Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Кедергісіз орта – келешек кепілі

101 реткөрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында қам­тылған әр мәселе қоғам үшін зор ма­ңызға ие. 

Осы жолғы стра­тегиялық құ­жатта негізінен қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту жайлы кеңі­нен айтылды. Оның ішінде Мемлекет басшысы мүмкіндігі шек­теулі тұлға­ларға арналған «кедергісіз орта» қа­лыптастыруға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Қолтықтаса қимылдау қағидасы қажет

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақ­станда 674,2 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 62%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 25,4%-ы зейнеткерлер, ал 12,6%-ы 18 жасқа дейінгі балалар. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін де бірнеше мәрте мүгедектерді жұмыспен қамту, олардың проблемасын шешу жайлы тапсырып, тіпті бизнесмендерге мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға кеңес бергенін білеміз. Биылғы Жолдауда айтылған кедергісіз орта құру жайы да осынау бастамалардың жалғасы деуге болады. Шынымен де, қазақ қағидасы бойынша, қабілеті қысқаларға қолы ұзындар пана болып, қолтықтаса қиындықты жеңіп жатса ізгіліктің ілгері қадамы сол емес пе? 

Жалпы, Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны 2015 жылы ратификациялаған болатын. Осылайша мүгедектігі бар адамдардың экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын басқа адамдармен қатар толық іске асыру бо­йынша халықаралық стандарттарды енгізу міндеттемелерін қабылдады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың атап өтуінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесу бойынша мемлекет тарапынан бірқатар жұмыс нәтижелі атқарылып келеді. Айталық, биылғы 

1 қазандағы мәлімет бойынша, 508,7 мың адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Жәрдемақының орташа мөлшері – 40 769 теңге.

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы бойынша 2018 жылдың 1 шілдесінен ­бастап бала кезінен бері бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі ересек­­­­терге қамқорлық жасайтын адамдарға жаңа жәрдемақы тағайындалды. «Бүгінгі таңда бұл жәрдемақы 10 мың отбасына төленіп отыр. 881 ұйым ерекше қажеттілік­тер­ге мұқтаж 100 мың адамға арнайы ­әлеу­­мет­тік қызметтердің кепілдендірілген ­көле­мін көрсетті. Жалпы алғанда, мүмкін­дігі шектеулі жандарды әлеуметтік қамту және оларға көмек көрсету үшін 2018 жылы 302,8 млрд теңге қарастырылып отыр», дейді Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ын­та­ландыру үшін 2019 жылдың 
1 қаң­тарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учас­келік медицина қызметкерлерінің жала­қысын кезең-кезеңмен 
20 пайыз­ға көбейтуді тапсырамын. 
(Жолдаудан)

Жеті бағыт – жетістік жолы

Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау мақсатында аталған министрлік Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған Ұлттық жоспарды әзірлеуді ұсынды. Бірінші бағыт бойынша, мүгедектіктің алдын алу шараларын одан әрі жетілдіру болса, екіншісі инклюзивті білім беруді дамыту. Үшінші басымдықта 2030 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құру жайлы айтылады. Ал төртінші және бесінші басымдықта сапалы жұмыспен қамту және мүгедектердің экономикалық тәуелсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру. Алтыншы басымдық әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту болса, жетінші басымдық кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу.

М.Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде 147 мыңнан астам баланың білім алу мүмкіндігі шектеулі. Бұл ретте аталған жеті бағыт бойынша Ден­саулық сақтау, Білім және ғылым ми­нистр­лік­тері қарқынды жұмыс істеуі керек. 

«Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2019 жылға дейін инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдай жасалады. Мектепке дейінгі білім беру саласы 30%, орта білім 70% және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 40%-ы инклюзивті білім беруге көшеді», дейді М.Әбілқасымова.

Денсаулық сақтау министрі Е.Бірта­нов мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек көрсету «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 34-бабына сәйкес тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемінің шеңбе­рінде жүзеге асырылатынын және про­филактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді қамти­тынын айтады. 

Ал Білім және ғылым министрі Е.Са­ға­диевтің айтуынша, бүгінде білім беру ­саласында білім алуға ерекше қажет­тіліктері бар 27 мың бала мектепке дейін­­гі мекемелерде біліп алып жатыр.­ Сондай-ақ 2020 жылға дейін 30% балабақ­шалар­да және 70% мектептерде инк­лю­зив­ті білім беруге жағдай жасалатын болады.

Жеті басымдық бойынша Инвести­ция­лар және даму министрі Ж.Қасым­бек те өз жоспарымен бөліскенін айта кеткеніміз жөн. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін елімізде жасалып жатқан жағдайлар туралы айтқан министр темір жол көлігі саласында жолаушыларға қызмет көрсетудің Ұлттық стандарттары және темір жолдағы жолаушыларды тасымалдау ережелері қолданыста, олардың аясында мүмкіндігі шектеу­лі жандарға қолайлы жағдайлар жасал­ғандығына тоқталған болатын. Мәселен, темір жолдың әртүрлі бағыттары бо­йынша 22 бағдарларының құрамында 37 бірлік қимыл-қозғалысы шектеулі жандарға арналған арнайы купе вагондары жұмыс істейді.

«Тұлпар-Тальго» пойыздарында арнайы орындарға арналған 70% жеңілдік бар. Көліктік қолжетімділік деңгейін арттыру үшін мамандандырылған жолаушылар вагондары жыл сайын сатып алынады», дейді Ж. Қасымбек.

Жайлы орта жасалуы керек

Елбасымыз мүгедектерге елімізде басқа азаматтармен бірдей жағдай жасау туралы айтты. Мүгедектігі бар жан­дар қа­зіргі таңда қоғамға, ортаға белсен­ді түрде араласып, жұмысқа орна­ласып, білім алып, жақсы өмір сүруі керек. Мү­гедектігі бар адамдарға немқұ­райлы қа­рамай, оларға көмектесіп, қоғам­ның бел­сенділік танытқаны бізді қуанта­ды», дейді «Дос» тәуелсіз өмір» орта­лы­ғы мүгедектері қоғамдық бірлес­ті­гі­нің атқарушы директоры Дина Ердилдинова.

Бірлестік төрайымының айтуынша, мүгедек азаматтарға кедергісіз орта құруға мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері де атсалысқаны дұрыс. «Пре­зи­дент жыл са­йынғы Жолдауында мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға назар ауда­руымыз керектігін, олар басқа да аза­маттарымыз секілді жұмыс істеп, еңбек етуі, жақсы өмір сүруі тиістігін айтады. Сол үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы орта қалыптастыруды тапсырды. Қазіргі таңда мұндай азаматтар жұмысқа орналасып, басқалармен теңдей білім алатыны қуантады. Олар отбасын құрып, спортпен айналысып, бұқаралық спорт пен мәдени шараларға қатысып жүр», дейді «Дос» тәуелсіз өмір» орталығы мү­ге­дектері қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар