Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Іскер жастарға арналған жаңа жоба басталады

100 реткөрсетілді

Қазақстанда алғаш рет бизнес саласына қатысты «Негізін салушылар» – «Основатели» атты реалити-шоу жобасы қолға алынды. Аталған жобаға қатысамын деген азаматтардан өтінім қабылдау 2018 жылдың 18 қазанынан басталады.

«Негізін салушылар» – «Основатели» Қа­зақстандағы YouTube арнасына шы­ға­рылатын алғашқы шынайы бизнесшоу жобасы болып табылады.

Жобаға жаңа іскерлік идеясы бар және оны іске асыруды көздейтін 18 бен 25 жас аралығындағы қазақстандық кез кел­ген азамат қатыса алады. Ол үшін талап­керлер 2018 жылдың 15 қазаны мен 15 жел­тоқсаны аралығында жобаның osno­vateli.kz сайтына өз өтінімдерін жолдауы тиіс.

Іріктеу қорытындысы бойынша ең тиімді әрі перспективалы деген 21 бизнес-жоба анықталатын болады. Олардың авторлары бір ай бойы ТМД аумағындағы ең мықты бизнес-жаттықтырушылармен дайындалады және бизнес-лагерьге шақырылады. Сондай-ақ олар қазақ­стан­дық ірі кәсіпкерлердің қамқорлығымен өз жобаларын қазылар алқасы алдында одан әрі қорғауға дайындалады. Бұдан кейін қазылар алқасы ең тиімді деп табыл­ған 3 жобаны таңдап алады. Ал осы үш жоба бойынша бірінші, екінші, үшінші орын алғандар анықталып, олар­ға сәйкесінше он, бес және үш мил­лион теңге беріледі. Халық жобаға қатыс­ты барлық үдерістерді, яғни қатысушы­лар­дың өз жұмыстарын дайындау, оны қор­ғау процестерін YouTube каналы арқылы көре алады.

Жоба Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуы үшін жастар арасында бизнесті бастау және іске қосу ісіне қызығушылықты арттыру арқылы алғышарттар жасауға бағытталған.

«Негізін салушылар» жобасы толы­ғымен жеке жоба болып табылады. Оның мемлекеттік ұйымдармен ешқан­дай қатысы жоқ. Дегенмен, жобаның маңыздылығына байланысты Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев оны қолдайтынын мәлімдеді. 

Д.Абаев аталған жобаның басталуына орай «Бизнес – кез келген экономиканың негізі болып табылады. Ол халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді, ал кәсіпкерлер орта таптың негізін құрайды. Қазіргі таңда Қазақстанда бизнесті қолдауға, дамытуға үлкен күш жұмсалып отыр», деді. 

Оның айтуынша, «Негізін салушылар» – «Основатели» атты бұл жаңа жоба жастардың бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған игі қадам болып табылады. Сондай-ақ министр аталған жобаның қазақстандықтар үшін табысқа жетудің, игілікті істердің бастау алатын алаңына айналатынына сенім білдірді.

«IC group» холдингінің жетекшісі Ларион Лян жобаның демеушісі болып табылады. Ол демеушісі жобаны қолға алудағы негізгі мақсат туралы былай деді:

«Мен өзімнің өмірлік тәжірибемді қазіргі жастармен бөліскім келеді. Талантты жастардың өз бизнестерін бастаудан бас тартатынын, тіпті өз кәсібін ашуды бастамақ түгілі, оған тырыспайтынын ойлап көріңізші... Жастар істің көзін табуды, қолға алғысы келген шаруасын қалай бастауды білмейді де, іле күдікке шырмалып қалады. Өзіне күмәнмен қарау оны өз қабілетін бағаламауға алып келеді де табысқа жете алмайды. Сондықтан оларға жол көрсеткеніміз абзал». 

Шоудың бірінші шығарылымы 2019 жылдың ақпан айына жоспарланған.
 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар