Аймақтар • 15 Қазан, 2018

Жамбылда жүрек ауруына шалдыққандар көп

1278 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам үшін басты байлық  – денсаулық. Сондықтан да саламатты өмір салтын қалыптастыру, пайдалы нәрселермен ғана шұғылдану кез келген адам үшін аса маңызды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы денсаулықты сақтауда басты қағида болуы тиіс. Дей тұрғанмен, көпшіліктің басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайтыны анық.  

Жамбылда жүрек ауруына шалдыққандар көп

Мұндай жағдайда әуелі тұр­ғын­дар медицинаның көмегі­не жүгінеді. Бүгінгідей медицина дамыған кезеңде түрлі ауруларды емдеуге, оны жазуға мүмкіндік бар. Алайда біреуге қонған ем, біреуге қонбай, өмірдің соңы өкі­нішпен аяқталып жататын жағдайлар да кездесіп жатады. Қазір аурудың түрі көп. Бұрын құлақ естіп, көз көрмеген дерттер қазір қаптап кетті. Бүгінде Жам­был өңірінде жүрек қан-тамыр мен жүйке аурулары жиі­леп кеткен. Жүрек пен жүйке негізінен адамның тіршілік кепі­лі болғандықтан, бұл дертті қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды. Аталған дерттің неден пайда болатынын әркім әртүрлі жорамалдайды. Пайда болуы мүмкін себептерін Жамбыл об­лыс­тық ауруханасы операция жасау бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков айтып берді. 

«Көпшілік, әсіресе қазақ хал­қы, қазір тұзды тамақтарды көп пайдаланады. Ал әрбір адам қолданатын тұздың мөлшері бес грамм, қанттың мөлшері күніне он бес грамнан аспауы тиіс. 

Газдалған сусын ішу де негізі­нен ден­саулыққа зиян. Оның құрамында түрлі дәмдеуіштер мен қант бар. Олар көпшілікті қант диабетіне ұшыратады. Сонымен қатар темекі шегу, спирттік ішімдіктер де адам ден­саулығына зиян тигізетін әрекеттердің бірі. Шылым шегу кезінде адамның қан тамырлары тарылады. Ал қан тамырлары тарылған адамның қан қысымы көтеріледі де гипертониялық аурулар­ға шалдығады. Гипер­тония жүрек ауруларына, ин­сульт­қа алып барады. Және шылым тарту өкпе обырына алып келуі мүмкін», дейді профессор.

Бұдан бөлек, әрбір науқас ауруханаға порталмен жоспарлы түрде түсу керек болғанымен, көпшілігі ауруы асқынған кезде келеді екен. Яғни, ауру асқынған кезде оны емдеудің мүмкіндігі төмендейтіні белгілі. Сонымен қатар науқасты аяқтан тұрғызу үшін бағасы жоғары көптеген дәрі-дәрмектерді пайдалануға тура келеді. Облыстық орталық ауруханада бұрын жедел операция жасау 40 процент болған болса, бүгіндері ол көрсеткіш 70 проценттен артып кеткен. Бұл көр­сеткіштен де көп адамдардың өз денсаулығына салғырт, нем­құрай­лы қарайтынын байқауға болады. 
Бүгінде өңірде жүрек қан-тамырлары ауруын операция­ арқылы емдейтін Жам­был­ об­лыстық ауруханасы, Та­раз қа­ла­сындағы профес­сор Сейт­хан Жошыбаев басқа­ратын «Кар­диохирургия және транс­плантология ғылыми-клини­калық орталығы» және медицина ғылымдарының кандидаты Абуталып Аширов басқаратын «Жүрек» кардио­хирургиялық клиникасы сияқты үш емдеу орталығы жұмыс іс­тейді. 

Жамбылдықтардан бөлек, ағым­дағы жылы «Кардио­хи­рур­гия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы­ның» көмегіне Грузия мен Қыр­ғыз елінің азаматтары да жүгін­ген еді. Бұл жердегі білікті ма­ман­дардың тәжірибесінің нәти­жесінде, ол азаматтарға да сәтті операция жасалған болатын. Жыл сайын Таразға келіп, ем алатын азамат­тардың қатары аз емес. Дей тұрғанмен, бір қиюы кеткен денсаулықтың қайтадан таза қал­пына келуі үшін дәрігердің көмегімен қатар, уақыт та керек. Жүрек өте нәзік ағза екені белгілі. Әрі бұл тіршілік көзімен тікелей байланысты болғандықтан, жүрек ауруына шалдығудың қа­уіпті екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. 

«Жүректе үш тамыр бар. Сол­ үш тамырдың біреуі тарылып, қызметінде ақау болып, жөн­ді істемей қалса да, жүректің бұл­­шық­еттері өліеттенеді, яғни жүрек инфаркті болады», дейді Сағындық Ордабеков. 

Жамбыл облыстық ауруханасында алғаш рет 1991 жылы көрші Қырғызстанда қызмет ететін про­фессор Сейтхан Жошыбаев ту­ған жеріне іссапарға келіп, оның қатысуымен облыстық аурухана­да жүрекке операция жа­сал­ған екен. Содан бері отыз жылға жуық уа­қыт бойы облыстық ауру­­ханада кардио­хирургиялық операциялар жасалып, облыс және көр­ші өңірлердің тұрғындарына меди­циналық көмек көрсетіп келеді. 

Бүгінгі таңда облыстық ауру­ха­наның кардиохирургия бөлі­мінде  жылына 200-ден астам жүрек операциясы жасалады. Операция кезін­де бір жасақта 4 маман қызмет ат­қарады. Өткен жылы мұнда жүрек қан-тамырлары ауруына шалдыққан 164 адамға кеудені ашып жасау әдісімен операция жасалса, 458 адамның жүрек тамырларына стенд, ал 17 адамға электрокардиостимулятор қойылған. Стенд жүректің тамырларын кеңейтіп, қан айналымын жақсартады екен. Бүгінде облыстық ауруханада 370 науқас адамға арналған орын бар. Оның ішінде 12 орын ақылы түрде жұмыс істейді. Мұнда өткен жылы 8440 адам келіп түскен болса, ағымдағы жыл­дың алты айында 4114 адам қабылданған. Оның ішінде 503 азамат күндізгі стацио­нар бойынша ем алыпты. Сонымен қатар, биыл жүрек ауруы бойынша 227 адам қабылданған болса, оның ішінде 33 адамға кеу­дені ашып жасау әдісі бойынша операция жасалыпты. Өкініштісі сол, мұн­да ем-домға келіп жатқан нау­қастардың басым көпшілігі қан-тамырлары дерті бойынша түседі екен. 

Жыл сайын мемлекет қазына­сы­нан адам денсаулығын сақтау, ауру түрлерін болдырмау мақса­тында тиісті мол қаражат бөлі­неді. Жүрек дертімен ауырған нау­қастар үшін ауруханада бүгінде «Кардиология», «Кар­дио­хирургия» және «Кардио­реанимация» сияқты үш бөлімше жұмыс істейді. Мұнда еңбек ететін Ибадат Әміреқұлова, Рауза Жұбандықова, Мұхаме­дияр Жайпанов сынды тәжіри­белі мамандар келіп түскен аза­мат­тардың өмірін сақтау үшін тынбай әрекет етуде. Сонымен қатар осыдан екі жыл бұрын ашыл­ған «Нейроинсульт» бөлімшесіне ми тамырларының жарылуы, қысылуы салдарынан ауыр инсульт диаг­нозы бойынша науқастар арасында жас­тар да бар екен. Бұл да өкінішті жағдай болғанымен, бүгінде қалыпты жағдайға айналғандай. Көпшілік өкінішке қарай, әлі де өз денсаулығына өзі жауап­ты екенін ұға қойған жоқ. Ал облыстық аурухананың бас дәрі­гері, медицина ғылымдары­ның кандидаты Сағи Бейсенбеков жүрек инфаркті мен инсульт сынды мұндай аурулардың өмір­дегі әртүрлі жағдайлардан – денсаулығына жауапсыз қарау­дан, саламатты өмір салтын сақтамаудан және де басқа себептерден пайда болуы мүмкін екенін айтады.
Денсаулық – басты байлық. Жүрек – тіршілік белгісі. Адам­ның қай жері ауыр­са, жаны да сол жерде. Сондықтан да бі­рінші байлыққа баланған денсаулыққа дүниеде ешқандай байлық жетпейді. Осыны көпшілік есінде ұстаса жөн болар еді...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы