Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Аймақ әлеуеті артып келеді

255 реткөрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Сапар аясында Қазақстан Президенті бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты.

Қазақстан Президенті сапар барысында облыс орталығындағы «DaruZharygy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің офтальмология орталығына барды.

Мемлекет басшысы жаңа клиниканың емханалық, диагностикалық және стационарлық бөлімшелерін, лазер орталығы мен ота жасау бөлімін аралап көрді, сондай-ақ көзге ота жасауға арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен танысты.

Елбасы өңір тұрғындарына шетелдерге бармай-ақ, еуропалық дең­гейдегі жоғары мамандандырылған офталь­мо­логиялық көмек алуға мүм­кіндік беретін мұндай нысандарды іске қосудың маңыздылығын айрықша атап өтті.

Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласына үнемі көңіл бөліп, тиімді әлеуметтік саясат жүргізіп жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Прези­­ден­тіне Астана қаласында салынатын алғашқы медициналық оңалту орта­лығының макеті таныстырылды.

Айта кету керек, «DaruZharygy» жа­уап­­кершілігі шектеулі серіктестігі – мем­­лекет-жекеменшік әріптестігі аясында аустриялық компаниямен бір­лесіп салынған өңірдегі ірі офтальмология және көз микрохирургиясының ор­талығы. Жоба құны – 3,2 миллиард теңге. Клиника Еуропада өндірілген ме­ди­циналық құрылғылармен жаб­дықталған. Стационар 60 адамға ар­налған, емхана күніне 500 адамды қабыл­дай алады.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Ақтө­бедегі «Аяла» балаларды сауықтыру орта­лығында болып, церебральды сал ауруымен, аутизммен, нейро-ортопедиялық патологиямен ауыратын балаларға арналған заманауи технологиялар мен стандарттары бар әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту бағдарламаларымен танысты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назар­баев­қа «Бақытты бала» облыстық жоба­сының жүзеге асырылу нәтижелері жө­нінде мәлімделді. Жоба аясында ерекше мұқтаж балалар үшін арнайы коррекциялық балабақша, психологиялық және медициналық-педагогикалық консультация беретін орындар, «Күншуақ» бала­ларды сауықтыру лагері ашылды. Аудандардағы психологиялық-педаго­гикалық коррекция кабинеттері және Ақ­төбе қаласының орта мектептерінде инклю­зивті білім беру ісін дамыту жө­ніндегі ресурсты кабинеттер жасақталып, жұмыс жүргізуде.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сал­ған орталық Швейцария, Чехия, Польша және Ресейдің заманауи құралдарымен жабдықталған.

Келесі нысан – қаладағы жаңа Мұз сарайында Елбасы жас хоккейшілерді және барша ақтөбеліктерді спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, шайбаға естелік қолтаңба қалдырды. Бұл спорт сарайы мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі аясында Словакия ин­вес­торларының қатысуымен салынған-ды.

Жалпы аумағы 8 500 шаршы метр болатын спорт кешені жыл бойы хоккейден, шорт-тректен, мәнерлеп сырғанаудан, баскетболдан, шағын футболдан, бокс­тан, үлкен теннистен, гимнастикадан кәсіби жарыстар өткізуге, сондай-ақ конькимен жаппай сырғанауға мүмкіндік береді. Арена 2 500-ден астам көрерменге арналған.

Мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігінің Ақтөбе облысында жемісті жүзеге асып жатқанын көрсететін тағы бір жоба – «ACE Tennis Center» орталығында Нұрсұлтан Назарбаев жас спортшылармен әңгімелесіп, теннис добына естелік қолтаңба қалдырды, сондай-ақ осы орталықтың қонақ үй кешені мен басқа да орындарын аралап көрді.

Қазақстан Президенті спорт кешенінің жұмысымен танысып, өңірлерде осындай спорт инфрақұрылымдарының ашылуы саламатты өмір салтын насихаттауға және елімізде теннистің даму деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өңірдегі әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытындағы осындай іргелі жобалармен танысқаннан кейін Мемлекет басшысы «Ақтөбе» индустриялық аймағына барды. 

Индустриялық аймақтың көлемі 200 гектар жерді алып жатыр. Онда инже­нерлік-коммуникациялық инфра­құ­рылым, автомобиль және темір жол кө­ліктеріне арналған кірме жолдар бар. Бүгінде мұнда жалпы құны 60,3 миллиард теңге болатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысына индустриялық аймақта іске асырылып жатқан жобалар, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарын цифрландыру және технологиялық тұр­ғыдан жаңғырту, облыстың агроөнеркәсіп ке­шенін дамыту үшін атқарылған жұ­мыстар туралы мәлімделді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы 9 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.

– Есепті кезеңде әлеуметтік-эконо­микалық дамудың барлық негізгі көр­сет­кіші бойынша өсу қарқыны сақталып отыр. Өнеркәсіп өсімі – 105,7 пайыз. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында өн­дірілген өнімнің құны 1,3 триллион теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 167,3 миллиард теңгені немесе 104 пайызды құрады. Осы айда 85 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22,1 пайызға артық. Биылғы 9 ай ішінде 318 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, – деді Б.Сапарбаев.

Өңір басшысының айтуынша, облыста жұ­мыссыздық деңгейін азайту жөнін­де бірқатар шара қолға алынды. Соны­мен бірге бүгінде аймақта Мем­лекет басшысының Қазақстан хал­қ­ы­на Жолдауында қойылған тапсыр­маға сәйкес жыл аяғына дейін 35 мың ада­м­ның жалақысы өсірілмек. Тағы бір атап өтерлік мәселе, облыс тұрғын­дары­ның әл-ауқатын, табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту мәселесі бірін­ші кезекте экономикалық өсімді өсіру, оның деңгейін бес пайыздық көрсет­кіштен түсірмеу тұрғысынан межеленіп отыр. Сондай-ақ өңірде өнер­кәсіпті жаң­ғыр­ту ісі цифрландыру жөніндегі бағдар­ла­ма­мен тығыз байланыста жүргізіліп келеді.

Облыс әкімі Елбасына негізгі мем­ле­кеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысы жөнінде де есеп берді. 

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан­­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халық­қа арналған Жолдауды тиімді іске асы­ру­дың маңыздылығын атап өтіп, облыс­тағы орташа жалақыны өсіру, жергі­лікті маңызы бар жолдарды жөндеу және өңір­дің, әсіресе Ақтөбе қаласының экология­лық ахуалын жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Бүгін, 08:31

Жаңаөзенде жаңа жоба басталды

Аймақтар • Бүгін, 08:24

Тағзым мен тағылым тоғысқан той

Руханият • Бүгін, 08:19

Экономикада тұрақты өсім бар

Экономика • Бүгін, 08:06

Краудфандинг қазаққа да жат емес

Қазақстан • Бүгін, 08:00

Ең қысқа әңгіме. Данияр Саламат

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрболат Аманжол

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ерболат Қуатбек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Нұрлыбектің домбырасы

Руханият • Кеше

«ХАТ ҚОРЖЫН»

Қазақстан • Кеше

Күлкі керуені

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар