Руханият • 09 Қазан, 2018

Шоңның шұғыласы

612 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Шоңның шұғыласы

Кеңестік кезеңнің өзінде ұлттық журналистиканың ұста­ханасы атанып, одақтас респуб­ликалар арасында оза шауып, таралымы үш жүз мыңға жеткен жастар басылымы – «Лениншіл жас» газеті 1986 жылы жаңа бас­тама көтеріп, «Сұхбат-те­лефон» деген айдар ашты. Бұл айдар аясында еліміздің ең танымал зия­лы қауымының белді-белсенді өкілдері сырласу сұхбатына қатысып, өз ойлары ғана емес, халқының көкейіндегі көп-көп мәселелерді, көкейтесті жайларды ортаға салып, рухани жаңғыруға елеулі үлес қосты. Басылымның сол кездегі редакторы, сайыпқыран қаламгер, сардар басшы Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз әр кез жаң­аға құштар, ескіге сұсы бар, өр мінезді өрен, ер мінезді берен азамат еді. «Сұхбат-телефонның» атын да, затын да өзі тауып, тұсауын кесті. Бұл айдар аясында жарық көрген мақалалар ұлттың жүрегіне ұраншыл намыс дәнін септі. Дүрбелең дәуір дүбірлеп келе жатты.

Айдардың атауын бекіт­­кен соң Сәкең мені өзіне жеке шақырып, «Қазан айы­ның үшін­ші онкүндігінде Қырғыз­станның Қазақстандағы әдеби-мәдени күндері өтеді, оны Шың­ғыс Айтматов бастап ке­леді, «Сұхбатты» Шықаңнан бастасақ па деп отырмын, қалай қарайсың?» деді. Сәкең айтса, сөз қысқа, дайын екенімізді білдірдім. «Ендеше, дайындал, бұл әңгімені екеумізден басқа әзір ешкім білмесін», деді ол тұжырып. Сол сәттен «Сұхбатқа» дайындықты бастап кеттім.

Ертеңіне таңертең жұмысқа келген бойда Сәкең мені шұғыл шақыртты. «Менің Шықаң туралы айтқаным айтқан, ол туралы пейілімді білесің. Бірақ аруақ аттағандай болып отырмын, түнімен ойланып шықтым. Әуелі өзімізден бастайық, кім бар?» деді сәл мазасызданып. Бірнеше ағаларымызды атадым. «Әбекең дұрыс, арқалы, арыстан ақын, айта алатын адам, сол кісіден басталық» деді нықтай сөйлеп. Осылайша, «Сұхбатты», ең алдымен, Әбділда Тәжібаев ағамыздан бастайтын болдық. Бұл «Сұхбат» қыркүйек айының аяғында, Алматы жазының келбетіне әлі де әжім түсе қоймаған ке­зінде өтіп, «Қаламмен жа­зылған қарумен өшпейді» деген атпен газеттің екі бетке жуық көлемінде жарық көрді. Оқырмандардың қабылдауы қызу болды, редакцияға бес жүзге жуық қоштаған, алғыс айтқан, ұсыныс берген хаттар келіп түсті. 

Бұл сұхбат сол жылғы, 1986 жылғы дүрбелеңнен соң, мен­шікті тілші Төлеужан Есіл­баевтың «Правда» газетінде шыққан «Паутина» деген мақа­ласында «ұлтшылдық исі аң­қыған мақала» деген тіркеске тиек болды. Халқымызда: «оқ қағары бар» деген сөз бар ғой. «Правда» тілшісі мақаланың аты мен авторын атап көрсетпеген соң да, «қырағы көздерден» қағыс қалдық. Әйтпесе, «дүр дәуірдің дүмді диірмені» балаң бидайды күлдей уатып, талқандай тартып тастайтыны кәміл еді. Бұған «қапа болып», үндеместерге жасырын үн қатқан қатарластар да арамызда бар болып шықты. Бұл енді басқа әңгіме.

Қырғыз елінің әдеби-мәдени күндері жоғары деңгейде өтті. Алматы аяғынан тік тұрды. Ол кезде Шыңғыс ағамыздың жүзін бір көруге құштар жандар топ-тобымен Жазушылар одағының, театрлардың алдында сап түзеп тұратын. Онымен бірге фотоға түсу құрметіне ие болғандар аты бәйгеден келгендей қуанып, айдыны тасып, алапат жігерге бөленіп, арқаланып жүретін. Біз жұмыста сақадай сайланып, іс-қимылымызды ойланып, асай-мүсейімізді қолға алып, Сейдахмет ағамыздан пәрмен күтіп, өкшемізді көтеріп отырдық. 

Бір кезде Сәкең кабинетке шұғыл кіріп келіп, «Сұхбатты» келістік, ол кісіні жолынан қал­дырмай Ұзынағаштың ұзын жолында күтіп алып, Фрунзе шаһарына дейін шығарып салып, жолай аламыз, жаныңа Рахымбайды (газеттің фото­тілшісі Рахымбай Ханалиев) ал, басқа жанға ешнәрсе айтпа, осында белгілі бір қаламгер қоса келіп, (ол халқымыздың қадірлі перзенттерінің бірі, жазушы Ақселеу Сейдімбеков болатын. – Ө.О.) мені де осы сапарға бірге ертсеңіздер деп өтінді. Сыпайы түрде келіспейтінімді айттым. Бұл біздің жоба, әзір басқалар білмей-ақ қойсын, ал қозғаламыз» деп асығыс шыға берді.

Сәкеңнің қызметтік көлігі ақ шаңқан «ГАЗ-24» машинасына отырып, заулай жөнелдік. Басшымыз тапсырмасын пы­сықтап келеді. Шыңғыс ағаның қасында Мариям жеңгей (қыр­ғыз-қазаққа бірдей белгілі болып, жүректен орын алған: «Сағынғанда бір келерсің, сар­ғайғанда бір келерсің Ала­тооыңа» деген атақты әннің кейіпкері болған осы Мариям жеңгей еді.- Ө.О.) мен жеті жасар ұлы Элдар бар екенін білдік. Ұзынағаштың алға қарай ала жөнелетін қайқаңына көтеріле тоқтап, Алматы жаққа күн салып қарап тұрмыз. Бір кезде сағым ойнаған сара жолмен жүйткіп келе жатқан 10-46 ФИА нөмірі бар қара «Волга» жалт етіп көзге түсті. Алдынан жүгіре қоз­ғалдық. Машина тоқтап, іші­нен Шыңғыс ағамыз шықты. Жапырлап қол беріп жатырмыз.

«Сейдахмат, ұрыста тұрыс жоқ дейді ғой, қазақ туғандар, ендігі әңгімені жол үстінде айталық, бұл бір тосын сұхбат болғалы тұр, тапқырлықтарың ұнады, қозғалайық» деп Сәкеңе қарады. Сәкең: «Шықа, Сіз біз­дің көлікке отырсаңыз, мен жаныңызға отырайын, мы­на жігіт Әдебиет бөлімінің мең­герушісі, ақын Өтеген деген ініңіз, ал мына жігіт Рахымбай деген фототілшіміз, ол сіздің кө­­лікке отырсын» деп жа­уап күте қарады. «Бопты» де­ді Шыңғыс аға. Сөйтті де, біз­дің кө­лікке отыруға ыңғайланды. Сә­­­­­кең қонақтың қасына, мен кө­­лік алдына отырдым. Тез­деп радиожурналистердің қол­ты­ғында жүретін қара сөмкелі дауыс қабылдағышты ашып, іске қостым.

Осылайша, ұзындығы 170 шақырымға, мерзімі жөнінен 5 сағатқа созылған сұхбат-сыр бас­талып кетті. Қағаздағы алдын ала дайындалған сұрақтарды кезегі бойынша дауыстап оқимын да, микрофонды оған қарай бейім­деп, құлағын іске қосамын. Шың­ғыс аға асықпай, байыппен, ойлана жауап беріп отыр. Әңгіме, негізінен оның қаламгерлік ең­бектері, жаңа туын­дылары, әдебиет пен өнер туралы ойлары, тарих туралы пайымдары мен екі ел арасындағы рухани бай­­ланыстар төңірегінде болды. Көкейде жүрген тіл мен діл, дін мен тәрбие жөніндегі сұрақтарға да жауап алдық. Олар туралы бұл жерде жан-жақты айтып жатудың реті келмес.

Бір кезде Қордай асуына келіп шықтық. Асу аяқталатын сабырлы, сауырлы бір жерге тоқтап, аяқ суыттық. «Қордайдың са­ғындым ғой қоңыр желін, деп шыр­қаған ғой Кенен ағамыз, жа­рықтық Қордай, Құдай қа­ласа, бұдан да өттік, талайды көрген тарихи асу ғой бұл», деп Шыңғыс аға тебірене сөйледі. Дастарқан жайдық. Дайындалып шыққанбыз. Сәкең дастарқанды ашты. Рахымбай дайындалып еді, басшымыз ас үстінде суретке тартпай тұра тұр деп ыңғай бермеді. Мұнда да сұрақ-жауап жалғасып жатты.

Күннің райы түсі оңған қыр­мызы матадай бола бастаған кезде қонақ бата жасап, орнынан тұрып, жол жүруге ыңғайланды. Алдымыздағы жылмиып жатқан жатаған төбелердің еңісіне қарай көк есегін тепеңдетіп кетіп бара жатқан бір балаға көзіміз түсті. Сәкең: «Шақыршы ана баланы» деді маған. Сәл алға шығып, да­уыс­­тап шақырдым. Тоқтап, есегі­­нен түсіп, бас жібінен ұс­тап бері қарай жүрді. Келіп ибалықпен сәлем берді. Сәкең алға ұмсына шығып: «Балам, мына ағаңды танисың ба?» деді. Айтуын айтып қалғанмен, бала қалай жа­уап береді деп қобалжыған болуы керек, сәл күйгелектеніп қалды.

Бір сәт тыныштық орнай­ қал­ды. Мариям жеңгей де қызық­қан түр танытып, жанымызға жақындады. Бала қонаққа сәл көз тоқтата қарап, «Танимын, бұл кісі қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов аға ғой» деді, «суретін көріп жүрмін ағаның, кітабын да оқыдым» деді салмақпен сөйлеп. Сәкең баланы құшақтай алды. Қарасам, Шыңғыс ағаның жанары да боталап кеткен екен, ол да баланы бауырына басты. «Қаламгердің бақыты осы ғой» деді жүзі нұр­ланған Сейдағаң.

«Ауа, урматту Сайдаш, мен үшін бұл үлкен сый, қазақ ту­ғандарға шоң рахмат» деді толғана сөйлеп. Сонан соң: «Балам, күн батар кезде қайда бара жатырсың?» деді балаға. «Сиырымыз жоғалып, соны іздеп бара жатыр едім» деді ол. Шықаң: «Балам, мекен-жайыңды айт, енді сиырыңды іздемей-ақ қой, сиыр менен болады» деп жүргізушісіне жазып ал дегендей иек қақты. Ол жазып алып жатты. Қаламгер сиыр жіберген болар, ол жағын діттеуге сонда назар аудармай қалғанымыз журналист үшін айта жүрер кемшілік болды деп ойлаймын. Әрине, сол бала қазір атпал азамат болған шығар. Мүмкін осы мақала көзіне түссе, бір хабарын берер деген үмітім де бар.

Бала сол Қордай асуының иегіндегі «Алға» деген ауылдың мектебінде 9-шы класта оқып жүрген шәкірт екен. Сол жерде баланы ортаға алып бірнеше кадр түсірілді. Мынау сол сурет еді: Қаламгерді жазбай таныған бала, оның көк есегі, жанында тұрғандар: Мариям жеңгей, мен, Шыңғыс аға, Сейдахмет Бердіқұлов, есек үстінде қырғыз елінің қазіргі танымал дипломаты, сол кездегі жеті жасар ұлы Элдар. Бұл кездесуден соң «Лениншіл жас» газетінің 1986 жылғы 1-ші қараша күнгі нөмірінде менің «Жол мұ­раты – жету» деген бір беттік сұхбатым жарық көрді. Оны қымбат қағазға 100 дана етіп бөлек шығартып, Сейдахмет ағамыз арнайы Фрунзеге барып, Шыңғыс Айтматовтың өз қолына тапсырып, қуанып, ағаның асыл алғысын ала келді.

Тағы да жолға шықтық. Сұрақтар жалғасты. Күн ба­йырқалап, жыр даңғылы Жам­был бабамыз айтқан: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, болады жын соққандай кешке жақын» деген өлеңнің егіз жолы еске түсті. Қара жолдың бойындағы қарақұрым тіршілік қозғалысы сараңданып, алыстан көрінген қазақ Алатауының терістік беті қоңырқай тартты. Ағамен қимай қоштасып, әкесін алыс жолға аттандырған баладай болып жол бойында қала бердік. Қара «Волга» қадірлі қонақты ала жөнелді. Шыңғыс ағаның көлігі екі жүз метрдей жүріп барып тоқтай қалып, алдыңғы есігі ашылып, Шыңғыс аға сыртқа шықты. Сәкең сабырсызданып: «неге тоқтады екен, тез ба­райық» деп алға түсті. Шыңғыс аға асықпай басып, аяңдап келе жатыр.

Қасымызға келіп, Сәкеңе қарап: «Сейдахмат, сен абыржыма, бәрі дұрыс, рұқсат болса мына Өтеген бауырыммен суретке жеке түсейін деп едім, сол үшін тоқтадым» деді. Мен әрі қуанып, әрі абыржып, Сәкеңе қарадым. Ол: «әрине, Шықа, әрине, ініңізді таны­ғандай болдыңыз ғой, рахмет, түсіңіздер» деп Рахымбайға қа­рай иек қақты. Шықаң мені бауы­рына басып қысты да, құшақтап тұрып суретке түсті. Шыңғыс аға: «Өтеген бауырым, менің мекен-жайым Фрунзе шаһары, Тоқтағұл көшесі, 9-шы үй, жолың түссе, соқ» деп жылы­ұшырай қарады. Сосын көлігіне отырып жүріп кетті.

Осы бір сәт есімнен шыққан емес. Әйтеуір Шоң көкемнің шұғыласы түсті. Ұлы қаламгерге қай жағымнан жақтым деп ойландым. Ойлана келе, көлік ішінде өз жанымнан қойған бір сауалым еске түсті. Онда: «Қа­зақ жауға шапқанда ұрандап шабатынын білесіз. Сіздің жауға шапқандағы ұраныңыз қандай?» деп сұраған едім. Сон­да Шықаң көзін жұмып, ұзақ­тау ойланып отырып: «Менің жауға шапқандағы ұраным – «Бәйтерек» болады» деп көзін ашып, сәл отырып: «Тұрар Рысқұлов ағамның да ұраны «Бәйтерек» болатын» дегені бар. Бұл ұранды кейін зерделей келе, екі тарихи тұлғаның арасындағы ортақ ұранның ізін аша алмадым. Менің де ұраным «Бәйтерек» еді. Сол жерде бұл ойыма келіп тұрса да, әдеп сақтап айта алмадым. Тарихтың қилы-қилы соқпағында небір жұмбақтар жатыр ғой, бәлкім ұлы тұлғаның сезімтал жүрегі бауырмал лүпілмен белгі беріп, өзгеше соқты ма екен? Кім біл­сін, барлығы бір Аллаға аян.

2008 жылғы маусым айында ұлы қаламгердің жүрегі соғуын тоқтатты. Қапылыста қаза болды. Жұмбақ өлім болды десек те, тіліміз жазықты болмас. Жайсаң жанды мәңгілік мекеніне – Ата бейітке ақтық сапарға шы­ғарып салуға Бішкекке кел­ген жер қайысқан қаралы топтың қата­рында келе жатып, 1986 жыл­ғы кездесуді еске алумен болдым. Сол сапардың сұл­ба­сы сағыныштың сазындай бо­лып жанымды және бір тер­беді. Екі жағын бәйтеректер көм­керген піл сауырлы, түйе­мойын төбенің беткейінен, Мәс­кеуде оқуда жүргенде үрейлі үн­деместердің қолына түсіп, арманда болып, атылып кеткен әкесі Төреқұл Айтматовтың жат­­қан жерінен, заманымыздың заң­ғар қаламгері, «Адамзаттың Айт­матовы» Шыңғыс Төреқұл­ұлы Айтматовқа да топырақ бұйыр­ды. Әкелі-балалы Айтматовтар ен­ді қатар жататын болды. Тап­ты, табысты бір-бірімен. Туған жерлерінің тылсымы да, тыншымы да түйінін түйді.

Олардың бейітінің басында ұраны болған Бәйтеректер енді қырғыз Алатауынан жүгіре жеткен самал желмен тербеліп, оның жас өрен жапырақтары туған жерінің ұлы перзенттерін жер бесіктегі мәңгіжайларында тербетіп, болашаққа тіл қат­қандай сыбдыр қағады. 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ