Қоғам • 09 Қазан, 2018

Агротехнологияның әлеуеті зор - Кенже Абдуллаев

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Агротехнологияның әлеуеті зор - Кенже Абдуллаев

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында агроөнер­кәсіптік кешенге арнайы тоқталып, осы саланың бүкіл әлеуетін толығымен пайдалану керектігін айтты. Өте орынды мәселелер қамтылды. Себебі еліміздің АӨК әлеуеті өте зор. Оны толық пайдалану үшін Елбасы айтып өткендей, тиісті агротехнологиялардың барлығын қолдануымыз керек, сонда мол өнімге қол жеткіземіз. Астықтың өнімділігін, шығымдылығын арттыра аламыз. 

Мемлекет басшысы мысал ретінде «Атамекен агро» аясында жүзеге асырылып жатқан шаруаларды айтып өтті. Біз Бараев орталығы «Атамекен агро» шаруа қожа­лы­ғымен бірлесіп, 500 гектар жерге Бараев орталығының бидай сортын ектік. Нәтижесінде қожалық жоғары өнімге қол жеткізді. Бүгінде олар 40-60 центнерден астық алып отыр.

Биылдан бастап А.Бараев атындағы Астық шаруашы­лығы ғылыми өндірістік орталығында 3 мың гектар жерде дәлме-дәл егіншілік жобасы жүзеге асырылуда. Алғашқы өнімді де алдық. Дәлме-дәл егіншілік жобасының мәнісі – цифрлы технологияларды қолдану, жүйені автоматтандыру, сол арқылы мол өнімге қол жеткізу. Алғашқы қорытындысы бойынша дәлме-дәл егіншілік технологиясының үлкен пайда беретініне көз жеткіздік. Біріншіден, жыл сайын тыңайтқышқа жұмсалатын шығын 20 процентке азайды, химикаттарға жұмсалатын шығын көлемі де 40 процентке кеміді. Өнімділік былтыр 10-11 центнер шамасында болса, биыл гектарына орташа есеппен 26,6 центнерден шықты. Яғни 1-1,5 есеге жуық артық өнім алып отырмыз. Мұның барлығы дәлме-дәл егіншілік жобасының, заманауи агротехнологияның арқасы. Елбасы бұл мәселеге дер кезінде мән беріп отыр. Еліміздің ауыл­шаруашылық тауарын өндірушілер осы мәселеге мән берсе, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті қуатты болары сөзсіз. 

Кенже АБДУЛЛАЕВ,

А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор