Президент • 09 Қазан, 2018

Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

396 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада бірқатар мемлекеттердің елшілері Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа сенім грамоталарын табыстады. Мем­лекет басшысы елші­лерді Қазақстандағы дип­ло­матиялық миссияларының ресми түрде басталуы­мен құттықтап, оларға мем­лекетаралық қатынастарды дамыту және оны одан әрі ілгерілету ісінде табыс ті­леді.

Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды

Рәсім барысында Н.Назар­баевқа Қытай Халық Респуб­ликасының Төтенше және өкі­летті елшісі Чжан Сяо, Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Давид Артуро Карриедо Томас, Израиль мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман, Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Милан Коллар және Еуропа одағының Төтенше және өкілетті елшісі Свен-Олов Карлссон сенім грамотасын тапсырды.

«Сіздердің миссияларыңыздың бас­талуы ел дамуының маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің стратегиялық бағытымыз – әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Осыған орай, қажетті бағдарламалардың бәрін қа­был­дап, кешенді реформаларды жүзеге асырып келеміз», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Елбасы Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, елшілерге маңызды мәселелерді таныс­тыра кетті. Сондай-ақ саяси-эконо­ми­калық, рухани жаңғыру еліміздің жа­һан­­дық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында халыққа Жолдау жария­ла­ғанын жеткізді. 

Президент әлемдік дағдарыс кү­шей­ген жағдайда сенімді мемлекетаралық қаты­настар орнатудың маңызды екенін айтты. «Жақында Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ке­зекті сессиясында кейбір елдер арасында «сенім дағдарысының» одан әрі өрши тү­с­кені анық байқалды. Өзара сенім ор­нықпаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды», деді. 

Мемлекет басшысы халықаралық және өңірлік қақтығыстарды реттеу үшін Қазақстанның жүргізіп отыр­ған көпвекторлық саясаты мен күш-жігерінің тиімділігін атап өтті. Соны­мен қатар Қа­зақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесі ретінде әлемдегі қауіп­сіздікті сақтауға өз үлесін қосып отырғанын баса айтты. 

Елбасы Қазақстан мен Қытай арасын­дағы қарым-қатынастардың қазіргі жағ­дайы мен даму перспективаларына арнайы тоқталды.

«Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Дипломатиялық байланыс орнаған сәттен бастап біз тату көршілік және өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық қатынастардың үлгілі моделін құрдық. Бүгінде екі елдің үкіметтері өзара келісімдерді жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс атқаруда. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастыру жөніндегі ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлініп отыр», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Н.Назарбаев биыл еліміз­дің Еуропа одағымен дипломатиялық байланыс орнатқанына 25 жыл толғанын атап өтіп, өзара қарым-қатынас сындарлы диалогқа негізделгенін жеткізді. 

«Қазіргі басты міндетіміз – 2015 жылы қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру. Сондай-ақ Брюссельдің Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегиясын әзірлеуге күш жұмылдыру керек. Біз Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режімді жеңілдету мәселесі дұрыс шешімін табады деп сенеміз», деді Президент.

Рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Испания арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.

«2017 жылы маусым айында Ұлы Мәртебелі Испания Королі VI Фелипе Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Өзара келісімді жүзеге асыруға Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес зор үлес қосып келеді», деді.

Бұдан кейін Елбасы экономиканың түрлі секторында Қазақстан мен Израиль ара­сындағы қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді. «2016 жы­лы Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Қазақ­станға ресми сапары және соның барысында өткен бизнес-форум өза­ра ықпалдастығымыздың аясын кеңей­туге тың серпін берді. Біз өзара қаты­нас­тарымызды, әсіресе ауыл шаруашылығы, инновациялық технологиялар және денсаулық сақтау салаларын одан әрі да­мытуға мүдделіміз», деді Мемлекет бас­шысы.

Сондай-ақ Словакиямен ынты­мақ­тастықтың оң қарқынын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымын арттырудың және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамы­тудың маңызды екенін айтты.

«Сауда-экономикалық байланыс­тарды нығайтуға Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жө­ніндегі үкіметаралық комиссия зор үлес қосып келеді. Болашақта біз­ге тауар айналымын ұлғайтып, өзара эко­но­микалық қатынастарды дамы­ту­дың жаңа бағыттарын айқындау қажет», деді Н.Назарбаев.

Рәсім соңында Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»