Медицина • 16 Қазан, 2018

Қыз-келіншектерді маммологке тегін тексерілуге шақырады

98 реткөрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазан айын сүт безі қатерлі ісігінен құлағдар болу деңгейін көтеру айы деп жариялады. Өйткені омырау обырынан болатын өлім-жітімнің көптігі онкология саласындағы өзекті мәселелер қатарында тұр. Бұл дертті асқындырмай анықтау аналарымыздың өмірін әлдеқайда ұзартады.

Ал ДДСҰ ғаламдық акцияға «Қызғылт қазан» деген атау берді. Себебі шараның нышаны ретінде қызғылт лента таңдалып алынған.

Өз кезегінде Қазақстандағы онкологиялық аурулар арасында сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынды алып тұр. Жыл сайын Қазақстанда 4 мыңнан астам әйелде сүт безі қатерлі ісігі бар екендігі жаңадан анықталады. Жыл сайын сүт безі қатерлі ісігінен елімізде 1400-ге жуық әйел қайтыс болады. 

Осыған орай биылғы 6-12 қазан аралығында Алма­тыдағы Денсау­лық сақтау министрлігі Қазақ онкология және радио­ло­гия ғылыми-зерттеу институтында Ашық есік күні өтті. Ауқымды шара аясында институттың же­текші маман­дары – білікті маммологтар түрлі кеңес­тер берді.

Тексерілу барысында патология анықталған жағ­дайда, УЗИ-ге түсу, маммография және биопсия­ның көр­­се­тілген әртүрлі түрлерімен емдеу тегін жүргі­зіледі.

Бұдан басқа, егер әйелде отбасылық анамнез бар болса, он безі қатерлі ісігіне қарсы тұқым қуалайтын бейімділікке арналған тесттен өтуге мүмкіндік жасалды.

Оған қоса 20 қазан, яғни сенбі күні Қазақстанның барлық онкологиялық диспансерлерінде Ашық есік күні өтеді. Бұл күні әйелдер маммологтан тегін кеңес алу мүмкіндігіне және УЗИ-ден, маммографиядан көрсе­тілген белгілер бойынша өту мүмкіндігіне ие болады. Нақты уақытын өз қалаларыңыздың онкологиялық диспансерлерінен білуге болады.

Мамандар Қазақстанда 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер емханаларда 2 жылда 1 рет тегін профилак­тикалық маммографиядан тексерістен өтіп тұрулары керектігін ескертеді.

Тегін қатерлі ісік скринингіне байланысты барлық ақпарат еліміздің барша емханаларында бар.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар