Қазақстан • 15 Қазан, 2018

«Жебе тартқан сөз бен жыр қосынынан...»

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің 70 жылдығына арналған «Көркемдік дүниетаным және сөз мәдениеті» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Жебе тартқан сөз бен жыр қосынынан...»

Іс-шараға Парламент Сенаты мен Мә­жіліс депутаттары, ғалымдар, өнер қайрат­кер­лері қатысты. Ғалымның мерейтойына ар­налған шарадан әдебиетсүйер қауым мен тіл жанашырлары да шет қалған жоқ.

Конференцияның пленарлық бөлі­мінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеу­меттік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөз сөйлеп, ЕҰУ-дың ректоры Ерлан Сы­ды­қовтың атынан мерейтой иесін құттық­тады. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Аида Балаева, Парламент Се­натының төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев атынан келген құттықтауларды оқып берді. Жиында ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик Сейіт Қасқабасов арнайы сөз алып, көр­некті ғалымның еңбектері мен адами қа­сиеттеріне тоқталса, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала әкімі Бақыт Сұлтановтың жылы лебізін жеткізді. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі басылымның тұрақты авторын мерейлі жасымен құттықтап, ғылымдағы еңбегі мен қызметіне тоқталды. 

ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының ұстазы, филология ғылымының докторы А.Әлтай «Заман және руханият: жырау­лар, билер, сал-серілер» тақырыбында бас баяндама жасады. Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші-композитор Ж.Жүзбай «Профессор С.Негимовтің интонация және мелодика туралы пайымдаулары», «Болашақ» академиясының профессоры М.Хамзин «Профессор С.Негимов зерттеулеріндегі Арқа ақындары шығармашылығы», әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ профессоры Т.Есембеков «С.Негимов еңбектеріндегі этно­графиялық сарындар: тұлға, қоғам, адам», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының кан­дидаты Қ.Алпысбаев «Профессор С.Не­гимов және ұлттық поэтика: метафора құбылысы», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Р.Тұрысбек «Ұлт мұратының көркемдік қайнары», жазушы А.Кемелбаева «Назым сөздің кеніші», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профес­соры, филология ғылымының докторы С.Жұмағұл «Өлең – сөздің теориясы», ЕҰУ доценті, филология ғылымының кан­дидаты М.Бөрібаева «Мәдениет және дәуір» деген тақырыптарда баяндамаларын оқыды.

Конференцияға қатысушылар жиын  барысында мерейтой иесінің шығар­ма­ла­ры негізінде ұйымдастырылған «Күл­тегін» атриумындағы «Ғалым.Ұстаз.Қай­раткер» көрмесін тамашалап, Серік Неги­мовтің «Фолиант» баспасынан жарық көрген бес томдық шығармалар жина­ғы­ның тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»