Қазақстан Президентінің Жолдауы елдің бақытты болашағының негізгі параметрлерін айқындаған. Жастарға, білім мен денсаулыққа басымдықпен қарау соны аңғартады. Қазір Қазақстан бұрынғыдан да жоғарырақ дамыған және осы заманғы талаптардың үдесінен шығатын ел екенін көрсетіп отыр. Қазақстанның жаһандық әлемдегі орны мен рөлін айқындайтын экономикалық бағыт – өңдеу өнеркәсібін арттыру мен «болашақтың экономикасы» секторын өсіру болса, Президент нақ осы бағдарды жандандыруға күш салып отыр.
«Болашақтың экономикасы» өте маңызды бағыт, әсіресе оның баламалы энергетика саласы маңызды. Бәріміз болашақтың энергиясы тақырыбында Қазақстанда ЭКСПО-2017 көрмесі өткенін білеміз. Бұл оның Орталық Азия мемлекеттерінің арасынан бірінші болып өз дамуының жаңа шешімдерін табуға деген ұмтылысын көрсетті. Берлиндегі Еуразиялық клубтың шеңберінде Қазақстандағы «болашақтың экономикасын» цифрландыру және басқа да элементтер талқылаудың тақырыбы болды. Осынау диалогтік алаң 2012 жылы құрылған еді, ол Қазақстан мен Германия, сондай-ақ Еуропалық одақ арасындағы қоғамдық-саяси мәселелердің барлық спектрін талқылауды мақсат еткен.
Президенттің Жолдауындағы барлық бағыттар да елдің ХХІ ғасырдағы дамуына аса қажетті дүниелер. Қазақстанның сыртқы саясатындағы геосаяси жауапкершілігіне байланысты төмендегі жайларға тоқтала кеткім келеді. Қазір Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, Шығыстың да, Батыстың да елдерімен жақсы қарым-қатынаста болып отыр. Оның үстіне Астанада Сирия бойынша келіссөздер жүргізілуде, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін де өткізді, сондай-ақ Қазақстан бірнеше халықаралық ұйымның төрағалығына сайланды. Осының бәрі Қазақстанның сыртқы саясатының бейбітсүйгіш және достыққа ұмтылғыш сипатын көрсетеді.
Қазақстан – осы заманғы теңгерімді саясатты қолдаушы, ядролық қару-жарақты жою, халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресте әлемдік ұйымдарға белсенді қатысушы болып отырған Азиядағы аз мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ ол кикілжіңдерді шешуге белсене қатысуы арқылы әлемдік аренадағы маңызды ойыншылар қатарына шығып отыр. Ауғанстандағы тұрақтылықты сақтау мен бейбіт өмірді қалпына келтіруге Қазақстанның араласып отырғаны қазір маңызды тетіктердің біріне айналды.
Матиас ДОРНФЕЛЬД,
саясаттанушы, Берлиннің Каспий аймағын зерттеу орталығының доценті