Гүлшара Наушақызы әлемнің Италия, Үндістан, Голландия, Қытай, Франция, Ресей секілді 19 мемлекетінен келген қонақтарды салтанатты шараның ашылуымен құттықтап, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Тарихымыздың темірқазығы болып саналатын Тараз қаласында осындай шараның өтіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Бұдан кейін Өзбекстан Республикасы Әйелдер комитеті төрағасының орынбасары Мукаррам Нурматова әуелі тараздықтарға өзбек халқының ыстық сәлемін жеткізді. Қазақ елінде өтіп жатқан сән апталығының маңыздылығына тоқталып, бүгінгі таңда қазақ пен өзбек халықтары арасындағы достық байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Ал өз сөзінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ежелден Тараз тарихи қала екенін айта келіп, бай мәдениетіміз бен тарихымызды тамашалауға келген шетелдік азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар тараздық дизайнерлердің қазақ еліне ғана емес, бірқатар шетелдерге де танымал екенін, сондықтан да бүгінгі салтанатты шараның жоғары деңгейде өтетіндігіне сенетіндігін жеткізді.
Бұдан кейін жуырда ғана Италия мемлекетінің Милан қаласында өнер көрсетіп, қазақ сән үлгісін әлемге танытып қайтқан жергілікті дизайнер Айдархан Қалиевтің «Тараз періштелері» сән үлгілері көпшілікке көрсетілді. Шығыстық үлгіде сахналанған бұл көріністі әлемнің көптеген елінен келген сәнгерлер қызыға тамашалады. Сонымен қатар Тараз тарихына қатысты да мәліметтерге қанықты.
Жалпы, Тараз өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Taraz – Aspara fashion week» халықаралық сән апталығы қазан айының 8-12-сі аралығында Жамбыл облысының аумағында өтеді. Бұл орайда әлемнің 19 мемлекетінен келген 30 сән дизайнері Әулиеата өңірінде өз шеберліктерін ортаға салады. Сонымен қатар жамбылдық 55 қолөнер шеберінің еңбектері де шетелден келген қонақтардың назарына ұсынылады. Бұл көрмеде әулиеаталықтар әлемдік деңгейдегі сән үлгісінен хабардар болып қана қоймай, өздерінің қолдан жасаған түрлі бұйымдарын да шетелдіктерге жарнамалай алады. Бұдан бөлек, шетелдік туристер Тараз қаласындағы бірнеше нысанмен қатар, Ақыртас кешенінде және Айша бибі кесенесінде болады. Олар жалпы өңірдегі 11 тарихи орынды аралап, ұлт тарихымен де кеңінен танысады. Апталық барысында халықаралық деңгейдегі 7, республикалық деңгейдегі 5 меморандумға қол қойылады деп күтілуде.
Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, осы уақыт аралығында шетелдік қонақтар Әулиеата өңірінің тарихи жерлеріне саяхат жасап қана қоймай, «Төрткүл» кешенінде қазақтың ұлттық тағамдарымен де танысады.
Аталған сән апталығының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Мұнда Өзбекстан мемлекетінен келген дизайнерлердің үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл орайда өзбек елінен келген дизайнер Сабина Абдуназарова Тараз топырағына келіп, осындай шараға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақыттарда да сән апталығы қазақ жерінде өтіп тұрса деген тілегін айтты. Айта кетейік, Тараз қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған салтанатты шара енді жыл сайын жалғасын табатын болады.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы