– Құрметті Серік Нығметоллаұлы, адам баласы үшін дүние есігін ашқан елі мен жері қымбат. Өйткені, көзіңді ашып көргенің, тұрмыс-тіршілікке қатысты тәжірибелерінен естігенің, ойға, көңілге түйгендерің, жадыңда сақталған адамдық, тазалық, дұрыстық жолына түскенің – баршасы осы бір табиғат аясында, осы бір ата-ана саясында, осы бір ортада бүр жарып, бүршік атып, өсіп-жетіліп, қанат жайып, мысқалдап қалыптасатыны анық.
– Дұрыс айтасың. Менің де атамекенім жер құты, ел бесігі мен несібі деуге лайық, жері пүліштей, суы күмістей, желі жібектей, аспаны атластай Сілеті өзенінің бойы. Көне көздердің айтуынша, тарихи атауы Ұялы. Себебі өзеннің екі қапталындағы талдар көкке бойлап, айқасып-құшақтасып өскендіктен әрі оған сансыз құстар ұя салып, балапандарын ұшырғандықтан ел Ұялы атап кеткен. Әулие түнеп, нар шөккен, білгірлер мен жақсы-жайсаңдар шыққан өлке. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында елдің ақсақалдары Қажымұқан балуан, Естай әнші, ақын Исаның келіп, өнер көрсеткенін және олардың қасында дін ғұламасы Сәдуақас Ғылманидан дәріс алған, қасиет қонған, әнші, домбырашы Назар атаның (1895-1968) Сілеті жұртын қызықты думанымен шаттандырғанын айтып отыратын.
Ойын баласы болсақ та, үлкендердің әңгімелерінің ұшқындары есте. Әсіресе Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжановтың қарым-қатынасы, Сәкен Сейфуллиннің аяулы достары Қаскей мен Әлкей Өтекиндер жайында, сондай-ақ Көкеш (Гүлнәр) тәтеміздің серіге көңіл білдіргені, жүз жасаған Мән дейтін жылқышының ұзатып салғаны хақында, ең бір кереметі, Сәкеннің автомобилін қалайша қызықтағандықтарын тамсанып айтушы еді олар.
– Ойпырмай, ауыл ақсақалдарының әңгімесін зердеге құйып өстік десеңізші!..
– Ол кездегі ақсақалдар солай ғой. Бәрін қоғамдап, қамқорлап жүреді... 1956-1957 жылдары колхоз орталығына жақындау үшін Қарасуға қоныс аударды. Ескі ауылдан 2,5 шақырымдай. Одан арғыда Сәкен серінің әкесі Нұрмақ салдырған мектепте оқыдым. Ақтүтек боранда ауылдың абыройлы ақсақалы, аяулы қамқор Әутәліп ата жолда мені күтіп алып, үйіне қондыратын-ды. Үпір-шүпір бір топ балаға өзі бас-көз боп көже құйып беріп, тыңқитып тойдыратын-ды. Әкем соғым сойғанда мүше-мүшесімен қара астауға сыбағасын салып, Құлагерді жегіп, ақсақалдың үйіне салтанаттап шығарып салушы еді. Қария мейірленіп ақ батасын беруші еді. Қайырымды қарияның әулеті де қара орманға айналды. Ұлы Мұхтар қайраткер ұстаз атанды. Ширек ғасыр мектеп директоры қызметінде болды. Жарты ғасыр ұстаздық етті. Өлкетану музейін ұйымдастырды. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан ел серкесі.
Ауылдағы алтын балақ үйіріндей жақсы-жайсаңдар айтулы дастандардың, эпостардың, ертегі-аңыздардың әңгімесін жырдай ғып айтатын еді және де Шәкәрім шежіресін көрсетпей жасырып оқитын. Қожа атамның ұрпағы, өне бойы өнеге Жаббар (1917-1992) «Капиталдың» мазмұнын өзінше түсіндіретін. Дойбы ойнау дәстүрін айтар болсам, өз басым бастауыш сыныптарда уақытым дойбышылармен сайысумен өтті.
Көкшетау, Қызылжар, Омбы, Кереку, Ақмола өңірінде емшілік атағы жайылған, Кәрібай болыстың баласы ауырып, Петербор дәрігері анықтай алмаған соң, оны уа дертінен сауықтырған Қапар бақсы Мәнібайұлы, оның немере інісі нағашым Омархан бақсы тістің қанқұртын ешкі майымен топырлатып түсіретін. Сақып әжем, ертегіші Қабыл атам, кіндік шешем Мариям, көзі мір оғындай дейтін Сәлия кемпір – бәрі де асыл жандар-ды. Мемлекеттік тұлға Әбдірашит Шалабаев, Қазақ телевизиясы тарихындағы жарқын бейне Совет Масғұтов, менің әкемнің бауырындай болған, ел еркелетіп «Ақыжан» дейтін КСРО спорт шебері, жаттықтырушы, Республикалық «Қайрат» спорт қоғамын басқарған Ахметжан Қазымбетов және Қабыкен Шыңғысов, Зейнолла Кәрімжанов, Зая Хасенов, Қанапия Исақаев, т.с.с. ұстаздарымның дәріс беру шеберлігі қиялымда тізіледі-ау...
– Әдебиетке құштарлығыңыз да алтын бесік ауылда оянған шығар-ау?..
– Негізінен, ауыл баласы жапырақтай шағынан ыстықты да, суықты да, аш құрсақ, жамау-жыртық киіммен жүрсе де үндеместен өз халінше еңбектеніп-бейнеттеніп күн кешті. Құрық ұстап, жақсы-жаманның айырмасын, оқу мен білімнің мәнін түсінді. Сондықтан ба екен, әлде жақсы орта ма екен, әлде жалынды жігерінен бе екен, бұл ағаңның көркем әдебиетке құмарлығы 1962-1969 жылдарда, әсіресе Шәкір Әбеновтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Кейпін батыр», «Таңшебер-Жапал» дастандары мен «Жұлдыз» журналындағы Омар Хаямның рубайларын оқығанда оянды.
Осындай іңкәрліктің арқасында 9-сыныпта оқып жүргенде қазақ ақындарының өлеңдерін мүмкіндігімше (мысалы, жылдың төрт мезгіліне байланысты) тиянақты түрде ойымда, қиялымда пісіріп, ізінше өзім де өлең құрастырып, қиыстырып отыратынмын. 98 бет өлең жазылған дәптерімді өзім мүлде естен шығарып, сыныптасым Дүйсен Кәкімов 2015 жылы дүниеден озарда осыны Серіктің қолына тигіз деп аманаттапты да, тағы бір дәптер жазбалары бар еді депті. Бұл дәптер қолыма тиген соң, жазуымды, сауатымды қызықтап, сөз саптауымды оқып көрсем, 1965 жылдың қаңтарынан бастап толтырылған. Әрбір өлеңнің аяғына ай, күні қойылып отырған. Ең ғажабы, сол дәптерде: «Әдебиет пен өнер институты» деп жазылғаны. КазГУ-ді бітірген соң, менің осы институтта ғылымдағы жолым басталды. Қалайша бұл институт атауы ойға оралған әрі ауыл баласының сол аяулы арманы орындалған десеңізші!
– Сәке, ендеше ауыл туралы ойларыңызды өрбіте түсіңізші?..
– Ауыл, негізінен, бір атадан тараған ұрпақтардың яки ағайындардың қауымдастығы. Сондықтан да бірлік те, татулық та, тәрбие де бар, тағылым-тәжірибесі, шарапаты мол, сөзі өтімді, әділетті, аузы дуалы қазына қария да бар. Олар көкөрім жеткіншектерді естілікке, тиянақтылыққа, ұқыптылыққа, ізеттілікке, еңбеккерлікке үйретеді, тыңдатады, ұғымталдыққа баулиды, өзі де берекелі іс-әрекетке араласады, балауса балғындарды да көшелілікпен ынтықтырып, шаруаға араластырады, көзге көрсетіп, қолға ұстатып, бақылап істеттіреді. Мал бақса да, шөп шапса да, өзенге барса да, құсбегілікпен, аңшылықпен шұғылданса да, ат жексе де және т.с.с. жанына ертеді, көзін қанықтырады, шынықтырады, тіршілікпен жұғыстырады.
Міне, осы ауыл тағдыры алаңдатады. Мысалы, жетпіс жылдың ішінде өзім көрген, туып-өскен Ақтөбе, Қарасу, Қаражар, Бәлшебек, Жалтыр, Сұлукөл, Бірлік, Жуантөбе, сонымен қатар қойшылардың қыстау-қоралары, қазір жоқ. Кең дала босап қалғандай. «Халқыңды даласымен сақтасын, еліңді данасымен сақтасын!» дейтін құдіретті бата-тілек сөз бағасынан айырылып бара жатқандай.
– Енді сол ауылда жүріп аңсарыңыз Алматыға ауған шақты еске түсірсек?
– 1966 жыл. 19 шілде. Түн ортасында Целиноградтан Алматыға ұшып келдім. Таңғы 7-лерде әуежай алдында Әди Шәріпов «А, Сәкен» деген даусы саңқылдап, топ жазушылардың ортасында арыстандай боп тұр екен. Бұл да жақсылықтың хабаршысындай екен-ау!
КазГУ-дің филология факультетінің сыртқы бөліміне қабылданып, 1966 жылы қыркүйектің 2-11-і күндерінде Мәлік Ғабдуллин, Кәкен Аханов, Ханғали Сүйіншәлиев лекция оқыды. Батыр Мәліктің адамшылығы, Ахановтың жан-тәнімен, буырқанған жігермен сөйлеуі, Сүйіншәлиевтің сендердің орталарыңда ғылымның қайраткерлері бар дегені тіптен қанаттандырды. Ол кезде КазГУ-дің кітапханасы сырттан білім алатындарға кітаптар беретін. Мен грек, рим, шетел әдебиеті бойынша онша түсінбесем де, артынып-тартынып ауылыма оралып, жұмысшы боп істедім. Түні бойы әкелген кітаптарды оқимын.
1967 жылдың 2-11 қаңтар күндерінде сессияда болғанда, КазГУ-дің акт залында ұлы жазушы Сәбит Мұқановпен ғажап бір сұхбат кеші өтті. Әңгімешілдігі, қызықтырып сөйлейтіндігі, орасан мол әдеби деректерді көл-көсір көсіп-көсіп келтіретіндігі, мысалы, Шоқан Уәлиханов жайлы «Аққан жұлдыз» романының жазылу тарихына айрықша мән бергендігі, аудиторияны жалықтырмайтыны, бұған қоса 16 томдығының жайы, енді «Госпланның терлейтіндігі» айтылды.
1968 жылдың қаңтарында КазГУ-дің оқу бөлімінің бастығы, отставкадағы полковник Иван Ефимович Щербактың жәрдемімен күндізгі бөлімге ауысып, ақпанда семестр басталды. 2-курстың «А» тобына келгенде, бұл күнде академик Уәлихан Қалижанов, профессор Фаузия Оразбаева, Қазақ радиосының қайраткерлері марқұмдар Махмет Түменбаев, Үмітжан Балтаева және Қымбат Тасжанова, «Қарахан» журналының редакторы Сатыпалды Досымбековтер өре түрегеліп қарсы алғаны, мұның ішінде Уәлихан менің үстімдегі зілдей пальтоның орнына өзінің жеңіл шекпенін кигізгені ұмытылар ма! Тез тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік.
– Сөйтіп, ауыл баласы Алматыда ғылымдағы жолын бастаған екен ғой...
– Бірде дүңгіршектен 1968 жылдың басында ғана шыққан «Вечерняя Алма-Ата» газетін алып қарасам, Қазақстан Ғылым академиясының жалпы сессиясы өтетіні хабарланыпты. Шу дегенде Әлкей Марғұланды көріп қалайыншы деп оқталдым. Ертеректеу келдім. Тұлғалы, ірі, хас жақсының өзі Марғұланды көрдім. Әлекең Олжас Сүлейменовтің қолынан ұстап, бақайшағынан бастап басына дейін көзімен сүзіп, тексеріп, сүйсініп, күлімсіреп тұр екен.
Ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы айтатын: «Салтанатты мәслихаттардан, съездерден, конференциялардан қалмаңдар, сөзін ұқпасаңдар да, түр-тұлғасын көресіңдер» дейтін. Осы ақылдың шарапаты болу керек, студенттік жылдарда КазГУ мен Ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы, атап айтқанда, Әуелбек Қоңыратбаевтың, Зейнолла Қабдоловтың, Тұрсынбек Кәкішұлының докторлық диссертациялар қорғағанына қатысып, академиктер Әлкей Марғұланның, Ісмет Кеңесбаевтың, Зәки Ахметовтің оппонент ретінде қалай сөйлегеніне қанықтым. Сондай-ақ ұлт руханияты қайраткерлерінің (Сәбит Мұқанов, Елубай Өмірзақов, Бауыржан Момышұлы) мерейтойларына куәгер болдым.
1972 жылдың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жамбылтану бөліміне аға лаборант болып қабылдандым. Дәл осы кезде Академия ұлы жыраудың 125 жылдық мерекесіне орай дайындыққа жұмыла кірісті. Ұйымдастыру комитетінде Мәлік Ғабдуллин, Мырзабек Дүйсенов, Көбей Сейдаханов, Мардан Байділдаевтармен қатар, мен де көмекші болғаным бар. Академия қабырғасында зиялылық, мәдениеттілік, рухани сұлулық салтанат құрған, ғылым биігіне құлшынғандарға жағдай жасалған, қарым-қатынас сыпайылыққа негізделген-ді.
– Біздің студент кезіміз, Жамбыл тойының дүрілдеп өткен дабысы менің де есімде.
– 1972 жылдың маусым айының 6-8-і күндерінде ІІ Республикалық айтыс ұйымдастырылып, суырыпсалма ақындар Көкен Шәкеев пен Әбікен Сарыбаев, Манап Көкенов пен Әсімхан Қосбасаров, Қалихан Алтынбаев пен Сағынғали Мұқанов, Құлжабай Төлеуов пен Бақытжамал Оспанова, Қимадиден Нұғыманов пен Сара Тоқтарбаева, Тынышбай Рахимов пен Шолпан Қыдырниязова, Мұса Асайынов пен Бикен Сембаева, Көшеней Рүстембеков пен Бәтима Батырбекова, Жүнісбек Жолдинов пен Молдабай Жолдыбаев сөз сайысында жарқырап көрінді. Жалпы айтқанда, бұл салтанатта республикамыздың шартарабынан 70-тей импровизатормен қатар, жыршылар, күйшілер, термешілер, сыбызғышылар, халық әншілері өнер көрсетті. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов тебіреніп отырды. Алатау аспанын ән-жырдың сұлу үні тербеп, халықтың рухы, жаны жаңғырды.
Бір айта кетер жайт, айтыстың мәтіндерін магнитофон лентасынан хатқа түсіріп, 1975 жылы «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» дейтін жинақты құрастырып жарияладық. Және бұған Қазақ КСР ҒА Жалпы жиналысы сессиясының материалдары енгізілді. Мен академик Мұқамеджан Қаратаевтың «Жамбыл – халық поэзиясының алыбы» дейтін отыз беттік баяндамасын қазақшаладым. Мұқаң рахметін айтты.
Институт қызметкері, халық мұрасының жанашыры Мардан аға Байділдаев өз шаңырағында Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, күйші Төлеген Момбеков, Нұрпейіс Байғаниннің баласы Момын, Көшеней Рүстембеков, Рахманқұл Бердібаев, Мырзабек Дүйсенов сияқты сөз зергерлері мен өнер шеберлерінің басын қосты. Әрине бұл да ұлы жырау Жамбыл рухының шапағаты-тын. Сәбең көңілденіп «Екі жирен» әнін толқыта айтты, дастарқан басындағыларға, жүгіріп қызмет еткендерге мырза пейілімен ет асатты. Осы бір сурет көңілімнің айнасында сәуле шашып тұрғандай сезіледі.
– Ғылыми орта ә дегеннен терең тағлымымен өзіңізді баурап алыпты ғой.
– Жақсы әңгіме, жақсы ниет, мәдениет, ғылымның киесін түсіну, адал еңбектену – Академияның ұраны іспетті. «Құмырсқа да қырық шақырым жерге бара алады», «Құнттыға құт үйірілер» дегендей, ауыл қариясының аталы сөзі есіме түсіп, өзімді өзім қамшыладым, қайрадым, жігерімді жасытпадым... Иә, 1974 жылдың 2 қаңтарында институт директоры Әди Шәріпов кіші ғылыми қызметкер міндетіне бұйрық шығарып, Ғылыми Кеңестің мәжілісінде «Қазақ өлеңінің ырғағы» деген баяндамамды тыңдады. Академик В.Жирмунскийдің, Б.Эйханбаумның, Л.Тимофеевтің, Ю.Лотманның өлең теориясына қатысты зерттеулерін конспектілеп, олардың өлеңнің құрылымын қалайша көрсетудегі тәсілдерін қолдандым. Сонда Мәлік Ғабдуллиннің ұстазы, фольклортанушы Нина Сергеевна Смирнова: «Ох, интересно!» деп отырғаны менің де ғылымға ықыласымды оятты.
Академия қабырғасында заманмен аяғын тең басқан, ғылымның қия шыңына шыққан білімпаздар Әлкей Марғұлан, Орынбек Жәутіков, Темірбай Дарханбаевтар адамшылық, ғылыми шығармашылық жолымдағы қамқор ақылшыларым болды. 1975 жылы әл-Фарабидің 1100 жылдығы тойланғанда КСРО ҒА Шығыстану институтының директоры, академик Б.Гафуров, «Әл-Фарабидің отырарлық екендігінде дау жоқ» дегенде залдағы жұрт дүр сілкінді. Ұлттың да, ғылымның да мерейі асты.
1981 жылы қазан айында Ғылым академиясында Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы аталып өткен-ді. Бас ғимаратқа топ-тобымен беттеген зиялылардың ішінде мен де келе жатқанмын. Алдымызда Қазақ КСР Министерлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов пен КСРО ҒА президенті, 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері 78 жастағы А.Александров сөйлесіп, есіктің табалдырығынан аттамай кілт тоқтап, бір-біріне жол берісіп тұрды. Сонда академик А.Александров Б.Әшімовті тік көтеріп, табалдырықтың арғы жағына дік еткізді. Міне, кісілік пен мәдениет. Ғылыми сессияда академик, археолог А.Окладников Абылай ханға ескерткіш қою керектігін қадап айтты. Сессияны басқарған академик А.Александров аудиторияның көңіл күйін, ықылас-зейінін, нені қалайтынын жіті аңғарады екен. Кейбір мезетте вице-президент Евгений Петрович Велиховке: «Этот сократите, это не нужно» деп отырды. Ол сөйлеу мәдениетіне айрықша мән береді екен. Әр нәрсеге бір себеп дегендей, мүмкін, осындай қисынды жақсы әсерлер менің де көзқарасыма, ойлауға, сөйлеуге машықтануға жол, бағыт, жөн көрсеткен болар.
1995 жылы Пәкістанның астанасы Исламабадта «Әдебиет, мәдениет және демократия» дейтін тақырып аясында дүниежүзілік форумда Беназир Бхутто мен Расул Ғамзатовтың шешендігін тағлимат мектебіндей қабылдадым.
Жоғары оқу орнында лекция оқу, негізінде, өте күрделі үдеріс. Аудитория дегенің от. Студент кезімде Тұрсынбек Кәкішұлының «қан сорпам шығып лекция оқыдым» дегені есімде. 5-курста жүргенімде 2-курсқа лекция оқытқаны бар.
– Кандидаттық диссертацияңызды қай жылы қорғадыңыз?
– 1978 жылы «Қазақ өлеңінің әуезділік ерекшеліктері» дейтін тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Жетекші ұйым ретінде КазГУ тағайындалды. Қорытынды пікірге қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі академик Зейнолла Қабдолов қол қойып отырып:
– Сен «Қазақ өлеңінің құрылысы» бойынша лекция оқы. Бірақ Сәбит Мұқанов сияқты бір-ақ ретте барлығын төгілтіп-құйылтып айтып кетіп жүрме, – деді.
1980-1981 жылы оқу жылында ЖенПИ-дің филология факультетінің 5-курс студенттеріне «Әдебиет теориясы» пәні бойынша лекция оқып, терминдік ұғым-атаулар табиғатын тереңірек түсіндім. 1975 жылы академик Зәки Ахметовтың жетекшілігімен әдебиеттану терминдерінің сөздігін жасауға қатыстым және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттің терминологиялық комиссияда қызуқандылықпен талқыланғанының куәсі болғаным бар. Мұның да теориялық біліміңді көтеруге пайдасы ұшан-теңіз.
1981-1986 жылдарда Институт директоры Мүсілім Базарбаев айына бір рет М.Әуезов музей-үйінде Әдеби бейсенбілік ұйымдастырды. Хатшылықты маған тапсырды. Бейсенбілік басшысы Рахманқұл Бердібаймен мұраттас әрі тонның ішкі бауындай жақын болғандықтан, осы шараны ұйымдастыруға аса ыждағаттылықпен қатыстым. Сәбеңшілеп айтқанда, осындай өмір мектептерден өтуім менің ғылымдағы да, өмірдегі де бағымды ашты деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»