Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Қазақстан Ардагерлер кеңесі Бурабайда бас қосты

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ардагерлер кеңесінің кезекті көшпелі семинар-кеңесі Бурабай баурайында «Елбасы Жолдауы – халықтың әл-ауқатының артуына негіз»  тақырыбымен өткізілді.

Қазақстан Ардагерлер кеңесі Бурабайда бас қосты

Ардагер қауым бас қосқан жүздесуді Парламент Мәжілісінің депутаты, Рес­публикалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып,  жүргізіп отырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын өзек етіп, баяндама жасады. Б.Ізмұхамбе­тов өз сөзінде алдағы уақытта ең төменгі жалақының мөлшері 1,5 есе өсетіндігіне тоқталды. Ел тұрғын­­­да­ры­ның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізетін бұл жана­шыр­лықты көпшіліктің қуана қабыл­дағаны атап айтылды. Алдағы уақытта жарты миллионнан астам адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалатын болады. Оған қоса биылғы Жолдаудың жоғарыда айтылған мәселеге айрықша маңыз беріп отырғандығы жан-жақты баяндалды. 

– Депутат ретінде ел ішінде жиі боламыз, сол кезде көпшіліктің тарапынан айтылатын жайлардың бәрі дерлік Жолдауда көрініс тауып отыр деп айтсақ, ешбір артықтығы жоқ. Қордаланып қалған мәселелерді тамыршыдай дөп басып отыр. Мәселен, ұстаздардың жайы, олардың өз міндеттерінен тыс қосалқы жұмыстарға жегілетіндігі айтылып жүрді емес пе. Ендігі арада ұстаздар мәр­тебесі туралы заң қабылданса, болашақ бағбандары өздерінің негізгі міндеттерін мінсіз атқаруға мүмкіндік алады.  Жастар жылын жариялаудың астарындағы мән де терең, – деді ол. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан қаншама шаруа жіпке тізгендей етіліп баяндалып, осы ортақ іске бас-көз бол­ған ардагерлер қауымының ауқымды еңбегі де аталып өтті.     

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап берді. Елбасы Жолда­уын­дағы алға қойылып отырған міндеттер үдесінен шығу жайы да қамтылды. 

Мұнан соң сөз алған Алматы қала­лық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайқұтдінов, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ескендір Елеусізов пен Кенжебек Укин­дер тәуелсіз елдің тұғырын биіктетуге өлшеусіз үлес қосатын Жолдаудан туын­даған асқаралы міндеттер жа­йын көпті көрген қазына қарттардың даналық көзімен шолып, даралық ойымен әспеттеді. 

Кеңесте ардагерлер қоғамдық ұйы­мын қаржыландыру, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Жиын соңында ел ішінде өзде­рінің биік парасаттарымен, кісілік келбеттерімен оралымды ортақ іске дүм­ді діңгек болып, кейінгі толқынға темір­қазық, нысана іспетті жол сілтеп жүрген бір топ ардагерге Алғыс хаттармен қоса естелік сыйлықтар табыс етілді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»