Бірінші есеп:
Асқа келген адам қанша?
Ертеде қазақ даласында шағын ас беріліпті. Даяшылар асқа жиналған халықты санап көрсе, тура 100 адам екен. Содан қызметшілер әр адамға бір-бір табақ ас тартуды жоспарлап, осылай атқарғалы жатқаны туралы ас иесі ақсақалға хабар беріпті. Оқиғаға қаныққан ас иесі: «Олай жасамаңдар, асқа келген әр төреге төрт табақ, әр қожаға қос табақ, төрт қараға бір табақ тартылсын», депті.
Сөйтіп табақ ас иесінің айтуы бойынша тартылған екен, ешқандай табақ та, адам да артылып, не кем қалмай дәл болыпты. Ендеше, асқа қанша төре, қанша қожа және қанша қарапайым адам қатысты?
Екінші есеп:
Сарбаз қанша шақырым жол жүрді?
Ертеде жаугершілік заманда Бөгенбай батырдан тапсырма алған барлаушы сарбаз Бөкең жасағы орналасқан тұстан 50 шақырым қашықта сағатына бес шақырым жылдамдықпен келе жатқан жау әскерін мұқият барлап алады да, өз әскеріне жасырын шауып келіп, жау туралы өзі көрген ақпарды жеткізіп, қайтадан жау жаққа ат ауыстырып қайта оралады. Тасалау жерге тұра қалып, қасынан өтіп бара жатқан жаудың әскер саны қанша, қарулары қандай, аттары тың ба, шеріктері жиыңқы, әлде шұбыртпалы ма, тағы сол сияқты сипаттарды аңғарып, көргенін қолбасшыға жеткізе салып, тағы да ат ауыстырып қайтадан жау жаққа оралады.
Барлық мәліметті толықтай алған Бөгенбай әскері шайқасқа сақадай сай дайындалып, өзінен екі есе көп жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, жеңіске жетеді. Егер де барлаушы сарбаздың жылдамдығы сағатына 60 шақырым болса, онда ол бас-аяғы қанша шақырым жолды тоқтаусыз шауып өтті?
Үшінші есеп:
Абыз және қырық қарақшы
Талас өзенінің бойында Дөңгелек саз деген жерге елге әйгілі егде тартқан зергер қоныс теуіпті. Есепке жүйріктігіне, болжампаздығына қарап халық оны Абыз деп атапты. Бір күні оның үйіне қырық қарақшы келіп:
– Сенде тай тұяғындай сом алтын бар екен, соны алуға келдік, – дейді қарақшылардың басшысы. Сонда Абыз аспай-саспай, жайдары түрмен:
– Жұдырықтай алтыным бар екені рас, бірақ сендер қырық адам екенсіңдер, бәріңе бөлгенде ол түк те болмайды. Сондықтан кім болса да біреуің ғана алыңдар.
– Сонда ол кім болмақ? – деп сұрайды карақшылар.
– Бәрің көк шалғынға дөңгеленіп отырыңдар. Қатарларыңа қырық бірінші болып мен де отырайын. Одан соң іштеріңдегі біреуіңнен бастап оңнан солға қарай бір, екі, үш,.. деп санай бастаймын. Кімде-кім оныншы болып шықса, сол алтыннан күдер үзсін.
Қарақшылар Абыздың ұсынысына таңдана, қызыға қарайды да, бір ауыздан қабылдап, бәрі алқақотан дөңгеленіп отырады. Оларға алтын иесі де қосылады. Содан соң ол оң жағындағы «пәлен» адамды бір деп санап, оныншы адамды орнынан тұрғызды. Одан әрі тағы да бір, екі деп санап келеді де тағы да бір оныншы адамды қатардан шығарады. Сол тәртіппен соңына дейін айналдырып санағанда Абыздың өзі ғана қалады. Сонда Абыз санауды қалай жүргізген және өзінен бастағанда нешінші адамды «бір» деп санаған?
Дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ЕСКЕРТУ: Есеп жауаптарын [email protected] поштасына жолдауларыңызды өтінеміз!