Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Қазақстандық қамту: отандық өнімнің өрісі неге тар?

317 реткөрсетілді

«Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауарлар дүкен сөрелерінде самсап тұрса да, шекара асып сырттан келген дүниелерге әлі күнге құмармыз. Шетелдік өнімдер сапалырақ, жақсырақ көрінетін секілді. Қарапайым тұрмыста да солай. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар да өндірісте жергілікті тауарларды қолдануға ниетті емес.

Жергілікті қамту үлесінің қазір­гі жағдайы қандай? «Атырауда жасал­ған» атты кәсіпкерлер форумында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов осы сауалды орта­ға салған еді. «Мысалы, аймаққа кел­ген инвес­тор белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін әкімдікпен келі­сім­шартқа отырады. Өндірісте қолданылатын материалдар қандай болуы керектігі жөнін­де арнайы талаптары болады. Кей жағ­дайда жергілікті өндірушілердің та­уарлары жоғары сапа стандартына сай келмегендіктен, шетелдік өнімдерді алдырады. Сондықтан ең алдымен өнім сапасы еуропалық деңгейден төмен түспеуі керек. Сонда инвесторлар да бізге сенім білдірер еді», дейді Серік Шапкенов. 

Облыстық Кәсіпкерлер палата­сының директоры Абдолла Ыдырысов­тың айтуынша, аймақта 44 мыңнан астам бизнес субъектісі бар. Бизнесті дамыту үшін қажет жағдайдың бәрі жасалып отыр. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделері заң аясында қорғалады, кәсіби дағдыларын жетілдіру, несиелендіру, бизнесіне қолдау көрсету бағытында көмек көр­сетіледі. Көптеген жергілікті өнді­ру­шілер ірі жер қойнауын пайда­лану­­шы­лардың сатып алуларына қатыс­қылары келеді, бірақ шешімі табылмай тұрған мәселелер қолбайлау болуда. Бұл қандай кедергі? Мысалы, қазір Атырауда Теңіз, Қашаған секілді әлемдегі ірі кеніштер игеріліп жатыр. Мемлекетпен келісімшарт жасасқан мұнай-газ операторлары сатып алуды «Nadloc» электронды алаңын­да өткізеді. Палата басшысының айтуынша, «ТШО», «NCOC», «KPO» ком­панияларында бұл процесс жа­бық түрде ұйымдастырылады, яғ­ни кәсіпкерлер нақты ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Энергетика ми­нистр­лігі «Алаш» бірыңғай мәлі­меттер базасын жасақтаған, бірақ бұл жерде де жоспарланған және өтіп жатқан сатып алулар туралы ақпа­рат жоқ. Алдағы бес жылда «Теңіз­шевройл» компаниясының «Келешек кеңею» жобасы жүзеге асады, оның бюджеті 37 млрд АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында «ТШО» әріптестікке ша­қырған құрылыс компаниялары ара­сында бірде-бір отандық мекеме көрін­бейді, есесіне жеті бірдей шетелдік кәсіпорын жүр. Енді ең болмаса қосалқы мердігер ретінде бұл жақтағы жұртқа да бір қарап қойса жақсы. 

Елбасы халыққа Жол­дауында: «Біз­дің сауда саясатымызда селқостық бол­мауға тиіс. Оған біздің тауарларымыз­ды өңірлік және әлемдік нарықта ілгері­лететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге халық тұтынатын тауар­лардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымыз­ға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отан­дық тауарлармен толтыру үшін де ма­ңыз­ды» деп атап көрсетті. «Атырауда жасалған» кәсіпкерлер форумына 300-ге жуық тауар өндіруші қатысты. Сапасы жоғары, талапқа сай тауарлардың барына тағы да көз жеткіздік. Бұл өз кезе­гінде «қарапайым заттар экономика­сын» дамытуға мүдделі адамдар қатары аз емес екенін айғақтайды. Қайткен күнде де, өз өнімімізді өзіміз өгейсітпей, керісінше, қолдау көр­сетсек, қазақстандық қамту деңгейі де біраз алға ілгерілер еді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Бүгін, 08:31

Жаңаөзенде жаңа жоба басталды

Аймақтар • Бүгін, 08:24

Тағзым мен тағылым тоғысқан той

Руханият • Бүгін, 08:19

Экономикада тұрақты өсім бар

Экономика • Бүгін, 08:06

Краудфандинг қазаққа да жат емес

Қазақстан • Бүгін, 08:00

Ең қысқа әңгіме. Данияр Саламат

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрболат Аманжол

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ерболат Қуатбек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Нұрлыбектің домбырасы

Руханият • Кеше

«ХАТ ҚОРЖЫН»

Қазақстан • Кеше

Күлкі керуені

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар