Әсіресе жер ресурстарын тиімді пайдаланып, бос жатқан жерлерді дер кезінде мемлекет құзырына қайтарып, іскер тұлғаларға беру жұмыстарын жандандыруға шақырды. Сонымен қатар өндіріске заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Шетелдік озық технологияларды қолданып табысқа жеткен шаруашылықтарды мысалға келтіре отырып, солардың тәжірибесін кеңінен таратудың маңыздығын атап көрсетті.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің соңғы жылдары жүзеге асырып жатқан шаралары Елбасы Жолдауындағы тапсырмалармен үндес. Мәселен, бүгінгі таңда университет ғалымдары жерді қашықтан зондылаудың ғылыми әдістемелері негізінде жер ресурстарын пайдалану барысына мониторинг жасауды толығымен игеріп, оны өндіріске енгізе бастады. Қазір бұл жұмыстарды әрбір жер пайдаланушының жер телімдері бойынша жүргізе аламыз. Қолайсыз ауа райына қарамастан, әрбір жер телімінде егілген дақылдың түрін, оның даму кезеңдерін, аурулар мен зиянкестердің әсерінен зақымдалу барысын қадағалап отыруға қол жеткіздік. Біз оны Ақмола облысының кейбір аудандарында жүргізіп, соңғы 2 жыл ішінде егістікке арналған алқаптардың 7-12%-ының қолданылмай бос жататынын дәлелдедік. Сондай-ақ жер телімдерін заңсыз немесе мақсатсыз пайдаланып жатқандарды да анықтап, бұл туралы деректерді жергілікті атқарушы органдарына тиісті шара қолдану үшін бердік. Осындай жағдайдың еліміздің негізгі астық өндіруші аймақтарында бар екенін ескерсек, онда республика бойынша шамамен 1,5 млн гектардай жердің өнім бермей, бос жататынына көз жеткізуге болады.
Сонымен қатар жайылымдардағы жағдайды да ғарыштан түсірілген суреттерді ғылыми әдістемелер арқылы өңдей отырып бақылай алатын деңгейге жеттік.
Егістіктердің топырақ картасын алғашқы рет цифрлы форматқа ауыстырдық, ол топырақтың құнарлылық деңгейін тұрақты түрде бақылау және оны қалпына келтіру шараларын жоспарлау үшін өте маңызды.
Қазір біз Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының 9 базалық шаруашылығында өндіріске дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізу жобасын жүзеге асырудамыз. Осы жоба аясында аталған шаруашылықтардың мамандарын оқыттық, техникаларына сараптама жұмыстарын жүргізіп, дәлме-дәл егіншілік технологиясына қаншалықты сай екенін анықтадық. Сонымен қатар оларды қосымша опциялармен жабдықтау, сатып алу, орнату және реттеу жұмыстарына нақты көмек көрсеттік.
Дәлме-дәл егіншілік технологиясының талаптары бойынша әр алқаптың топырағының құрамын анықтау жұмыстарын жүзеге асырдық. Оны Қазақстан жағдайында алғаш рет «1 гектардан 1 сынама» әдістемесі бойынша жүргізіп, топырақ құрамының нақты жағдайын анықтап, оны цифрлы форматқа көшіріп, соның негізінде тексерілген алқаптардың агрохимиялық картасын құрастырдық. Осы жерде айта кету керек, жүргізілген талдау топырақ құрамының нашар екенін көрсетті. Мәселен, жеңіл гидролизденуші азот зерттелген алқаптардың 77 пайызында жылжымалы фосфор – 88 пайызында, ал гумус 50 пайызға төмен және өте төмен деңгейде болды. Яғни, осының салдарынан астық сапасының төмендеуі мен егін өнімділігінің азаюы орын алып отыр. Осы кемшілікті жоя білсек, астық шығымын кемінде 5-6 центнерге, жоғары сапалы бидайдың үлесін 3-4 есеге ұлғайтуға, астықтың пісіп-жетілуін 7-8 күнге қысқартуға болады екен.
Сонымен қатар алқаптардың электронды форматтағы фитосанитарлық карталары жасалды. Онда егістік алқаптарында арамшөп басу, ондағы өсімдіктердің ауруға шалдығу, зиянкестердің таралу деңгейін көрсететін мәліметтер жинақталған. Осындай карталардың шаруалар үшін құндылығы өте жоғары.
Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде
100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.
(Жолдаудан)
Ауыл шаруашылығын цифрландыру мен дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізу жұмыстарын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер арасында білімді тарату шараларымен қатар жүргізудеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде 400-ден астам тыңдаушыларды қамтыған 9 семинар өткіздік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қашықтан кеңес беру мақсатында extension.kazatu.kz интернет порталы іске қосылды. Бұл арқылы фермерлер онлайн режімде өндіріс үрдісінде туындаған түрлі мәселеге қатысты тегін кеңес ала алады. Интернет-порталға 3 айдың көлемінде фермерлерден 500-ден астам сұрақ түсіп, оған толық жауап берілді. Мемлекет басшысының аграрлық университеттерді ауылшаруашылық білімді тарату орталықтарына айналдыру керек деген тапсырмасын орындауға үлесімізді осылай қосудамыз.
Өндіріске енгізіліп жатқан дәлме-дәл егіншілік технологиясы қолда бар ресурсты тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып, оның сапасын жақсартып, нәтижесінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтар болсақ, тек егін егу және егістікті күту науқаны кезінде біздің ғылыми басшылыққа алып отырған шаруашылықтарымыз орта есеппен жанар-жағармайдың 8%-ға, минералды тыңайтқыштардың 25%-ға, гербицидтердің 30%-ға үнемделуіне қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ әр гектардан алынып жатқан астықтың түсімі өзгелермен салыстырғанда 5-7 центнерге жоғары. Дәлел ретінде Қарағанды облысы, Осакаров ауданы «Найдоров» ЖШС-ін мысалға келтіруге болады. Осы шаруашылықта біздің ғалымдар енгізген дәлме-дәл егіншілік технологиясын қолданған алқаптардың әр гектарынан 50 центнерден артық бидай жиналуда. Бұл – осы өңір үшін рекордтық көрсеткіш.
Сондай-ақ аталған жобаны жүзеге асыру барысында дәлме-дәл егіншілік технологиясының негізгі элементтерінің басым көпшілігін қазіргі қолда бар техникамен оған қосымша опциялар мен арнайы жабдықтарды орнату арқылы жүргізуге болатынын дәлелдеп бердік. Оған кететін шығынның 1-2 жыл ішінде ақталатынын да анықтадық. Яғни, дәлме-дәл егістік технологиясын тек қана заманауи жаңа техникамен жабдықталған шаруашылықтар ғана қолдана алады деген пікірдің жаңсақ екенін көрсеттік.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жолында тежеуші факторлардың бар екенін де айтпасқа болмайды. Цифрлы технология мен оның нәтижелерін іс жүзінде құқықтық мақсаттарда қолдану үшін тиісті заңнамаларды әрі қарай жетілдіру қажет. Мәселен, қолданылмай жатқан жерлерді қайтарып алуды қарастыру барысында ғарыштық мониторинг материалдарын соттардың ескергені маңызды. Ауылдық жерлерде, әсіресе егістік алқаптарда интернеттің әлсіздігі немесе жоқтығы үлкен кедергі болып отыр. Агрохимиялық зертхана желісінің мешелдігі мен осы бағыттағы қызмет көрсету аясындағы бәсекелестіктің жоқтығы топыраққа агрохимиялық талдау жасау жұмыстарының қолжетімсіздігі мен қымбаттығына әкеліп соғуда. Ауа райын ұзақ мерзімді болжау мен күтілетін жауын-шашынның мөлшерін дәл анықтаудың жоқтығы да қолбайлау болып отыр. Соның салдарынан фермерлер егін егу науқанының тиімді мерзімін дәл жоспарлай алмай, оны өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қолданыста жүрген топырақ қорғау жүйесі бойынша жүргізуде. Яғни, олар осы уақыт аралығында орын алған жаһандық климаттық өзгерістерді ескере алмауда.
Сонымен қатар ынталандыру мақсатында бастапқы кезеңде дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізу үрдісіне қолдау көрсету қажет. Мәселен, сатып алынатын пилотсыз аппараттардың, техникаға орнатылатын қосымша жабдықтар мен опциялардың, сондай-ақ агрохимиялық карталарды құру жұмыстарының құнына субсидия беру керек.
Тағы да бір өзекті мәселенің бірі – дәлме-дәл егіншілік технологиясы бойынша мамандардың жетіспеушілігі. Оқу орнымызда осы технологияға сай келетін құзыреттілігі мен білімі бар жоғары сапалы мамандар бар, алайда олардың саны тым аз. Оларды даярлау уақыт күттірмейтін мәселе. Ең бастысы, осыған сәйкес білім беру бағдарламасын әзірлеу қажет. Оны жоғары оқу орындарының студенттеріне ғана емес, сонымен қатар колледждер мен кәсіптік білім беру училищелеріне де енгізу керек.
Жер – біздің ұлы байлығымыз. Сондықтан да оның іскер диқандардың қолында болып, тиімді пайдалануын қамтамасыз ету ең басты міндеттеріміздің бірі болуға тиіс. Елбасымыздың Жолдауындағы осындай негізгі талаптар кезек күттірмей жүзеге асырылуы керек.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор