Саясат • 09 Қазан, 2018

Озық елдер үлгісіне ұмтылыс деп білемін - Айжан Мұқышбаева

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Озық елдер үлгісіне ұмтылыс деп білемін - Айжан Мұқышбаева

Елбасының Жолдауы ха­лықаралық сауда ережелерінің бұзылуы, өндірістің жаппай автоматтандырылуы, әлемдік қаржы жүйесінің тұрақсыздығы сияқты сын-қатарлерге төтеп беріп, оларды өз мүддемізге пайдалана білуге бағытталған. Осы сын-қатерлерге тек еліміздің басты байлығы адам капиталын дамытып қана қарсы тұруға болатындығы айтылды. 

Мәселен, соңғы уақытта орын алған ұлттық валютаның әлсіреуі әсіресе табысы төмен халықты қатты алаңдатқан болатын. Осы тұста Елбасының ең төменгі жалақыны 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру туралы тапсырмасы 1 млн 300 мың адамның әл-ауқатының төмендеп кетпеуіне көмектеседі.

Ел азаматтарын жұмыспен қамтуда бизнестің рөлі жоғары бо­­­­луы тиіс. Сол үшін Елбасы Жолдауында өз тиімділігін көрсетіп жатқан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту ұсы­нылды. Бұл мақсатта бюджеттен 30 миллиард теңге қара­жат бөлі­­­ніп, сәйкесінше бизнес ашқан адам өзін жұмыспен қам­та­масыз етіп қана қоймай, басқа азаматтарға да жұмыс орнын ашатын болады. Сонымен қатар биз­нестің «қолма-қол ақшасыз» экономикаға көшуі көлеңкелі эко­номиканың үлесін азайтып, мемлекеттік бюджетке салық­тардың түсімін көбейтеді.

Азаматтардың әл-ауқатына әсер ететін тағы бір сала – тұрғын үй-коммуналдық шы­ғындары. Осы уақытқа дейін халық­тың басым көпшілігі комму­нал­дық шығындардың жоғары екендігін, олардың төлеп жатқан қаражатының нәтижесіздігін айтып келген болатын. Себебі  монополистер халықтан жина­ған коммуналдық төлемнің бір бөлігін тозу деңгейі жоғары құбырларды жөндеуге инвес­тициялап, жылу немесе судың шы­­ғынға кетуін азайтуы тиіс бо­ла­тын. Осыған орай Елбасы мо­но­полистердің қызме­тіне бақы­­лауды күшейтіп, комму­нал­­дық төлемдердің жұмсалу бағы­­тын ашық жариялауды тапсырды.

Сонымен қатар алдағы уа­қытта халық тұтынатын тауарларды өз елімізде өндіру үшін кәсіпорындарға қолдау көрсету­ге баса мән берілетін болады. Бұл шара ұлттық валютаның еркін айналымы кезінде халыққа қажетті тауарлар бағасының тұрақсыздығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділікті азайтады.

Қорытындылай келе, 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 процентіне дейін жеткізу қазақстандықтардың өмір сүру сапасын дамыған елдердің өмір сүру стандарттарына жақындата түсетіні анық.

Айжан МҰҚЫШБАЕВА,

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы