Аймақтар • 15 Қазан, 2018

Қыздар университеті «Туған жерге тағзым» жобасын жүзеге асыруға кірісті

54 реткөрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің арнайы бригадасы «Туған жерге тағзым» жобасының аясындағы танымдық сапарын бастау үшін бүгін Алматы облысы Сарқан ауданының Черкасск ауылдық округіне келді.

Сапар Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған жобаны жергілікті жерде жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Үгітшілер бригадасын мұнда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова бастап келді. Делегация мүшелері сапарды Ақтұма ауылынан бастады. Осындағы Петропавл орта мектебінде алдымен университеттің «Ұмай Ана» үйірмесінің филиалы салтанатты жағдайда ашылды. Оның ашылуы жөніндегі құжатқа университет департаментінің директоры мен мектеп директоры Бауыржан Ибрайымова қол қойды.

Бұдан кейін ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы түгел қатысқан жиын болды. Онда университет оқытушылары өнертану ғылымының мүмкіндіктері мен салалары, жас ұрпақ бойында эстетикалық мәдениетті қалыптастыру, адамгершілікке баулу, шешендік өнер, өзін-өзі ұстай білу мәдениеті, мектеп оқушыларының ата-ана мен мұғалім, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын жақсартудың жолдары мен тәсілдері, оқушылардың өсу процесінде, олардың жас және жеке педагогикалық-психологиялық ерекшеліктеріне қарай қақтығыстың себептері мен салдарларын анықтау және оларды шешудің жолдары туралы дәрістер оқып, жиналғандар сұрақтарына жауап берді.

Соңынан мектепке рухани жаңғыруға байланысты шығарылған 17 кітап тарту етілді. Бұдан кейін университет делегациясы ауылдық округтегі Черкасск және Қарғалы ауылдарында да болады. Сапар қазанның 18-іне дейін жалғасады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар