Көкейде жүрген жайт еді
Елбасының биылғы Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауын тыңдап отырып, әсіресе 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеген шешіміне дән риза болдым. Қалай десек те, жастар – біздің болашағымыз. Келешекте қуатты мемлекет боламыз десек, қай кезде де өскелең ұрпаққа жағдай жасап, қолдау білдіруіміз керек. Жастар – біздің ертеңіміз. 2019 жылдың «Жастар жылы» болып бекітілгенін естігенде, менің өнер адамы, педагог ретіндегі көптен бері көкейімде жүрген арманымның шын мәнінде ақиқатқа айналатынына сендім. Ол арман – Алматы қаласының төрінен жастар театрын ашу еді. Биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған бір топ талантты шәкіртімнің басын қосып, өзгеше үні, өз жолы бар жаңа театр ашсам деген жүрек түкпіріндегі ой-тілегім 2019 жылы «Жастар жылының» аясында жүзеге асып, ақиқатқа айналып жатса, қазақ өнері тағы бір тамаша өнер ошағымен толығар еді. Қарап отырсам, еліміздің біраз облысы мен қаласында Жастар театры бар екен. Ал Алматыда өз жолы мен сүрлеуі, жаңалығы бар Жастар театры әлі ашылмапты. Осы олқылықтың орны толып, «Жастар жылында» жақсы бір бастама өз шешімін тауып жатса, бұл да болсын келешегін өнермен байланыстырған бір топ талантты өреннің қиялына қанат байлап, арманын ақиқатқа айналдырған ғажайып бастама болатынына сенемін.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі
Өмір сапасы – өзекті мәселе
Жаңа Жолдаудың уақыты тәуелсіздік тарихындағы маңызды күнмен тұстас келді. Осыдан 21 жыл бұрын, яғни 1997 жылғы 10 қазанда Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын жариялаған болатын.
Онда «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасын жариялаған-ды. Содан бері Жолдау халықтың назарын аударатын құжатқа айналды. Әлеуметтік сауалнамалардың деректеріне сүйенсек, халық Жолдаумен жақсы таныс. Тұрғындар онда айтылған бағыттарға үлкен үміт артады, құжатта қойылған міндеттер орындалады деп күтеді.
Президенттің әрбір Жолдауы барлық деңгейдегі менеджерлер жұмысының тиімділігі бағаланатын елеулі практикалық ұстанымдарға негізделген. Халықтың әл-ауқатының тұрақты өсуі, өмір сүру деңгейінің артуы – біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз. Биыл Президент өзінің жаңа Жолдауында өзекті мәселеге – өмір сапасын жақсартуға баса назар аударды.
Соңғы бес жылда біз мемлекеттік бағдарламалар мен жүзеге асқан көптеген идеялар жинақтадық. Бұл өз кезегінде алға жылжуымызға, дамудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.
Қазір қоғамның жетекші компоненттерін тереңдететін және анағұрлым маңызды өзгерістер жасайтын уақыт. Маңызды мәселелердің бірі – қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеруі. Біз ұрпақ алмасуына куә болып отырмыз. Елімізде 1990 жылдардың соңында, 2000 жылдың басында туған жастар үлкен өмірге араласа бастады. Олардың алған білімі еңбек нарығында бәсекелестікті арттырды.
1990 жылдары мамандардың кету кезеңі болғаны белгілі. Мамандардың кәсіби негізі сақталғанымен, заманауи жаңа талаптар мен технологиялар ортаға шығып, соған сай кадрлық әлеует әлсіреді.
Қазіргі таңда білікті мамандар тапшы. Бір жағынан елімізде жастардың саны 2013 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде 4,3 миллион адамнан 3,9 млн адамға дейін азайған. Бірақ алдағы уақытта халықтың саны өсіп, жастардың үлесі арта түседі. Сондықтан жастарды дамытуға инвестиция салу қажет. Егер жастарды қажетті деңгейде қолдай алсақ, онда жаңа буын күткен нәтиже көрсетіп, бәсекеге қабілет артып, отансүйгіштік сезімі оянып, артылған үмітті ақтайды.
Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанда келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл өте уақтылы және болашаққа бағытталған шешім болды.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры
Бұл – ауылға айрықша бетбұрыс
Жолдауда Елбасының ұстаздар жайындағы, әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі, алтын бесігіміз ауыл турасындағы ойларын өз басым тебіреніспен қабылдадым. Президент келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырды. Бұл көптен бері ел көкейінде жүрген мәселе еді. Расында, бүгінде кезінде Мағжан ақын айтқандай алты Алаштың басы қосылса төрде отыруы тиіс мұғалімнің төменшіктеп жүргені, қолжаулыққа айналғаны белгілі. Сондықтан бұл заң қабылданса, ұстаздар қауымының қоғамдағы рөлін нықтайтыны анық. Заңға қатысты білім саласы мамандары өз ұсыныстарын, ой-пікірлерін айта жатар деп ойлаймыз.
«Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді», деді Мемлекет басшысы. Қазақтың күретамыры, жаны – ауыл. Елімізде күннен-күнге көркейіп жатқан ауылдармен қатар кетеуі кетіп тұрған ауылдар да жоқ емес. Әсіресе қаладан шалғай шекаралық аймақтардағы ауылдардағы мектептердің жабылып, халық санының азайып жатқаны рас. Облысымыздың мың шақырымға жуық жері Қытаймен шектеседі. Басқа-басқа, осы мемлекетпен шекараны нығайту кезек күттірмейтін мәселе. Осы ретте алдағы уақытта қолға алынатын «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында шекаралық аймақтардағы ауылдарға назар аударылса, арнайы бағдарлама қабылданса жөн болар еді деп ойлаймыз. Үкімет осы мәселені назарға алса дейміз.
Елбасы Жолдауда кәсіпкерлерге кедергі жасалмау керектігін, бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырды. Мұндай жеңілдіктер шекара аймағындағы тұрғындарға жасалса да нұр үстіне нұр болар еді. Сонда шекараға халық барар еді. Әсіресе кәсіпкерлер барады. Кәсіпкерлер өздерімен бірге әріптестерін апарады. Үйді де, мектепті де салғызады. Аурухана да бой көтереді. Сөйтіп шекара бойындағы ауылдар еңсесін тіктеп, жандана түсер еді.
Президент Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін де айтты. Бұл – үлкен, ауқымды жұмыс. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуден асқан қандай міндет, қандай мақсат бар? Оларға қазақтың кім болғанын, бабаларымыздың кең-байтақ жерімізді қалай қорғап қалғанын, Әлімхан Ермеков, Смағұл Сәдуақасов сынды Алаш қайраткерлерінің, кейінгі Жұмабай Тәшенов секілді тұлғаларымыздың елді, жерді сақтаудағы ерен еңбектерін жас буынның санасына сіңірсек, бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ,
салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы
ӨСКЕМЕН
Елбасы Жолдауы Үкіметке сын болмақ
Ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы ғылым мен білімге, медицинаға бөлінеді деген сөз, бұл – революциялық шешім. Біз бұрын 2-3 пайызға өссе екен деп армандайтын едік. Елбасының сөзі біздің арманымыздан да асып кетті. Енді соны атқаратын адамдарға жеткізу – үлкен мәселе. Жолдауда тағы бірқатар маңызды мәселе айтылды. Тұрмысты жақсарту үшін күнделікті қарапайым тауарларды шығару керек.
Президент орынды көтерген өзекті мәселенің бірі – жоғары оқу орындарының сапалы маман оқытып шығаруы. Расында, – ел ертеңіне қызмет ететін маман даярлап шығара алмайтын саны бар, сапасы жоқ оқу орындарының қажеті қанша?! Елбасының болашағы зор, келешектің мамандығы саналатын мамандықтарға басымдық беру туралы пікірі өте ұтымды көтерілді. Бүгінде қоғамның локомотиві болып табылатын білімді жастарды инновациялық мамандықтар дайындау арқылы ғана ала алатынымыз жөніндегі Елбасы пікірімен толықтай келісемін. Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университет еліміздің білім жүйесіндегі стандарты, үлгісі болуы тиіс.
Елбасымыздың кез келген Жолдауы халықтың көкейінен шығатын ой-пікірі мен ұсынысы, шешу жолдары, елдің даму бағытымен тұздықталады. Бұл жолы да солай болды. Экономика саласы, халықтың әлеуметтік-қоғамдық тыныс-тіршілігі, жастар, білім – барлығы қамтылды. Әрі бір-бірімен тығыз байланысты. Шашау шыққан дүние жоқ. Тек ретімен жүзеге асыру өз уақытын күтіп отыр.
Ғарифолла ЕСІМ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Салаға тың серпін береді
Елбасының Жолдауында халыққа өте қажетті мәселелер көтерілді. Олардың ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған мақсат-міндеттерді ерекше атап өтуге болады.
Жалпы, медициналық қызмет сапасының жоғары болуы халық көңіл күйінің жақсы болуына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл арада біріншіден, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы аса маңызды. Сондықтан Елбасы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлер үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен 20 процентке арттыруды тапсырды. Сондықтан осы бағытқа алдағы жылы 5 миллиард теңге бөлінбек.
Бұдан бөлек, Жолдауда келер жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарын цифрлы нұсқада жүргізуі тиіс екендігі айтылды. Бұл да өз кезегінде халыққа өзіндік тиімділігін көрсететін болады. Нақтылай айтқанда, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық төлқұжатын жасауға, түрлі келеңсіздіктерді, кедергілерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады.
Тағы бір айта кетер жайт, елімізде кардиохирургия саласының жетістіктері өте көп. Сондықтан Елбасы еліміздегі кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесі негізінде келер жылы елордада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталатынын айтты. Бұл өз кезегінде онкология саласын көтеруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде Қазақстанда жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі сатыда онкологиялық аурулар тұр. Сол үшін де бұл орталық өте маңызды. Алдағы уақытта заманауи онкологиялық орталық салынып жатса, оның халыққа тигізер пайдасы зор болмақ.
Зәуреш АМАНЖОЛОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Қайта өңдеу кенжелеп тұр
Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығына байланысты өзекті мәселелер сөз болды. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз ауыл шаруашылығының барлық түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Адамның ас-ауқаты үшін ең маңыздысы ет пен сүт, көкөністер, бау-бақша өзімізде өндіріледі. Сөйте тұра соның бәрін сырттан тасымалдап, басқа елге инвестиция құюмен келеміз.
Мемлекет басшысы елімізде қайта өңдеу кәсіпорындарының тұралап тұрғандығын Үкімет мүшелеріне тағы да ескертті. Ғалымдар бұл бағытта жұмыс жасамай жатқан жоқ. Бірақ көп идея, жаңа бастамаларға қолдау жоқтың қасы. Мемлекеттік қолдаулар кейде Қазақстанда әзірге жүзеге асыруға қажеті аз жобаларға бөлініп келетіндігі баспасөз беттерінде аз жазылып жүрген жоқ. Сондай-ақ өз ғалымдарымыздың қолынан келетін жобалар басқа елдердің пайдасына қызмет етіп жатқан жағдайлары бар. Мәселен, Түркістан облысында Қытай кәсіпкері түйе сүтін терең өңдеп құрғақ ұнтақ, таблетка күйінде шығару үшін үлкен өндіріс орнын ашты. Қытай қашан түйе баққан ел еді?! Сол аймақта бүкіл ғылыми жұмысын түйе сүтін зерттеуге арнап, құрғақ ұнтақты ең алғаш шығарған ғалым бола тұра, оның бастамасын қолдай алмадық. Түйе сүтін өңдеуді өз мемлекетіміз қолға алғанда адам ағзасына ең керек дәрумен шұбатымыз Қытай асып кетпес еді. Біз ғалымдарымыздың еңбегін осылайша бағалай алмай келеміз.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының бас директоры
Қызылорда облысы