Медицина • 10 Қазан, 2018

Цифрлы медицинаның күні туды - Айжан Әжіғалиева

164 реткөрсетілді

Биылғы Жолдауды бастан-аяқ бірнеше мәрте тыңдап, барлық қазақстандықтар сияқты қарапайым халықтың әлеуметтік тұрмысына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінгеніне қатты қуандым.

Елбасының Қазақстан халқына жаңа Жолдауында әсіресе білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға, банктерге қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өз басым әсіресе алдағы жылдың «Жастар жылы» деп жарияланатынына қатты қызықтым. Бұл біздің жастарымызға, келешек ұрпаққа көрсетіліп отырған қамқорлық, үлкен мүмкіндік қой.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы қаншама биік белесті бағындырып келеді. Мұның бәрі елдегі бейбіт өмірдің арқасы. Президенттің «Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз» деуі – үлкен даналықтың көрінісі. Шынын айтсақ, бірлік барлық салаға керек. Біздің медицина саласына да.

Биылғы Жолдау «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталды. Табыс көбейіп, тұрмыс сапасы артса, халықтың денсаулығы да жақсарады. Өйткені табысы көп, тұрмысы жоғары отбасы уақытымен демалады, нәрлі тамақ ішеді, өзін сапалық тұрғыда дамытуға мүмкіндік табады. Әрине, мұндай жағдайда Қазақстанның да деңгейі көтеріледі. Бұлардың бәрі бір-бірімен тікелей байланысты нәрсе ғой. Елбасы алға қойған міндеттерге жетсек, еліміз алдыңғы қатарға шығатыны анық.

Медицина қызметкерлері де қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Жоғарыда айтылған тұрмыс пен табыс бізге де қатысты. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігерлер де бар, жалақысы көбейетіндігі бізді де қуантады. Ең бастысы – қазақстандық медицина қызметкерлері дұрыс білім алса, маман ретінде жақсы жұмыс жасауына барлық жағдай жасалса, бейнеті мен зейнеті бір-біріне сай болса, одан артық не керек?!

Өзім қызмет ететін Орал қаласындағы №5 көпбейінді емхана – жаңадан салынған, жаңа ауданда орналасқан мекеме. Біздің емхана аумағында 51 мың тұрғын тіркелген. Осынша халықтың көңілінен шығу, сұранысын орындау оңай шаруа емес. Барлық жердегі сияқты кадр тапшылығы бізде де кездеседі. Жақында осы тақырыпқа арнайы конференция да өтті. Бірақ, қалай десек те дәрігерлер Гиппократ антына адал. Алдына келген науқастың барлық талап-тілегін орындап, тиісті емін жасауға бар ынтасын салып қызмет етіп келеді.

Жаңа жолдауда қарапайым халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесі тағы да айтылды. Жалпы адам баласы үшін оның өз шаңырағы, баспанасы болуы – өте маңызды ғой. Елбасымыз бұл мәселені әрқашан басты назарда ұстап келеді. Оған өзім де куәмін. Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша өз пәтеріме қол жеткіздім. Жылдық өсімі 10 пайызбен алып, бүгінде айына 17-18 мың теңге төліп отырмын. Мұндай мүмкіндік қазір баршаға қолжетімді – ақшаңды жина, құжаттарыңды ретте, ипотекаңды ал. Еш кедергі жоқ қой.

Айта берсем, жаңа Жолдаудан алған әсерім көп. Мысалы, білімді мектепке дейінгі саладан бастау туралы Елбасының сөзі қатты ұнады. Шынында да адамның мінезі, тұлғалық іргетасы балабақшадан қалыптасады ғой. Бірлік пен татулыққа, ұжымда еңбек ете білуге балабақшадан баулыған сәби жаман адам болмайды.

Біздің Батыс Қазақстан облысында медицина саласына цифрландыру үрдісі ерекше қолға алынғандығынан барша жұрт хабардар шығар. Мысалы біздің емханада халық денсаулығын қамтамасыз етуге қажетті барлық жабдық бар. Қазірдің өзінде цифрлық медицинаның игілігін, оң нәтижесін көре бастадық. Қазір бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Науқас емханаға келгенде иін тіресіп кезекте тұрмайды. Өз уақыты қашан келетінін монитордан көріп, жайлы жерде күтеді. Дәрігерлер де қағаз тасудан құтылды. Бұрынғы «дәрігердің жазуы түсініксіз» деген заман өтті. Бір мысал айтайын, ауылдан келген бір туысым жақында ауруханаға жататын болды. Сөйтсе, бір анализін үйде ұмыт қалдырыпты. Бұрынғы кез болса аулына қайта барып, қанша уақыты мен қаржысын жоғалтар еді ғой. Бұл жолы дәрігер науқастың электронды базадағы мәліметтерін ашып қарап, барлық анализ нәтижесін сол жерден біле қойды. Міне, цифрлы медицинаның кереметі.

 

Айжан ӘЖІҒАЛИЕВА,

№5 емхананың статисі

Орал қаласы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Кеше

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар