Алматыдан жұма күні шығатын пойыз жексенбі күні кері қайтады. Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Бұл пойыз келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар. Сонымен қатар, иелігінде заман талабына сай 100-ден астам вагон бар «Тұран экспресс» компаниясы Түркістан мен Шымкент қалалары арасында күн сайын қатынайтын пойыз бағытын ашуды да қолға алмақшы.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болып, пікір алмасқан компания басшысы өңірдің туризмін дамытуға үлес қосатынын айтты. Бұл орайда «Тұран.тв» телеарнасы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының көрікті, шежірелі орындары туралы бейнематериалдар, репортаждар, фильмдер әзірлемек. Әкімдіктегі кездесу барысында «Тұран экспресс» компаниясы мен Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы және ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік және іскерлік байланыс жөнінде меморандумға қол қойылды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы