ҚАЗАҚСТАНДЫ ТӨРГЕ ШЫҒАРАТЫН — ХИМИЯ
Елбасымыздың 2009 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе төңірегінде атқарушы билікке нақты тапсырма берген еді. Бірақ сол тапсырма әзірге орындала қойған жоқ. Орайы келгенде айта кетейін, жағар май — мұнай өнімдерінің ішіндегі ең қымбаты. Соны біле тұра еліміздің шикі мұнайынан құбырдан өткізуге қиындық келтіретіндіктен “сылынып” тасталып жатқан парафиндердің бағалы өнім беретініне атқарушы билік басындағылар әлі күнге көңіл бөлер емес.
ҚАЗАҚСТАНДЫ ТӨРГЕ ШЫҒАРАТЫН — ХИМИЯ
Өткен жылдың мамыр айында “Нұр Отан” ХДП ХІІ съезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, таяудағы бес жылда атқарылатын мемлекеттік ауқымды бағдарламаны жариялағаны белгілі. Сол бағдарламада бес жыл ішінде жеті бағыт бойынша “индустриялық-инновациялық” бағдарлама жасап, жүзеге асыру керектігі жайлы міндет “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына, ел Парламентіне, сондай-ақ Отанымыздағы ең іргелі және билік партиясы жасақтаған атқарушы орындарға жүктелді. Соңғы нәтижесінде 7 триллион теңгелік қосымша құны мол тауарлы өндіріспен байытылуға тиісті осынау бағдарламаға химия ғылымының қосары ерекше екенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында да, алқалы жиындардың мәртебелі мінберлерінен де баяндаған едім. Өйткені, Президентіміз белгілеп берген ұлттық бағдардың жеті бағытында да химия ғылымының қосар үлесі аз болмайтыны бізге белгілі еді. Айталық, мұнай-газ химиясы мен тыңайтқыштар өндірісін былай қойғанның өзінде, аграрлық саланы, фармацевтиканы, құрылыс индустриясын, қорғаныс өнеркәсібі саласын дамыту мәселесін химия ғылымының араласуынсыз түпкілікті шешу мүмкін еместігі баршаға аян. Адамзат өмірінің өркениет пен технология қарыштап дамыған осынау заманында химияның “атсалыспайтын” жері жоқ десе де болғандай. Жаңа ғана жарық дүниенің есігін ашқан сәбиге керектен бастап, бүкіл адамзат пайдаланатын игіліктердің бәрінде химия ғылымының өнімдері жүреді.
Ал Қазақстанның ішкі рыногында химиялық өнімдердің үлес салмағы шамамен 70-80 пайызды құрайды. Мұның басым бөлігі импортталады. Демек, мемлекетіміз импорт үшін шет елдерге шығарып жатқан ондаған миллиард доллармен есептелетін мол қаржы елімізде қалып, қазақстандықтар қажетіне сай қызмет етуі тиіс. Бұлай дейтін себебім, шет елдерден тасымалдап жатқан дүниелеріміздің барлығын дерлік отандық өндірістен алуға болады. Бұл үшін химиктерімізді әр сала бойынша “іске тарту” керек.
Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін импорт тасымалдаушыларды қолдап келген әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер енді Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындау ісіне жұмылар болса, онда, сөз жоқ, біздің химиктер бұл игілікке өздерінің мол үлестерін қосар еді. Оған қарым-қабілеттері, білім-біліктері жетеді. Орайы келгенде еске сала кетейін, Қазақстанның химия ғылымы дамығаны соншалық, ол кезінде Кеңестер Одағы деп аталатын алып державадағы Ресей химиктерінен кейінгі орында тұрды. Украина мен Белоруссия химиктері бізден кейінгі орындарда болғаны баршаға мәлім. Бұған дәлел-дәйек келтірсем жетіп артылады. Кеңестер Одағы химиктерінің өнімдері, басқаны былай қойғанда, қазір өзіміз үлгі етіп жүрген АҚШ-қа да, Жапонияға да, Еуроодақ елдеріне де экспортталды. Бұл күндері сол алып одақтың химиялық өндірісінде айрықша жемісті қызмет атқарған, ашқан жаңалықтарымен Кремльдің бетін бері қаратқан Қазақстан химиктері әлі де ортамызда жүр. Олардың тәлімін алған талантты шәкірттері де ұстаздарынан кем соғып тұрған жоқ. Қысқасы, Қазақстан химиктерінің білімі, білігі және тәжірибесі қай жағынан да мол.
Елбасымыздың ерекше қамқорлығының нәтижесінде осы заманғы озық техникамен, технологиямен жарақталған лабораторияда қызмет етіп жатқан ғалымдар өндірістің осы саласы бойынша елімізді адамзат қауымдастығы деп аталатын алып орданың төріне шығарары сөзсіз. Бір қуаныштысы, Президент Н.Назарбаев осы саладағы отандық ғылымның күш-қуаты мен мүмкіндігін толық біледі. Соған сәйкес ұдайы ғылыми дамуды жалғастыру үшін қаржылық көмек көрсетіп, сондай-ақ атқарушы билік пен өндірісшілерге “білім – ғылым – өндіріс” тізбегін орнықтауға кеңес беріп жүр. Әйтсе де осы уақытқа дейін Мемлекет басшысы кеңесін тыңдап жүзеге асыруға тиісті жақтар мардымды іс тындыра алған жоқ.
Енді мұндай енжарлыққа жол берілмейтіндігін Елбасы өзінің 2010 жылғы Жолдауында ерекше атап көрсетті. Қос палатаның бірлескен мәжілісінде 2010-2020 жылдарға арналған еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жариялаған Нұрсұлтан Әбішұлы іле-шала “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросының кеңейтілген кеңесін өткізіп, партия жетекшілері мен атқарушы билік өкілдеріне он жылдық жоспарды орындауға баршаның және әркімнің жауапкершілігі мен міндеттілігін жүктей отырып, ыждағаттылықпен жұмыс істеу қажеттілігін ерекше ескертті. Содан бері партия белсенділері де, Үкіметтегі лауазымды тұлғалар да сол тапсырманы орындау жолында еңбектеніп жатыр.
Осы орайда айта кетерлік бір тұс – он жылдық алып бағдарламаны жүзеге асырып, Президентіміз айтқан межеден көріну үшін бүкіл халық болып жұмылатын үлкен іске отандық химия ғылымын қатыстыру қажеттілігі. Тіпті, бұдан да гөрі батылырақ айтар болсақ, химия ғылымының берерін пайдаланбай, Президент жүктеген үлкен істі абыроймен тындыру мүмкін емес. Айталық, Елбасымыз 2020 жылы Ұлттық қорлар қазынасында 90 миллиард доллар алтын-валюта болуы қамтамасыз етілуі тиіс, ал бұл сол кездегі ішкі жылдық жалпы өнімнің шамамен 30 пайызы деңгейінде болуы керек дегенді мәлімдеді. Енді осынау екі саннан үшінші бір сан туындайды, ол – 2020 жылғы жылдық ішкі жалпы өнімнің 270 миллиард доллар көлемінде болатындығы. Яғни, он жыл ішінде мемлекеттің жылдық ішкі жалпы өнімі 170 пайызды құрауы тиіс. Бұл — әр жылда шамамен 17 пайыздық өсім алу деген сөз. Қазақстан өзінің ең қарышты дамыған жылдарының өзінде ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімі 13 пайызды құраған еді. Демек, Елбасы өзінің осы Жолдауында атап көрсеткеніндей, өсімді экстенсивті жолмен емес, интенсивті жолмен алу керектігін ескертіп тұр. Айталық, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есеге арттыру міндеті жүктелді. Бұл — Президент аузынан шыққан нақты сан.
Елбасы барлық сандарды айтып жатуға міндетті емес, оны түпкілікті нәтижені алуға міндетті атқарушы билік өкілдері есептей жатады. Біздің пайымдауымызша, ол кісі бұдан былайғы барлық өсімді тек қана еңбек өнімділігін арттыру арқылы алу керектігін меңзеп тұр. Турасында бағдарлама “индустриялық-инновациялық” деп аталғандықтан да бәрі көрініп тұр. Ендеше, ендігі молшылық тек қана интенсивті дамудың ғана жемісі болуы тиіс. Мұны өз басым былай ұғынамын: әр гектар телімі жердің шығымдылығын арттыру, малдың беретін еті мен сүтін молайту, малдан түсетін кірісті, әр тонна мұнайдан елімізге келетін пайданы, әр тонна руданың Қазақстанға енгізетін валюталық кірісін көбейту. Мұны бір сөзбен айтқанда, он жыл ішінде құрылатын кәсіпорындар тек қана өзіміздің шикізатты өңдеп, ұқсатып, сонан соң отандық рынокқа немесе экспортқа шығаратын екінші және үшінші буындағы тауарлы өндіріс ошағы болмақ. Бұлардың өзінде аз қаржы жұмсап, мол өнім алуы керек. Президентіміздің осы тұрғыда Жолдауында айтқандарын осы тұрғыда түсіне алсақ қана ісіміз жемісті болмақ.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, отандық өндіріске берері мол химия ғылымы саласын Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан да қолдап келеді. Ал ғалымдар болса Президент қамқорлығына нақты іс нәтижесімен жауап беруді өздерінің парыздары санайды. Сондықтан да біздің “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” акционерлік қоғамында негізінен бес сала бойынша ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қазірдің өзінде конвейерлік өндірістен шығаруға 20-дан астам жаңа тауар технологиясын ғылыми негіздеуді аяқтады. Бұлардың қай-қайсысы да отандық рынокты аса қажетті, арзан және әлемде теңдесі жоқ тауармен қамтамасыз етіп қана қоймай, аса қуатты экспорттық әлеуетке қол жеткізері сөзсіз. Ол ол ма, отандық өндірістің кейбір саласын қазіргіден гөрі тиімдірек әрі өнімдірек жұмыс істеуге қозғаушы күш болар еді. Бұл мақалада солардың кейбіреулеріне ғана ерекше тоқталғанды жөн санаймын. Бәрін тізбелеп шығуға, олардың қасиеті мен берерін баяндауға газет мүмкіндігі жете бермейді. Өйткені, олардың әрқайсысы туралы толық бір монография жазуға тура келеді.
Мен өзім жетекшілік жасап отырған ғылыми-зерттеу институты ұжымының ізденіс нәтижелері жайлы баяндаудан бұрын біздің ғылыми негіздеген жаңалықтарымыз бен жаңа технологияларымыз отандық өндіріске және Елбасы жүктеген он жылдық ауқымды бағдарламаны жүзеге асырушыларға көмектесуге сұранып тұрған толыққанды және пайдалы тауарлы өндіріс болатынын айта кетпекпін.
Біздің ғалымдар өндіру жолын ғылыми негіздеп шыққан аса қарапайым, солай бола тұрса да, ыстық-суыққа өте төзімді полимид лактары мен пленкалары, металдық қасиеті бар ыстық-суыққа шыдамды пленкалар бүгінгі және болашақтағы индустриалы еліміз үшін қажетті тауарлар екені еш шүбә келтірмейді. Айталық, полимид лактары әртүрлі электр өткізгіштердің сыртқы бетін жабу үшін пайдаланылатынын айта кетсем деймін. Онымен сымдар, сондай-ақ, электровоздар мен тұрмыстық техниканың двигательдері және турбогенераторлар секілді аса бағалы жабдықтардың сыртқы беті қапталады. Полимид пленкалары, басқаны былай қойғанда, қуатты принтерлерде, магнитті ленталарда, тағы басқа толып жатқан салада төзімділікті сақтау үшін қолданылатын таптырмас тауарлар. Сондай-ақ, металдық қасиеті бар ыстық-суыққа бірдей пленкалар конденсаторлық техникаларда, аэроғарыштық құрал-жабдықтар өндірісінде пайдаланылатын дүниелер. Осылардың бәрі де отандық өндіріс үшін аса қажеттілігімен шектелмей, бұған қоса зор экспорттық әлеуетке ие бола алатын өнім түрі.
Елімізде энергетикалық кешен және аэроғарыш құрал-жабдықтары кешені өмірге келетіні осы он жылдық бағдарламада айтылған. Міне, жоғарыдағы материалдар солардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен бірге әлемдік рынокта да бәсекелестікке қабілетті дүниелер болып шығады. Себебі, жоғарыда айтылған өндірістік кешендер әлемнің барлық мемлекеттерінде бар және көптеген елдердің макроэкономикасының локомотиві саналады. “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ құрамында жұмыс істейтін ғалымдар тобы зерттеп, зерделеп дайындаған басқа да ғылыми жаңалықтар отандық рыноктың ғана сұранысын қамтамасыз етіп қоймайды. Экспорттық әлеуетке ие болумен қатар ел экономикасына валюталық түсім түсіреді. Мұндай өнімдер өндірісін Павлодарда, Ақтауда, Алматыда және Қапшағайда құруға болады. Аталған қалалардағы химиялық өндіріс кәсіпорындарында жаңа өнім түрлерін шығаруға толық мүмкіндік бар. Тек қана қосымша цех құрал-жабдықтары мен технологиясын жасау үшін аздаған қаражат болса жеткілікті. Мұның сыртында біздің ғалымдар Мәскеу мемлекеттік педагогика институтындағы қатты денелер физикасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі химия, физика кафедраларымен, сондай-ақ Франция университеттерінің тиісті салалық ғалымдарымен бірлесіп полимид пленкаларына металл қасиеттерін беруге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Келесі бір топ оқымыстыларымыз су тазарту және суды пайдаланудағы қалдықсыз, яғни айналмалы технологияны өндіріске енгізуді мембрана технологиясы бойынша ғылыми негіздеп шықты. Бұл ауыз судан тапшылық көріп жүрген Қазақстан үшін аса пайдалы өндіріс орны болмақ. Қазір ион алмастырғыш материалдарды синтездейтін кәсіпорындарды Атырау, Ақтау, Павлодар қалаларындағы химиялық өндіріс кешендері маңында құру жөнінде ұсыныс жасап отырмыз. Алматының электромеханикалық зауытында электродиализ аппараттарының жаңа түрін шығаруға болады.
Мұнай-газ химиясы туралы Елбасымыз ұдайы назарға салып келеді. Бірақ әзірге осы сала өндірісінен жанар-жағар майдың төменгі октанды түрінен басқа ештеңе шығарылмай тұр. Мазут та жеткіліксіз мөлшерде. Авиациялық керосиндерді импорттап келеміз. Мұнайға белшесінен батып жатқан ел үшін бұл мүлде төзгісіз жағдай. Ескерте кетейік, мұнайды тереңдете өңдеу және одан полимер және полимерлік екінші өнімдерді алудың ғылыми тәсілін Қазақстан ғалымдары толық біледі. Солай бола тұрса да, құбырлар мен металл есік-терезелердің сыртын қаптайтын және басқа да аса қажетті тауарлар өндірісін жасаудың бастапқы шикізаты полиэтилен, полипропилен, полистирол, синтетикалық каучук секілді қажет заттар өзімізде шығарылмағандықтан, импортталып, ақыр аяғында, елімізден мол мөлшерде валюталық шығысқа әкеліп соғуда. Бұл енді өкінішті мәселе. Айталық, отандық ғалымдар елімізде өндірілетін мұнай құрамындағы парафиннен синтетикалық жоғары сапалы жағармай алуды ғылыми негіздеді. Солай бола тұрса да бұл жаңалығымыз өндіріске ене қойған жоқ. Керісінше, жағар майға сұранысты 100 пайыз импортпен жауып отырмыз.
Елбасымыздың 2009 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе төңірегінде атқарушы билікке нақты тапсырма берген еді. Бірақ сол тапсырма әзірге орындала қойған жоқ. Орайы келгенде айта кетейін, жағар май — мұнай өнімдерінің ішіндегі ең қымбаты. Соны біле тұра еліміздің шикі мұнайынан құбырдан өткізуге қиындық келтіретіндіктен “сылынып” тасталып жатқан парафиндердің бағалы өнім беретініне атқарушы билік басындағылар әлі күнге көңіл бөлер емес. Енді, міне, Елбасымыз индустриялық-инновациялық дамудың 10 жылдық бағдарламасын жүзеге асыруды, оның ішінде жанар-жағар майға отандық сұранысты 100 пайыз ішкі өніммен қамтамасыз ету міндетін жүктеген жаңа кезеңде Үкімет біздің химиктердің мұндай жаңалығын конвейерлік өндіріске енгізуге мұрындық болса, одан тек қана ұтамыз. Айта кетейік, жағармай мұнай өнімдерінің арасындағы ең қымбаты ғана емес, сонымен бірге, ең өтімдісі де. Өйткені, синтетикалық жағар майды шығару технологиясын игерген мемлекеттер әлемде санаулы. Демек, құдай қалап, Үкімет қолдап, бұл жаңалығымызды конвейерлік өндірістен шығара қалсақ, онда ұтарымыз көп болмақ. Өйткені, парафиннен алынатын жағар майдың өзіндік құны мейлінше арзан.
Бір мәселенің беті ашық, ол – еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының үшеуі де дәл бүгінгі таңда ХХІ ғасырдың өскелең талабына сай өнім шығара алатын кешендер емес. Олардың біздің қалағанымыздай өнім беруі үшін кешенді түбірінен жаңғырту керек. Себебі, бұл өндіріс орындарында мұнай бар болғаны 59 пайыз тереңдікте ғана өңделеді. Ал дүние жүзі, дәлірек айтсақ, біз еліктеуге тиісті еуроқалыпта бұл көрсеткіш 90 пайызды құрайды. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан да біз бұл зауыттарды түбегейлі жаңғырту кезінде нақты ғылыми ұсыныстар жасауға дайынбыз. Моральдық жағынан ескірген технологияны арзанға сатып алғанға “мәз болмау керек”. Елбасы өз сөзінде ескерткеніндей, зымыран уақыттың озық сұраныстарына сай тауарлы өнім шығаратын технологияны ғана өмірге әкелу онжылдық индустриалды-инновациялық бағдарламасының негізгі ұстанымы болуы тиіс. Осы орайда біріккен Германияда өмірге келген “Лойна-2000” үлгісіндегі мұнай өңдеуші жаңа кешеннің Қазақстанда жұмыс істегенін қалайтынымды еске сала кетсем деймін.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында аграрлық саладағы еңбек өнімділігін 2020 жылға дейін екі есе өсіруді міндеттеді. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Айталық, қазіргі біздің егістіктердің құнары азайған. Оның объективті және субъективті себептері бар. Мәселе ол себепті анықтауда емес, сол құнарлылықты қайтсек арттырамыз деген сұрақтың жауабын дәл табуда. Оның үстіне диқан қауымы мол астық жинаған кезде әлемдік қор биржаларында бидайдың бағасы арзандап кетіп, жұмсаған шығындарын қайтара алмайтындай жағдайларға тап болып жатады. Бұған 2009 жылдың ақиқаты дәлел. Не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын біздің оқымыстылар әлдеқашан тапқан. Бірақ, ғалымдарымыз ашқан сол жаңалықтар отандық конвейерлік өндірістен қолданысқа шығарыла қойған жоқ. Нақты бір мысал келтірер болсам, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Ол экспортталып, өндіріс қожаларына қанағаттанарлық кіріс әкелуде. Бұл тыңайтқыштарды сатып алатындар негізінен мүмкіндігі бар Еуропа фермерлері. Ал біздің фермерлер бұл тыңайтқыштарды сатып ала алмайды. Себебі, қалталары жұқа. Үкімет егіншіліктегі ағайынға жыл сайын тыңайтқыш сатып алу үшін субсидия бөледі. Бұл бірнеше ондаған миллиард теңгеге жетіп қалатын шығар. Соның өзі сұранысты өтей алмайды. Ендеше, диқан қауымға арзан тыңайтқыш керек. Сондай-ақ ол тыңайтқыштың жер құнарын көтерудегі пайдалы әсер коэффициенті қымбат тыңайтқышты пайдаланғандағыдан кем болмауы тиіс. “Екі қоянды бір оқпен атып алатындай” жағдайды біздің ғалымдар дәл бүгін туғыза алады. Жоғарыда аталған тыңайтқыш кеніштерінен шыққан руда қалдықтарын пайдалана отырып-ақ біз жер құнарын байытып, егістік шығымын 20-30 пайызға өсіре алатындай тыңайтқыштың жаңа түрін шығарудың ғылыми негізін жасадық. Жаңа тыңайтқыштың тағы бір пайдалылығы фосфордан топырақтың алатын құнары 20-25 пайызға өсіп, себілген дәннің 98-100 пайыздық өнім беруіне қол жетеді. Топырақтағы гумус құрамы сақталып, дәнді дақылдардың құрғақшылыққа, сондай-ақ үсікке төзімділігі жоғарылайды. Мұның сыртында алынған өнім кез келген өсімдік ауруларына төтеп бере алады. Шағын цехтарда жылына 25-40 мың тонна осындай тыңайтқыш шығаруға болады. Ескерте кетейік, мұндай тыңайтқыштың бастапқы шикізаты фосфоридтер, қоңыр көмірлер, фосфогипстер және басқа қалдықтар болатындықтан өнім арзанға түседі. Энергиялық шығын да көп кетпейді. “Супергумат” және “Гумэль” деп аталатын осындай аса пайдалы жаңа тыңайтқышты шығару біздің институтта ғылыми дәйектелген технологиясы 2005 жылдан бері Алматы қаласындағы “Зеленстрой” компаниясында пайдаланылып, күткендегідей нәтижесін берді.
Ғалымдардың есептеуінше, жыл сайын еліміздің егістік алқаптары өзінің топырақ құрамындағы құнарлы элементтерінің 2,5-2,8 миллион тоннадайын жоғалтады екен. Оған қоса минералдық тыңайтқыштар тым қымбатқа түседі. Сондықтан да Қаратауда “Қазфосфатпен” бәсекелес бола алатындай жаңа тыңайтқыш шығаратын кәсіпорын құруға әбден болады. Біздің ұсынысымызда қазіргі таңда қалдық ретінде жиналып қалған он миллион тоннадан астам “кеннен” қоршаған ортаға зиян келтіргенше оны кәдеге жаратып, жаңа және пайдалы тыңайтқыш алу көзделген. Ендеше, мұндай бағалы іске Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі мамандар жауапкершілікпен қарайды деп үміттенеміз. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есе өсіру аса ауыр міндет. Солай бола тұрса да, ол біздің ғалымдар ұсынып отырған жаңа тыңайтқышты пайдаланар болсақ, “алынбайтын асу” емес.
Институт ғалымдары денсаулық сақтау саласына қатысты да бұған дейін жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде туберкулезге, қатерлі ісікке қарсы және иммунитет көтеруші дәрі түрлерін ғылымда дәлелдеп шықты. Глиаспин, биаскин, глиниазид, зафаридин, просидол, қазкаин деп аталатын дәрілеріміз халықаралық рыноктағы бәсекеге толық төтеп бере алатын әлемдік талапқа сай теңдесі жоқ “туындылар”. Өкінішке орай, бұлардың кейбіреуі шет елдерде шығарылып жатса, қалғаны әлі күнге ешқайда жол таба алмай тұр. Елбасымыздың тікелей нұсқауымен дәрі-дәрмекке отандық сұраныстың ең кемі 50 пайызын 2015 жылға дейін қазақстандық өніммен қамтамасыз ету үшін Астанада арнайы зауыт салынбақшы. Өкінішке орай, осы игілікті істің басы-қасында жүрген кейбір азаматтар шетелдік, дәлірек айтсақ, Қытай мен Үндістаннан әкелінетін субстанса негізінде дәрі жасауды “жоспарлап” қойғандығы жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында мәлімдеп үлгерді. Менің пікірімше, отандық фармацевтиканың негізінде отандық ғалымдар ойлап тапқан субстансалар жатуы керек. Олай болмайынша біз бәрібір дәрі-дәрмекке сыртқы тәуелділіктен құтыла алмаймыз. Екіншіден, шетелдік, әсіресе, Қытай тауарларының сапасы жайлы көңілді құлазытатын ақиқаттар белгілі. Ал енді ол жақтан халқымыз жаппай пайдаланатын дәрі-дәрмектердің субстансасын алдырар болсақ, онда тұтастай алғанда, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келетін болады. Кез келген дерттен емделіп жазыламын дегенше оған ұшырамаудың жолын қарастырған жөн. Олай болса, отандық фармацевтика өндірісі негізінен отандық субстансаларды пайдалануы тиіс. Меніңше, отандық субстансалар өндірісін ең алдымен дұрыс жолға қоя алсақ, түптің түбінде, Қазақстан фармацевтикасын жасауға кеткен барлық шығын өтеліп, бұл да бір ұлттық табыс көзіне айналатын сала болар еді. Орайы келгенде еске салатын бір дәйек, біздің еліміздің органикалық және минералдық қорлары әлемде теңдесі жоқ байлық көзі. Қазақстанда шығатын дәрулік қасиеті мол кейбір өсімдіктер әлемнің еш жерінде кездеспейді. Ендеше, біздің атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалар Елбасымыздың аса маңызды тапсырмасын орындауда ұлттық мүддені жоғары қоя білуі керек.
Бұл мақаламызда бір ғана “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ ғалымдары дәл бүгін еліміздің 10 жылдық индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қоса алатын ғылыми үлесінің аз ғана бөлігін мысалға келтіре алдық. Егер біздің ұжымның ғана күні бүгін конвейерлік өндірістен шығаруға ұсынатын ғылыми жаңалықтарын тізбелеп шығар болсақ, онда оған бір газеттің беті жете қоймас. Тек қана біздің шағын ұжым ғалымдарының мүмкіндігі осындай деңгейде болып тұрғанында тұтастай республика ғалымдарының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосар үлестерінің молдығына шүбәланудың өзі бекершілік. Жоғарыда мен Қазақстанның химия ғылымы Кеңестер Одағы деп аталатын алып державада екінші орынды иемденгенін бекерге айтқан жоқпын. Бұл біздің отандық химиктердің талантын, білім сапасын, соған орай күш-қуатын айқын дәлелдеп тұрған нақты мысал. Сол күш жаңа талантты толқын өкілдерімен толықпаса ортайған жоқ. Менің пайымдауымша, отандық басқа қолданбалы ғылымда жүрген ғалымдар да еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына мол үлес қосуға қабілетті. Бір әттең айы күні бүгінге дейін атқарушы биліктегі лауазым иелері елімізде ғылыми өндірісті жолға қоюдан гөрі импорт тасымалдаушыларды ынталандыру ісін “пайдалы” деп ұққандай. Енді бұлай етуге мүлде болмайды. Қазақстанның өндірісі, индустриясы өз ғалымдарының интеллектуалды әлеуетіне сүйене отырып дамуы керек. Иә, бұдан былайғы қызметінде жауапты тұлғалар тек қана осы ұстанымда болса екен дегенді баса айтқым келеді. Басқаны қайдам, мен осындай берік байламдамын. Себебі, болашақтың ұлан-ғайыр бағдарламасын ұлтжандылықпен атқармасақ, барлық еңбек зая кетеді. Шетелдіктер ұсынып жатқан технологияны әкеліп орнатып, бар іс осымен тынды деуге әсте болмайды. Өйткені, ол ертең-ақ тозады. Алақан жайып тағы сұрауға тура келеді.
Менің есіме Президент Н.Ә.Назарбаевтың балалық кезеңіндегі мынадай бір оқиға үнемі түсе беретіні бар. Соғыстан кейінгі таршылық жылдары жасөспірім Нұрсұлтан үйіндегі ескі мылтықты ұстаға апарып, оның темірінен орақ жасатып алған екен. Сол бала Нұрсұлтанның шұғыл бетбұрысты осынау қадамы бүгінгі Елбасымыздың қызметіндегі әрбір қадаммен тікелей байланысып тұрғандай. Олай дейтін себебім, Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір жаңа бастамасында елімізге бүгін және ертең аса қажетті тұстарды дөп басып анықтайды. Айталық, егемендіктің алғашқы жылдарында макроэкономиканың шикізаттық саласын мейлінше дамытуға қолдау көрсетті. Сол арқылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы гиперинфляция мен экономикалық рецессияны бір жөнге келтіріп, ел еңсесін бір көтерді. Ол – ол ма, “мұнай доллары” деп аталатын қаражатты бюджетке кірістірмей, Ұлттық қорда сақтады. Сол қорымыздың пайдасын бүкіләлемдік дағдарыстың өткен кезеңінде көрдік. Қазақстан әлемді дүрліктірген дағдарыс дауылынан аман шығуы былай тұрсын, бүгін елдегі жұмыссыздық азайып, өндіріс өсімі 1,1 пайызды құрап отыр. Ұлттық қордағы байлық қазір 50 миллиард долларды құрапты. Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауында өткен кезеңдегі жемісті сыртқы байланыстардың нәтижесінде биыл елімізге шамамен 25 миллиард доллар көлеміндегі тікелей инвестиция келетіні айтылған. Бұған жыл сайын Ұлттық қордан индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға 8 миллиард доллар көлемінде инвестициялық трансферт бөлінетінін қосыңыз. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған бағдарламамыздың сөзсіз орындалатынына шүбәсіз сенесің.
Иә, әр қадамында дәл бүгінгі және болашақтағы қажеттілікті дөп басатын Елбасымыз биылдан басталатын онжылдықты тұтастай мемлекеттік экономиканы жаңаша құрылымдауға көңіл бөлген. Бұл дегеніңіз, мүлде жаңа тауарлы өндіріс ошақтары, энергетикалық нысандар, осы заманға лайық аграрлық сала. Бұл дегеніңіз, түптеп келгенде, ұлттық даму. Өйткені, осы заманғы автоматтандырылған технология бойынша компьютермен басқарылатын жаңа өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер ұлттық кадрлар болатыны айдан анық. Бұл дегеніңіз – өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы нұсқаған “интеллектуалды ұрпақ” тәрбиелеп, “интеллектуалды ұлт” қалыптастыру. Ақыр аяғында, осылардың барлығын қосқанда жаңа бағдарлама – “қазақтың қайта өрлеу” дәуірін бастап беретін сапалық дамудың алғашқы баспалдағы.
Қорыта айтқанда, бұл күндері кең байтақ Қазақстанның түпкір-түпкірінде қызу талқыланып, зор қолдауға ие болған Елбасымыздың жаңа Жолдауында жарияланған онжылдық даму бағдарламасы баршамыздың күткеніміз және баршамызды бақытты болашаққа бастайтын жоспар. Оның жүзеге асырылуына жауапты атқарушы биліктегі лауазым иелері ғылым мен өндірісті тікелей байланыстыратын алтын көпір болуы қажет екендігін түсінулері керек. Егер Үкіметіміз дәл осылайша жұмыс істей алса, сөз жоқ, Қазақстан 2020 жылдың өзінде бірқатар еуропалық мемлекеттермен иық теңестіре алатын жағдайға жетеді. Сөйтіп, адамзат деп аталатын үлкен қауымдастық ордасының төрінен лайықты орнын алады. Ал бұл жолда жоғарыда айтқанымдай, мол және аса ықпалды үлес қосуға “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ ғалымдары қазірдің өзінде дайын.
Еділ ЕРҒОЖИН,
“Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ президенті,
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі.