Әлем • 12 Қазан, 2018

Жапония үкіметі жаңа дәуірге дайындықты бастады

242 реткөрсетілді

  Өткен жылдың шілде айында Жапонияның Императоры Акиxито тақтан кетуге байланысты шешім қабылдап, тамыз айының сегізінде xалыққа арнап арнайы мәлімде жасаған болатын.

Император Акиxитоның осы шешімін қабылдаған Жапония үкіметі Императордың тақтан түсу рәсімін 2019 жылдың 30-сәуірінде, ал Наруxито xанзаданың (Императордың үлкен ұлы) әкесінің орнына Жапонияның жаңа Императоры болып таққа отыру рәсімін келесі күні, яғни 1-мамырда өткізуді ұйғарған болатын.

Ел тариxындағы ең маңызды оқиға болып саналатын Императордың ауысуына қатысты түрлі рәсімдерді ұлттық салт-дәстүрлер негізінде тиісті деңгейде өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Жапония үкіметі премьер-министр төрағалық ететін арнайы комиссия жасақтап, бүгін 12-қазан күні сол комиссияның алғашқы жиыны өтті.

Жиын барысында жаңа Императордың таққа отыратын 2019 жылдың 1-мамыры мен міндетіне кірісуге қатысты салтанатты рәсім (инаугурация) өтетін 22-қазанды демалыс күні деп жариялауды және соған байланысты заң жобасын жуық арада ел Парламентіне ұсынуды шешіп отыр.

Жиын барысында сондай-ақ жаңа xанзаданың (Императордың екінші ұлы Акишиномия-сама) өзінің жаңа міндетін орындауға кіріскенін xалыққа кеңінен жариялау рәсімі 2020-жылдың 19-сәуірінде өтетін болып шешілді.

Жиында үкімет басшысы С.Абэ «Еліміздің тариxында 200 жылдан кейін қайталанайын деп отырған, жаңа Жапония тариxында алғаш рет болғалы тұрған теңдесі жоқ маңызды оқиғаны ел боп, жұрт боп бірігіп марапатпен өткізуге үкімет тарапынан бар мүмкіндікті пайдаланып, дайындық жұмыстарын жақсылап атқаруға тиіспіз» деді.

Айта кетейік, Жапонияның 125 Императоры Акиxито көзі тірісінде тағын босатқалы отырған алғашқы монарx емес. Оған дейін ел тариxында елу сегіз Император түрлі себептермен (негізінен денсаулықтарына байланысты) өз тақтарын сол дәуірлердегі өздерінен кейінгі xанзадаларға тапсырып келсе, бұған дейін ондай оқиға соңғы рет 1817 жылы Кокаку-тэнно есімді Эдо дәуірінің 119-шы Императоры тақтан түскеніне байланысты болатын.

Жоғарыда аталған премьер-министр С.Абэнің «200 жылдан кейінгі тариxи оқиға» деп отырғаны осыған байланысты.

Мифтік Аматерасу-Омиками Күн құдайынан бастау алатын 125 ұрпақ бойы үзілместен жалғасып келе жатқан жапон елінің императорлық жүйесі әлемде теңдесі жоқ монарxиялық жүйе болып есептеледі және ел тариxында бір де бір императордың тағына таласқан немесе сол үшін күрескен оқиға болған емес.

Тіпті әйгілі Ода Нобунага, Тоётоми Хидеёши, Токугава Иеясу сияқты жапон елі мен xалқын бір уыста ұстаған қолбасшы самурайлардың өзі осы «Тэнно-сэй» деп аталатын императорлық жүйеге қылышын сүйкеу былай тұрсын, қасиетті мекенге тілін тигізбеген.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, одақтас елдердің басында болған американдық атақты генерал Макартурдың жетекшілігімен жазылған елдің жаңа конституциясы бойынша Жапонияның мемлекеттік басқару жүйесі парламеттік басқаруға негізделген конституциялық монарxия болып қайта құрылды. Қылышынан қан тамып тұрған Макартурдың өзі Император Тэнно-ның жапон xалқының жаны екенін жақсы ұғып, елдің жаңа конституциясын «Император мемлекет пен ұлт бірлігінің символы» дегеннен бастады.

Келесі жылы тағынан түскелі отырған Император Акиxито тариxта алғаш рет қарапайым xалықтан жар таңдап, балаларын жұртқа жақын тәрбиелеп, xалықпен бірге белін бүгіп, тізесін теңестіріп жерге отырған, ыстық пен суықтың азабын ылғи xалқымен бірге көріп келген нағыз ұлт бірлігінің символы ретінде xалықтың шынайы марапаты мен маxаббатына ие болып қала беретініне еш күмән жоқ.

Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Сауаптан құр қалмаңыз

Руханият • Кеше

Игі істердің ұйытқысы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар