Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабында республиканың өсімдік әлемі мемлекеттің меншігі деп атап көрсетілген. Бүгінгі таңда оны қорғайтын 120 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері бар. Олардың бақылауына 29 млн гектар мемлекеттік орман қоры қарайды. Ал бұл Қазақстан Республикасының барлық жерінің 10,8 пайызы деген сөз.
Ормандарды қорғаушы мекемелердің міндетіне орман қорының есебін жүргізу, ағаш кесу және ағаш егу жұмыстарына бақылау жасау, орманы өсіп кеткен аумақтарды ағаш қорының есебіне алу, өрттен қорғау және т.б. жұмыстар кіреді. Әрине ормандарды рұқсатсыз құртуға қарсы күрес, сол сияқты туристерге орман тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу де осы қызметтің міндеті. Орманды түрлі аурулардан сақтап, сондай-ақ кесілген ағаштардың орнына жаңа тұқым егу сияқты жұмыстарды ұйымдастыратын осы қызметтер.
Міне, осындай маңызды қызметтер атқаратын мемлекеттік мекемелерді Ұлттық экономика министрлігі оңтайландыруды желеу етіп, бәрін бір заңды тұлғаға біріктіруді ұсынып отыр. Осы мәселені зерттей келе біз келесі себептермен оның тиімсіздігін анықтадық.
Орман шаруашылығын басқару жүйесі кезінде әлемдегі озық тәжірибелерді ескеріп құрылған еді. Кеңес Одағы жылдарында ол Аустрия мен Германияның тәжірибесін зерттеу арқылы ұйымдастырылған. Ал Қазақстандағы әрбір оныншы гектар осы жүйенің арқасында қолдан отырғызылған. Қалыптасқан осы жүйенің озықтығы өзінің тиімділігін жылдар бойы дәлелдеді. Ал тәуелсіз Қазақстан орман шаруашылығы мекемелерін сол қалпымен қалдырып, 2002 жылы Үкіметтің қаулысымен облыстық меншіктің қарауына берген еді. Алайда оның аудандық меншікке берілмейтіндігі де атап көрсетілген.
Ормандар мен жан-жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер орман шаруашылығының ұйымдық-шаруашылық және өндірістік-аумақтық бірлігі болып саналады. Енді олардың бәрін біріктіріп, бір заңды тұлға жасау үшін орман шаруашылығын ұйымдастыру мен басқарудың негізін, сондай-ақ құқылық базасын қайта қарауға тура келеді. Мұндай қайта қарау орман шаруашылығына байланысы бар барлық нормативтік-құқықтық актілерге, соның ішінде Орман кодексіне көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Қысқа уақытта әзірленетін осындай өзгерістердің орманды оттан қорғау, браконьерлерге қарсы күрес, зиянкестерді жойып, ормандарды аурулардан сақтау сияқты жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіншілік беретініне күмәніміз бар.
Сонымен қатар өзгерістер бұрынғы заңдардың талабына сүйеніп жұмыс істейтін орман құрылысы жұмыстарын да ақсатып, оларды қайта құру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап ететін болады. Орман құрылысы жұмыстарының Табиғи монополияларды реттеу комитетімен келісілген бағасына сәйкес әртүрлі жер рельефтерін ескере қарағанда республикалық бюджеттен қосымша 171,9 млрд теңге талап ететін көрінеді. Бұл қаражат бөлінген күннің өзінде бір жылдың ішінде орман шаруашылығы жұмыстарын жаппай қайта құру мүмкін емес.
Осының үстіне мекемелердің ұйымдастыру формаларын өзгерту мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражаттар да талап етеді. Ормандардың мемлекеттік есебін жасау мен мемлекеттік кадастрлар құрудың өзіне қыруар қаржы кетеді.
Бухгалтерлік мекемелерді орталықтандыру да өз кезегінде қыруар қаражат шығындарына соғады. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандар мұндайда жұмыстан кетеді, ал ол есеп-қисап жұмыстарының ақсауына соқтырады.
Бізде оңтайландыруды жасағанда көптеген лауазымдар қысқартылады, соның есебінен қаражат үнемделеді деп жариялап алады да, іс жүзінде толып жатқан жоғары ақы алатын жаңа қызметтер (бас директор, оның орынбасарлары, басқармалар бастықтары және т.б.) туындап жатады. Сондықтан ақша үнемдейміз дегеннің өзі бос сөз болып шығады. Оны өмірдің талай мысалдарынан көріп жүрміз.
Міне, осы аталған жайтты біз Үкімет назарына ұсынып, мәселені тереңірек зерттеуді сұрадық. Енді «Егеменнің» беті арқылы қалың көпшілікке де жеткізіп отырмыз.
Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ,
Сенат депутаты