Жамбыл облысы әкімдігінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өңірлік жобалық басқару офисінің жұмысы және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыс аясында жүзеге асуы бойынша жиын өтті. Жиында өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету және өзге де салаларды цифрландыру бағытындағы атқарылып жатқан іс-шаралар талқыланды. Облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Дамир Сегізбаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасап, жемісті жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
Осы уақытқа дейін бағдарлама аясында 182 534 адам оқыту курсынан өтуі тиіс болса, бұл жоспар бүгінге дейін толық орындалған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл көрсеткішті жыл соңына дейін тағы да арттыру жолдарын қарастыру керектігін баса айтты.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2018 жылы өңірдің техникалық мүмкіндігіне сәйкес мектептердің 93 пайызында Интернет жылдамдығын 4-40 мбит/с жоғарылату көзделіп отыр. Ал келер жылы оны 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар биылғы жылы Тараз қаласындағы 111 балабақшада электронды кезекке қою жүйесі толығымен автоматтандырылатын болады.
Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова сала бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
– Бүгінде кең арналы интернет желісіне қосылған мектептер саны 447 болып, 100 пайызға жетіп отыр. «Күнделік» жобасына 433 мектеп қосылған. Ал «Bilimland» цифрлы білім беру ресурстары порталына 447 мектеп қосылған. 429 мектеп онлайн, 18 мектеп офлайн тәсілінде платформаны пайдаланады. Сымсыз ішкі Wi-Fi желісімен 199 мектеп жарақтандырылған. Сонымен қатар 346 мектеп 983 компьютер, проектор, экран сияқты интерактивті құрылғылармен жабдықталған. 370 мектепке 1866 интерактивті тақта орнатылып, STEM білім беруді енгізу үшін 83 робот техника кабинеттерімен жабдықталған. Облыс бойынша 11 ІТ-сынып ашылды, – деді басқарма басшысы.
Р.Тұрмаханбетова сондай-ақ колледж бітірушілердің жұмысқа орналасуын есепке алу және қабылдау автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізуге мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы жүзеге асырылып, әлеуетті өнім беруші анықталғанын айтты. Бүгінгі таңда колледждер бойынша мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізілуде екен.
Басқосу барысында ауылдық клубтардағы ақпараттық орталықтардың ашылуы, мекемелердің компьютерлермен қамтылуы секілді жұмыстар да сараланды.
Жиын соңында Асқар Мырзахметов жауапты адамдарға көрсеткіштерді арттыру үшін екі-үш жылдық жоспарға байланбай, жайбасарлыққа салынбай, уақыт оздырмай іске асыру керектігін ескертіп, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы