Медицина • 15 Қазан, 2018

Мегаполис медицинасын алға жетелейтін орталық

58 реткөрсетілді

Алматы қаласында онкологиялық науқастарға арналған алғашқы позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография орталығы ашылды. Бұған дейін ПЭТ-диагностикасы тек Астанада ғана болған еді. 

Алматыда General Electric Healthcare Discovery IQ озық жабдықтарымен жаб­дықталған позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография ПЭТ/КТ орталығының ашылуы онко­логиялық дертті ауыздықтауда аса маңыз­ды оқиғалардың қатарынан орын алады.
Бүгінде онкологиялық дерттің салдарынан болатын қаза жүрек-қан-тамыр­лары ауруларынан болатын өлім-жітімнен кейін екінші орында тұр. Жыл сайын обырдан Қазақстанда 15 мыңдай адам көз жұмады. 

Бұл күндері елімізде әртүрлі формада қатерлі ісіктер мен жаңа өс­кін­дер анықталған 164 мың науқас есеп­те тұр. Тек өткен жылдың 10 айында 26 мың адам осы дертке шалдыққан. Сон­­­­дықтан отандық денсаулық сақтау са­ласы онкологиялық дерттерді дер кезінде диагностикалау мен алдын алуға үлкен мән беріп, озық инновациялық технологияларға қол жеткізуге күш салып отырғаны анық.

Бұл әдіс позитронды-эмиссионды томография (ПЭТ) мен компьютерлік томографияны (КТ) біріктіреді және бейне арқылы жо­ғары дәрежелі сенімділікпен қатерлі ісік­терден бастап қатерсіз ісік­терге дейін ажыратуға мүмкіндік береді.

ПЭТ/КТ томографиясының ерек­шелігі сол, ультрадыбыс, рентген, КT және МРТ-мен анықталмайтын ісік тораптарына диагностика жасай алады.
Осы жабдық енді Алматыдағы Қа­зақ онкология және радиология ҒЗИ базасында мемлекет-жекеменшік шең­берінде жұмыс істейтін болады. Жоба «Orhun Medical» ЖШС-мен бір­лесіп жүзеге асырылған. 

Мамандар диагностика барысын­да өзгеріске ұшыраған жасуша­лар­ды анықтау үшін түрлі радиофар­мпре­параттары қолданылады. Яғни, бүкіл ағзаға күре тамыр арқылы 18F-флю­оро­доксиглюкозасы жіберіліп, осы­дан кейін пациент денесі ПЭТ/КТ ап­паратына кіргізіледі. Бұл радио­фар­мацевтикалық дәрмек әрбір нау­қастың жеке ерек­ше­ліктерін ескере отырып, зерттеліп барып дайындалады. Диаг­ностика моле­кулярлық дең­гейдегі жа­сушалардың зат алмасу жылдамдығын бағалауға негіз­делген, сон­дықтан ол тіпті 4-5 миллиметр мөл­шерлі қатерлі ісікті көруге мүмкіндік береді. 
Бұл процедураның артықшылықтары жет­кілікті деуге болады. Тіпті ауру бел­гі­лері білінбей тұрған кезеңде-ақ қа­тер­лі ісіктің бар екендігін анықтауға мүмкіндік бар. Және тексеру барысында ауырсыну сезімін туғызбайды әрі қауіп­сіз. Ең бас­тысы, ағзадағы қатерлі ісіктің таралуынан толық ақпарат бере алады. 

Медицина мамандары 18FDG радио­дәрмегі әмбебап екендігін, ол барлық жасушаларды сіңіріп алатындығын алға тартады. Себебі ол – құрылымы жа­­ғы­нан қарапайым глюкозаға жақын. Ісік жасушалары препаратты қалыпты жасушаларға қарағанда тез сіңіріп ала­тындықтан, олар сканерлеу кезінде ай­қын көрінеді. Дәрмек науқастың ағза­сынан 24 сағат ішінде шығады және жартылай ыдырау кезінде (Т1/2) 110 минут уақытты қамтиды. 
ПЭТ/КТ науқастың зақымдалған ісік көлемін бағалауға және дерттің қай деңгейде тұрғанын дұрыс анықтауға мүкіндік береді. Сол сияқты радиотерапия мен химиотерапия курсынан өткен немесе ота жасалған науқастарды тексеру, белгіленген ем мониторинг нәтижелері үшін бұл ауадай қажет. ПЭТ/КТ – сканері ісіктің қалай өзгергенін, жаңа ошақтардың және қайталанудың пайда болуын көрсетеді. 

Түсінікті тілмен айтқанда, мұның барлығы бастапқы ісік ошақтары мен метастаздарды анықтауда, ісіктің таралу кезеңін ерте білуде, қатерлі және қатерсіз ісіктерді саралауда, тиімді емдеу әдісін тағайындауда аса маңызды. 

18FDG-мен қатерлі ісіктер қаңқасын анықтаудан бөлек, меланома, ходжикин емес лимфомалар және Ходжикин ­ауруы, ­жұмсақ тіндер саркомасы, қалқанша без қатерлі ісігі, сүт безі, мойын жатыры, тимус, өкпе, ұйқы безі, аналық безі, асқазан және ішек ауруларын анықтау кезінде жүргізіледі. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар