Саясат • 09 Қазан, 2018

Отанымызды ілгерілетудегі елеулі оқиға

252 реткөрсетілді

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдениет орталығы басқарма мүшелері Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талдау бойынша кеңейтілген жиналыс өткізді. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ұйғыр этномәдени бірлестігіне қарасты ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесінің белсенділері және ұйғыр халқының зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Басқосу барысында Елбасы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттер мен басымдықтар миллиондаған халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудың таптырмас тетігі екендігі, мемлекеттің барлық саласындағы дамудың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне кедергі келтіретін әрекеттерге тосқауыл қойып, цифрлық даму дәуіріне апаратын тарихи құжат екендігі айтылды. Әсіресе Президент баса айтқан жастардың жан-жақты жетілуіне жағдай жасау жайы әңгіменің өзегіне айналды. Алдағы жылдың жастар жылы деп жариялануы ел ертеңі саналатын өскелең ұрпаққа мемлекетіміз үлкен қамқорлық танытып отырғанын көрсетеді дейді жиналғандар.

 – Бәріміз тағы да бір тарихи сәттің куәсі болдық. Биылғы Жолдауда да Қазақстан халқының өмірін жақсартуға, тұрмысын түзеуге баса назар аударылды. Президентіміз, халықтың әл-ауқатын арттырудың ең төте жолын қадап айтып берді. Өзімізде өндірілетін өнімдердің қуатын арттыру, отандық тауарларға қолдау көрсету, кәсіппен айналысам деген азаматтарға жол ашу, сапалы кадрлар даяр­лау, жемқорлықты түп-тамырымен жою, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала мамандарының табысын арттыру сынды өзекті мәселелер Жолдауда түгел қамтылды. Алдағы бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 процентіне дейін жеткізу деген міндет еліміздегі əлеуметтік саланың дамуын жаңа белеске көтереді деп есептеймін. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанымызды бүкіл әлем таниды. Астанамыз жаһандағы шұрайлы шаһардың біріне айналды. Мұның барлығы бірлік пен татулықтың, Елбасымыздың көреген саясатының арқасында іске асып отырған дүниелер, – дейді Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдениет орталығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов .

Стратегиялық құжатта айтылғандай, білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласын жаңа заман талаптарына сай бейімдеудің маңызы зор. Жолдауда көрсетілген жекелеген бағыттардың барлығын біріктіретін ортақ күш мемлекет дамуы. Сондықтан Елбасы алға қойған мақсаттарды іске асыруда әр қоғам мүшесі белсенділік таныту қажет дейді жиналғандар. Шара барысында сөз алған этномәдени бірлестіктің мүшелері Президент Жолдауына қолдау білдіріп, онда көрсетілген бағыттар мен көзделген мақсаттар барлық қоғам мүшелерін біріктіре түсетін күш екенін айтты.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жер сілкінді

Аймақтар • Бүгін, 09:36

Ұқсас жаңалықтар