Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбас­шы­лары­ның VI съезі. Қатысушылар лебізі

661 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбас­шы­лары­ның VI съезі. Қатысушылар лебізі

Муфтий Азиз ХАСАНОВИЧ, 

Хорватияның мешихат 

ислам қоғамы ұйымының төрағасы:

– Осындай жиынға қатысу мен үшін үлкен құрмет. Осымен екінші мәрте Қа­зақ­станға келіп отырмын. Бұған дейін де дәстүрлі діндер көшбасшыларының съе­зіне қатысқан болатынмын. 

Мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың осы мәселеде көтерген баста­ма­лары әлем үшін қажет. Мұндай жиын көптеген түйткіл­дерді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ съезд жұмысы алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімім мол. 

Әлемдегі ахуал күрделеніп тұрған қазіргідей кезде Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі дәстүрлі діндер көшбасшыларын бір жерге жинап, пікір алмасу алаңын ұйымдастыра алып отыр. 

Осындай жиындар бейбітшілікті, толерант­тылықты, бірлікті насихаттайды. Бұл тұрғыда Прези­дент Н.Назарбаевтың еңбегі зор. Сонымен қатар конфес­сия­аралық татулықты сақтауда Қазақстан әлем елдеріне үлгі болатынын айта кеткім келеді. 

Әлемдегі діни түйткілдерді шешу үшін съезд аясында қа­былданған шешімдерді жүзеге асыруымыз қажет. Осы конфе­ренцияға келген құрметті меймандардың бәрі әлемде бейбіт­шілік орнатуды көздейді. Олардың бәрі өз еліне барған соң осында жасалған келісімдерді халыққа жеткізуге көмектеседі. 

Қазақстан Президентін осындай ауқымды жиын өткізуімен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ әлемнің дінбасыларын жинап, келелі мәселелерді талқылауға ұмтылысын жоғары ба­ғалаймын.

Дмитрий БАЙДЕК,

Успен кафедралды соборының 

аға дін қызметкері, протереи: 

– Бүгінгі Астана діндер арасындағы салиқалы сұхбат алаңына айналды десек, қателеспейміз. Оған кезекті алтыншы рет өтіп жатқан дәстүрлі діндер съезіне жиналғандардың ауқымды дәлел. Бұл шараның қамтыған тақырыптарының да өзекті екенін, түрлі конфессия өкілдерінің күрделі қоғам мәселелерін жеке-жеке емес, бірігіп шешуге деген ұмтылысын байқатады. Осы орайда Қазақстан халқы да басшымыз ұс­тан­ған бағытқа сай бүкіл әлемге өзінің біртұтас берік бірлігін паш етіп, үнемі толеранттылықтың, діни төзушіліктің тұрақтылығын көрсетіп келеді. 

Міне, әр үш жыл сайын өтетін дәстүрлі діндер өкілдерінің съезінің бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Қазақстанды зайырлы мемлекет ретінде танытып қана қоймай, дін тұрғысынан да көптеген мемлекеттерге жол көрсете білетін, тура жолға нұсқау беретін темірқазық еткен басшының еңбегі, алатын орны өлшемге келмейді. 

Елбасымыз Қазақстан басшысы ғана емес, қазақстандықтардың ортақ әкесі сияқты. Бұл тек идея, бастама көтеру тұрғысынан емес, қоғам тынысын тап басып отыратын әрбір қадамында, барлығын қамқорлығына алуға тырысатындығында ма деп ойлаймын. 

Қазақстанда түрлі сенімдегі түрлі ұлт өкілдері ортақ татулықта ешқандай қақтығыссыз бірге ғұмыр кешуде. Қоғамымызда өзінің сенімін күшпен таңатын, дінінің дұрыстығын агрессиямен дәлелдейтін жағдай орын ала қойған жоқ. Қазақстан халықтары мемлекеттік мерекелерді ортақ тойлап, үнемі кез келген істе ауызбіршілік ұстанып келеді. Қоғамдағы ортақ іске жұмылуымыздың өзі біздің берік іргемізді бекіте түседі. Бұл – тамаша дүние, қалыпты адами қарым-қатынас. 

Имам Фейсал Абдул РАУФ, 

Cordoba Initiative ұйымының төрағасы (АҚШ):

– Әлемде дін атын жамылғандардың жағымсыз әрекетін талқылайтын жиындар көп. Алайда мұндай жиындар, яғни жер жаһанның діндері көшбасшыларының бір арнада тоғысып, пікір алмасуы сирек жағдай. 

Негізі, діннің басты мақсаты – адамдарды құдаймен байланыстыру. Егер адам құдайды таныса, онда ол ешқашан басбұзар, экстремист болмайды. Оның орнына мейірімді, көркем мінез иесі атанады. 

Алайда қазіргі таңда дін атын жамылып, адамдарды алшақ­та­туға, елдің бірлігі мен тұтастығын бұзуға талпынып жүргендер көп. Сондықтан осындай конференциялардың діннің шынайы мә­нін түсінуге, саяси көшбасшылардың осы бағытта шешім қабыл­дауына мүмкіндік береді деп сенемін. Адамзат арасындағы ізгілікті насихаттауға үлес қосады. 

Мұндай жиындар өткізіп, сонымен шектеліп қалу әлемдегі діни мәселелерді толыққанды шешпейді. Түйткілдерге қатысты шешім қабылдайтындар – саяси тұлғалар. Сондықтан олардың бүгінгідей съезге қатысуының маңызы зор. Қарапайым адамдар өздері үшін ғана жауап бере алуы мүмкін. Ал саясаткерлер ел үшін, қоғамға қа­жетті шешімдерді қабылдайды. 

Әлем көшбасшылары жиі-жиі жи­налып, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пікір алмасып тұруы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын қол­даймын. Ол – әлемде бейбіт өмір қалыптастыру үшін аянбай тер төгіп жүрген саясаткерлердің бірі.

Томаш ПЭТА,

Астанадағы Рим-католиктік Әулие Мария Архиепархиясының архиепископы:

– Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастама­сымен Астана қала­сында әр үш жыл сайын өт­кі­зілетін Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – ұлты мен ұстанатын сеніміне қарамастан адам­заттың бір-біріне жақсы қарым-қатынаста болуына септігін тигізетін үлкен шара. Географиялық, рухани, тіл­дік кедергілер болғанымен, біз бір-бірі­мізді жақсы түсінуге талпынуымыз қажет деп ойлаймын. Мұндай іс-шара адам­затты бір-біріне жақындата түсіп, өзара түсінісуге әкеледі. Бұл қазіргідей әлем­дік аренадағы діни наным-сенім бойынша орын алып жатқан қақтығыстардың аясын­да Қазақстанның толерантты ел екені­нің дәлелі. Елдегі заңды тіркелген 18 кон­фессия өкілдері бүгінде бір-бірінің се­ні­мін сыйлаудың озық үлгісін көрсетіп отыр. 

Жалпы, Қазақстанда әрбір кон­фес­сияның өз қызметін ресми жүргізуіне барлық жағдай жасалғанын көпшілік біледі. Мәселен, католик сеніміндегі 100 мыңнан астам адам еш қыспақсыз елдің барлық аймағында еркін өмір сүруде. Бұл католик дінін ұстанушылардың бірігіп, ортақ қызмет жүргізуіне, уағыз тың­дауына, өз ортасын іздеуіне мүм­кіндік беретіндігінің дәлелі. Ас­тана қаласында Ватикан елші­лігінің орналасуы, онда Апостол нунциі деп аталатын Рим Папасы өкілінің болуы – Қазақстанда діни наным-сенім бостандығы бар екендігін дәлелдейтін тағы бір факт. 

Мен Польшада туып-өскеніммен Қазақ­станға осыдан 28 жыл бұрын шақы­ру­мен келдім. Дін жолындағы қызметім Солтүстік Қазақстан облысындағы 

Та­йынша ауданының Озерное ауылында басталды. Ал 2003 жылы Қазақстан азаматтығын алдым. Түсіне білген адамға азаматтық ауыстыру ойланып-толғанып барып қабылданатын үлкен қадам екені белгілі. Осындай қадамға бару арқылы менің жүрегімдегі Қазақстанның орны қандай екенін көпшілікке ұғындырған сияқтымын. Жүрген жерімде үнемі Польшаның – анам, ал Қазақстанның әкем сияқты қос қанатым екенін айтып жүремін. Әр адамның әке-шешесі бар сияқты, менің де ата-анам бар. Қазақстан – мен үшін екінші Отан. Осында өткізген 28 жыл, расында үлкен уақыт. Осы жылдар ішінде мен қазақша оқып, қазақ хал­қының дәстүрі мен салты туралы көптеген нәрселерді үйрендім. Достарым көбейді. Көптеген адамдар туысқаныма айналды. 

Біз Қазақстанның зайырлы ел екенін білеміз. Бірақ дін жолындағы азаматтар еліміздің де азаматтары ретінде дін мен зайырлылық жолдарының өза­ра ұштасып жататындығын ұғамыз. Бұл жайтты билік басшылары да жақсы ұғын­ғандықтан дін қызметшілерін Мемлекет басшысының қатысуымен, Мәжіліс және Сенат депутаттарының қатысуымен өтетін елдің, қоғамның дамуына қатысты маңызды іс-шаралардан қалдырмай, пікір алмасуға шақырып отырады. Мен өз тарапым­нан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дін жолын ұстанушылардың мәселесіне үстірт қарамай, үнемі назарында ұс­тайтыны үшін ризашылығымды білдіргім келеді.

Суами ПАРАМЕЙШН, 

Үндістан көне монастырь ұйымының өкілі:

– Әлемде көптеген дәс­түрлі діндер бар. Солардың бәрі бүгінгі конференцияға қатысуды өздеріне зор абырой санайды деп айтсам қа­телеспеймін. Өйткені кез келген діннің басты мақ­­саты – бейбітшілік пен адам­­заттың игілігі. 

Діндер съезінің көзде­гені де осы. Адамзаттың бірлігі, дінаралық және конфессияаралық татулық бәрімізге қажет. Егер осындай жиындар болмаса, көп нәрсе жоғалтатын едік. Әлем діндерінің өзара байланысы ажырап, бір-бірін түсінуі қиындай түседі. Сонымен қатар бүгінгі іс-шарада талқыланатын тақырып та әлемде бейбітшілік пен тыныштық орнатуға бағытталған. 

Бүгінгі жиынға қатысқаныма шексіз қуаныштымын. Сондай-ақ конференция барысында айтылатын мәселелер мен сөйлейтін спикерлердің пікірлерін асы­ға күтемін. Еліме қайтқан соң жиын­­да көтерілген тақырыптар мен ор­тақ ке­лі­сім­дерді әріптестеріме жеткіземін. 

Әлемде туындаған түйт­кіл­дердің шешімін табу үшін барша адамзатқа ортақ алаң табылуы тиіс. Яғни, әр азамат өзіне ғана емес, әлемге ортақ, шартарапқа пайдалы әрекет етуі тиіс. Менің дінім осындай ұстанымды дұрыс көреді. 

Дін – рухани өмірдің тірегі. Егер осы рухани өмірді ізгі­лен­­діре алсақ, дін ешқандай мәселеге ай­налмас еді. Біз адамзат ретінде көр­кем мінез көрсетіп, жақсы амалдар жа­сасақ әлем қазіргіден де жақсы бола түседі. Осы тұрғыда бүгінгі­дей ауқымды шаралардың алар ор­ны ерекше. Жиын көпшілікті және же­ке адамдарды ортақ мәселені бірлесіп ше­шуге жұмылдырады деп есептеймін. 

Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарды, конфессияаралық тату­лыққа жасалған қадамдар мен бас­тамаларды көріп қуанамын. Әлемге сіздердің тәжірибелеріңізді жеткізу үшін халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет.