Инвестиция иірімдері
Экономика дамымай, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін таба қоюы қиын. Бұл – жұртшылыққа қашаннан белгілі жайт. Ал қаржы экономиканы дамытудың негізгі тетігі екенін облыста атқарылған көп шаруа айқын көрсеткендей. Қаржы көздерінің көрсеткіштеріне қарап отырсақ, бұрнағы жылдарға қарағанда инвестициялық қаржының өсімі анық байқалады. Егер ол 2015 жылы – 82, 2016 жылы – 92,5 процент болса, 2017 жылы – 104,3, ал үстіміздегі жылдың 8 айында 112,9 процентті құрады. Соның ішінде сырттан тартылған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өсті, яғни 2017 жылы 6,1 млрд теңге болса, 2018 жылдың басынан бүгінге дейін тартылған қаржы 11,7 млрд теңгеге жетті. Соның арқасында 2017 жылдан бері облыс өңірінде 14 жаңа жоба жүзеге асты. Өнімі нарық сұранымына ие кәсіпорындар жұмыс істей бастады. «Баян сұлу» кондитер фабрикасы – облыстағы байырғы кәсіпорын. Ол инвестиция салып, өзінің цехтарын заманауи жабдықтармен жабдықтап, өндірістік желісін кеңейтті, өнімнің жаңа түрлерін шығарып отыр. Бұл азық-түлік нарығына серпінді ықпал етіп, экспорттық өнім түрлерін әртараптандыруға мүмкіндік берді.
Облыста мал азығына құрамажем дайындайтын екі жем зауыты ашылды.Қостанай қаласындағы тәулігіне 200 тонна құрамажем шығаратын қуатпен жұмыс істейтін «Трансальпина» жем зауытының құны 1 млрд теңгеге түсті. Ал Әулиекөл ауданындағы «AgroBioAuliekol» зауыты құрамажемді екінші шикізаттан жасайды. 1,2 млрд теңгеге түскен өндіріс орны мамыр айында іске қосылып, 50 адамға жұмыс тауып берді. Кеншілер қаласындағы құны 16,8 млрд теңге тұратын Рудный цемент зауытының орны тіпті бөлек. Бүгінде соңғы іске қосу тетіктері жасалып жатқан зауытта 300-ден астам рудныйлық жұмыс істейтін болады. Бұл – облыстағы соңғы жылдарда жүзеге асатын ең ірі инвестициялық жоба.
Осы жылдың аяғына дейін көп уақыт қалмаса да, облыс өңірінде тағы да 4 инвестициялық жоба іске қосылады. Әдетте, инвестор уақыттың сұранымына ие өндіріске қаржы салады. Торғай өңірі егін шаруашылығына аса қолайлы емес, мал шаруашылығына икемді. Оның үстіне Арқалық қаласы маңындағы Торғай боксит кен басқармасы кеннің сарқылуына байланысты жақын жылдары жұмысын тоқтатады. Ал онда Арқалық қаласынан 800 адам жұмыс істейді, қаланың бюджеті де осы кәсіпорынға арқа сүйейді. Сондықтан моноқаланың экономикасы мен әлеуметтік саласын әлсіретпеу үшін «Торғай ЕТ» заманауи ет комбинаты секілді ірі кәсіпорын қажет-ақ болатын. Міне, енді қараша айында 2 млрд теңге жұмсалған, шұжық, бұқтырылған ет, жартылай фабрикаттар өндіретін «Торғай ЕТ» ет комбинаты іске қосылмақ.
Қостанай қаласындағы өткен жылы іргесі қалана бастаған Индустриялық аймақ инвесторларға қолайлы жағдай туғызатын, өміршең жобаларды жүзеге асыратын алаң болып отыр. Онда биыл жыл соңына дейін жүзеге асатын, жоғарыда айтқан 4 инвестициялық жобаның екеуіне орын берілді. 400 гектар жерді алып жатқан аймақтың қазір қажетті инфрақұрылымын жасайтын құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Индустриялық аймақ алғашқы сатыда газбен, сумен, электр энергиясымен жабдықталады. Оның сыртында канализация, таза су сорғылары секілді құрылыс жұмыстары да қатар жүреді.
Аймаққа тас жол және темір жол кіргізу жоспары да бар. Жыл аяғына дейін мұнда алдымен Минск трактор зауытының лицензиясымен «Беларусь» маркалы трактор құрастыратын өндірістің іргесі қалана бастайды. Инвестор – көрші Ресейдің Свердлов облысындағы «Композит Групп» холдингі. Ол индустриялық аймаққа құрастыру-әмбебап цехын орналастырады. Жергілікті бюджет қаржысына салынған өндіріс ғимараты инвесторға болашақта сатып алу құқымен жалға беріледі. Жобаның құны оның алғашқы сатысында 2,3 млрд теңге болады, жақын жылдары 15 млрд теңгеге дейін жетеді. Өндірісте 200 адам жұмыс орнын табады. Индустриялық аймаққа «Астық» элеваторлық құралдар зауыты өзінің құрылыс материалдары және металл құрылғылары цехын салады. Құны 1 млрд теңге болатын цех 20 шақты адамға жұмыс береді. Биыл іске асатын төртінші жоба бойынша қытайлық компания (YTO Group Corporation) YTO маркалы трактор құрастыратын өндірісті іске қосады. Жобаға қытайлықтар 1 млрд АҚШ долларын құяды.
Облыс экономикасын дамыту үшін 2015-2018 жылдар арасында ізденістер мен инвестиция тарту арқылы құны 2,1 трлн теңгеге бағаланатын 40 инвестициялық жобалар пулы жасалды. Сол 40 жобаның ішінде ең ірі жобаны қытайлықтармен бірігіп жүзеге асыратын боламыз. Құны 100 млрд теңге тұратын жобаның инвесторы «BioGrain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта бидайды жетілдіре өңдеп, одан крахмал, құрамажем, май және ұн өндіретін болады. Өндірісте еңбек ететін 500 адамның ішінен 20 маман ғана Қытайдан келеді.
ЭКСПО-2017 көрмесінің іздері
Өткен жылы Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі экономикада игі өзгерістердің болуына ықпал етті. Көрмеге энергия үнемдеу саласы бойынша облыстан 2 жоба қатысқан еді. Қарасу ауданында органикалық қалдықтарды пайдалану арқылы жасалатын биогаз өндірісі мен полиэтилен шөлмектерін қайта өңдеп, іске асыратын Мата емес материалдар фабрикасы жасыл экономиканың облыс өңіріндегі қарлығаштары деуге болады. Бұлардан басқа ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынбасақ та, кәсіпорындарда енгізілген озық технологиялар бар. Мысалы, «Қостанай минералдары» кәсіпорнында қызметі жаңғыртылып, рекуперативті тоқтайтын электровоз тұтынғалы электр энергиясының 17 процентін үнемдейді. Сонымен қатар кәсіпорынның аумағында орналастырылған күннен қуат алатын 10 кВт батарея электр желісімен қатар жұмыс істейді. Кәсіпорындағы сынап лампалары үнемі мол жарық диодты лампаларға ауыстырылды. Бұл электр энергиясын 8 есе аз пайдалануға мүмкіндік береді. Ал алтын өндіретін «Варваринское» акционерлік қоғамында күн энергиясын пайдаланатын қондырғылар орнатылды. Өйткені бұл қондырғы орнатылған учаске электр энергиясын беретін көзден шалғайда орналасқан болатын. Облыста жасыл экономикаға деген бастамалардың алғашқы көріністері осылай ЭКСПО-2017 көрмесінен бұрын да көріне бастаған. Облыста қолға алынған 1,4 млрд теңгені құрайтын 15 жобаның қазір алтауы жүзеге асты, қалғаны үшін де жұмыстар жүріп жатыр.
Жасыл экономика тек күн энергиясын пайдалану емес. Алдағы уақытта Қостанайда экологияны жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде жұмыстар істеледі. «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытынан электр энергиясымен жүретін JAC электромобильдері шығарыла бастады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жер жүзінде көбейіп бара жатқан қатты қоқысты өңдеу – қоршаған ортаны таза ұстаудың басты кепілінің бірі. Облыс орталығының іргесіндегі Қостанай ауданында қоқысты сұрыптайтын кешен құрылысы басталған. Аты айтып тұрғандай, бұл жоба айналадағы қоқысты сұрыптап, оны өңдеу арқылы одан басқа заттар алады. Бұл қоқыс полигонында қалдықтардың шамадан тыс көбеюіне жол бермейді, экологиялық тазалықты сақтауға қол жеткізеді
Ет кластері көп мәселені шешеді
Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын, ет кластерін айтқанда ауызға Арқалық қаласы алдымен ілінеді. Бұл моноқаланың облыстың оңтүстік өңірін, жылдам өсіп келе жатқан Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар. Арқалық қаласында қазірдің өзінде жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы, нан пісіретін, кондитер өнімдерін шығаратын ірілі-уақты кәсіпорындар бар. Бірақ Торғай өңірін негізінен ет және ет өнімдерін өндіруге бағыттау өңірдің экономикалық-әлеуметтік мәселесін шешіп қоймайды, облыстағы ет экспорты әлеуетін де көтеретін болады. Арқалық қаласында мемлекет көмегімен салынып жатқан ет өңдейтін заманауи ет комбинаты құрылысы аяқталуға таяу.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде оның инженерлік инфрақұрылымы жасалды. «Торғай ЕТ» ет комбинаты ашылысымен-ақ облыстың оңтүстік өңіріндегі Арқалық маңы, Амангелді, Жангелдин, Науырзым және көрші Қарағанды облысының Ұлытау, Ақмола облысының Жарқайың, Есіл аудандарының тұрғындары малын осы кәсіпорынға әкеледі. Енді тұрғындар алыпсатарларға арзан кететін малын ет комбинатына өзінің тиісті бағасымен өткізіп отыратын болады. Заманауи комбинатты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Торғай өңірінде мал шаруашылығын барынша өркендету ісі күтіп тұр. Бұл аумақта жайылым жеткілікті. Шаруа қожалықтарын көптеп құру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдіктерді пайдаланып, мал санын барынша көбейту ісі қолға алынды. Аталарымыз қашан да төрт түліктің жүрген жері береке екенін айтқан. Адамдардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші де жақсара түсері сөзсіз.
Облыста сыртқы сауда жыл басынан бергі 7-8 айда 1685,4 млн долларды құрады. Сыртқа артылатын тауарлардың арасында ауыл шаруашылығы өнімдері, машина жасау және қара металлургияның бәсі басым. Еліміз бойынша экспортталатын азық-түліктің төрттен бірі Қостанай облысына тиесілі. Елімізде тек ұн экспортының өзінен облыс көш бастайды. Экспортқа өнім шығаратын «Баян сұлу» кондитер фабрикасы, «Фирма «Арасан» алкогольді емес сусындар кәсіпорны, «ЕвразКаспианСталь», «Қостанай ұн комбинаты», «СарыарқаАвтоПром» машина зауыты, «Милх» сүт зауыты, «БестКостанай» ұн комбинаты секілді кәсіпорындар инвестициялық қаржы құю арқылы өндірісті әлдеқашан жаңғыртып, үздік жабдықтар мен озық технологияларды енгізген болатын. Мал шаруашылығы мен ет кластері де осындай қаржымен және қамқорлық арқасында дамиды.
Цифрландырудың кереметтері
Қостанай өңірінде цифрландыру дамуды тездетіп, өмір сапасын жақсартатынына жұрттың көзі жетіп келеді. Алғашқыда «жеңіске тез жетудің» Жол картасында облыстағы 77 шара белгіленген болатын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қостанай облысы ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында «қанатқақты» өңір болып саналды. Кейінірек барлық мүмкіндіктерді саралай келе, Жол картасына тағы да 53 шара қосылып, жалпы атқарылатын жобалар саны облыста 130-ға жетті. Қазір білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздік, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоспарланған әлгі 130 жобаның 57-сі жүзеге асырылды.
Әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде көш бастап тұрмыз. Жер өңдеуде, құс шаруашылығында, сүт және ет фермаларында «ақылды» технологиялар енгізіліп, ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге шығынды азайтып, өнімділік пен пайда әкеле бастады. Облыстағы цифрлы технологиялар енгізген «Терра», «Садчиковское», «Жас қанат», «Қарқын», «Заречное», «Трояна» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тэрра» шаруа қожалығы секілді 7 агрофирманың тиімділігі жылдам артып келеді. Ауыл шаруашылығында бұл озық технология қанат жая беретін болады. Ал облыс өндірісіндегі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Варваринское», «Қостанай минералдары», «Баян сұлу» АҚ, «Промбаза-7» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өндіріске Индустрия 4.0 пен цифрландыру элементтерін қосты. Мысалы, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Качар кенішінде өткен жылдан бері жұмыс «ақылды карьер» технологиясымен жүреді. Қазір Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кеніштері де жұмысты барынша жеңілдететін, уақыт үнемдейтін осындай озық технологияға көшіп жатыр.
Облыста таяу күндері екінші рет өтетін инвестициялық форум еліміздің Үкімет мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, халықаралық және ұлттық даму институттары өкілдерінің және шетелдік, отандық инвесторлардың басын қосады. Өндірісті-аграрлы өңір саналатын Қостанай облысының инвестициялық әлеуеті жоғары. Жері құнарлы өңір мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да қолайлы. Ауыл шаруашылығы шикізатына бай болғандықтан, мұнда қандай өңдеу кәсіпорнын салуға да жағдай бар.
Облыста машина құрастыру кластері құрылып келеді. Бұл істе қазақстандық мазмұн жыл сайын өсе түсуде.
Бүгінде экономиканың қай саласын да инвестиция тарту арқылы дамытуға болатынын уақыт көрсетіп отыр. Қостанайда жеңіл өнеркәсіп те өз инвесторын іздеп тұрғандай. Аяқ киім өндірісі үшін атшаптырым ғимарат бос тұр. Алдағы уақытта облыста инвестиция тартуда ізденіс жұмыстары тоқтамайды. Бизнесті дамытуда мемлекеттің көмегі де даяр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Жылына бұл үшін 30 млрд теңге бөлінеді. Облыс өңірінде «Бизнестің жол картасы» жүзеге асқан уақыттан бері 598,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 4500 жұмыс орны ашылды, бюджетке 44,4 млрд теңге салық түсті. Инвестициялық қаржы мен бұл бағдарлама бірін бірі қолдап ынтымақтасқанда, экономиканы дамытудың тегеурінді тетігіне айналады.
Мейіржан МЫРЗАЛИЕВ,
Қостанай облысы әкімінің орынбасары
ҚОСТАНАЙ