып жүргенде, негізінен, эко­логия және табиғатты пайдалану мәсе­лелеріне арналған бес заңнамалық актінің бастамашысы болды. Және бұл мәселеге өте жауапкершілікпен қарады. Парламенттегі жұмыс тәжірибесі ҚР Президенті жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясында ректор қызметін атқарғанда көп септігі тиді. Бұған дейін вице-министр, Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры болды. Ал 2006 жылдан бастап Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универ­ситетінде ректор болып абыроймен қызмет атқарып келеді. Оны бұл жауапты жұмысқа Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың келісімімен тағайындады. Өйткені, ел болашағының кепілі болып саналатын Елбасы ғылым мен білімді өркендетуге, инновациялық технология­ларды жетілдіруге байланысты ойларын әрдайым айтып келеді. Бұл туралы биылғы Жолдауында да баса айтты. Сондықтан ғылыммен түбегейлі айналысып, жаңа ізденістерге бара алатын оқу ордаларының басында Әшімжан сияқты ғалымдардың отырғаны абзал деп шешкен сияқты. Әшімжан Сүлейменұлы 2 монография­ның, 200-ге жуық ғылыми мақала мен күрделі тыңайтқыш алуға арналған үш өнерта­быстың авторы. Педагогикалық қызметті де маңызды деп есептейді. Білім беру сала­сын­да да айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министр­лігінің вице-министрі қызметінде жүріп, көптеген өркениетті елдерді аралап, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының тәжіри­бесін зерттеді. Бұл Қазақстанның жоғары мектебі қиын кезеңдерді бастан өткізіп жат­қан тұс еді. Бұрынғы білім беру жүйесі зама­науи талаптарды қанағаттандыра алмады. Сол сәтте көптеген қазақстандық ЖОО-ның жағдайы сын көтермейтін. Соның бірі Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік универ­ситетін аяғынан тұрғызды. Қазақ­стан­да ЖОО ішінде алдыңғылардың бірі болып аттес­тация мен аккредитациядан өтті. Еңбек сіңірген мұнайшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С. Асылханов ақтаулықтарға ха­лық­аралық стандарттарға сай білім алуға кө­мек­тескені үшін Әшімжанға алғысын білдірді. Бүгінде Әшімжан Сүлейменұлының қыз­меті жаңа тұрпаттағы университет құруға ба­ғышталып отыр. Қазір барлық оқытушылар университеттің материалдық-техникалық базасының айтарлықтай толыққанын риза­лықпен айтады. Лингафонды кабинеттер, мультимедиа сыныптары, интерактивті тақталар қолжетімді және күнделікті пайдаланылатын оқу құралдарына айналды. Ғылыми-технологиялық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ма­мандар дайындаудан ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге дейінгі жүйе қалыптасты. Студенттер білімін бақылау ашықтығы, олар­дың қолжетімдігі электронды дүңгір­шектер арқылы іске асырылуда. Бүгінде университетте 15 электронды дүңгіршек бар, ал бұрын ол мүлде жоқ болатын. Қазіргі уақытта университет КазРЕНА арқылы халықаралық білімге кеңейтілген қатынастар ассоциациясына енді. Бұл, спутник арналары көмегімен НАТО ұсынатын Интернет-ресурс. – Университеттегі негізгі тұлға – білімгер. Университетте барлығы білімгерге арналған, – дейді Әшімжан Сүлейменұлы. Өзі де үнемі студенттермен кездесіп, олардың ой-пікірін тыңдап, көтерген көкейкесті мәселелері болса шешуге тыры­сады. Студенттердің білім-ғылым саласын­да­ғы әлеуеті арта түсуі үшін әртүрлі шеңбер­дегі ғылыми конференцияларға, республи­калық олимпиадаларға, студенттер дема­лысын ұйымдастыруға, мәдени-көпшілік шараларды өткізуге, КТК (көңілді тапқыр­лар клубы) ойындарына қатысуға, конкурс­тарға қаржы бөліп отырады. Білім ордасы­ның “Жасөркен” демалыс аймағы қайта қалпына келтірілді, оған қажетті барлық коммуни­кация жүргізілді. Енді ЖОО оқыту­шылары онда өз отбасыларымен демала алады. Тараз қаласының ең көрікті жеріне орналасқан университеттің сыртқы келбеті көз қуантады. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекет­тік университетінің ректоры бола жүріп, Әшімжан Сүлейменұлы Қазақстан халқы Ассамблея­сының, ТМД білім беру шеңбе­ріндегі қау­ымдастық кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Оның ел үшін атқарған еңбегі бағаланып, “Астанаға – 10 жыл”, “ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл”, “ҚР Парламентіне – 10 жыл”, А. Байтұрсынов атындағы медальдармен, “ҚР білім берудің еңбек сіңірген қызметкері”, “Білім беру үздігі”, “Алтын барыс” төсбелгілерімен және “Парасат” орденімен марапатталды. Болашақта ел алдында, сол елдегі ТарМУ сияқты беделді оқу орнының алдында биік мақсат, күрделі мәселелер тұр. Оларды Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтің басшылығымен ұжым мүшелері абыроймен шеше береді деп сенеміз. Тараз.