Аймақтар • 17 Қазан, 2018

Сенаторлар Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының аудандарында болып, кездесулер өткізген сенаторлар Елбасы Жолдауын насихаттаумен қатар жергілікті тұрғындардың жай-күйіне қанығуда. Өзекті мәслелерге қатысты ұсыныс-пікірлерін қаперге алуда.

Сенаторлар Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Түлкібас ауданына арнайы іссапармен келген Парламент Сенатының депутаттары Асқар Бейсенбаев пен Әли Бектаев аудан активімен және тұрғындармен кездесуінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының басым бағыттарына жеке-жеке тоқталып, маңыздылығын түсіндірді. Ал Сайрам ауданы тұрғындарымен болған кездесуде сенатор Ә.Бектаев «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының не себептен тағы да 5 жылға ұзартылғанын түсіндіріп өтті. Өзінің өміршеңдігін дәлелдеген бағдарламаның арқасында елімізде талай кәсіпкер несие алып, көптеген кәсіпкерлік субъектілері іске қосылды, мыңдаған жұмыс орындары ашылды.

Мақтааралда аудан активімен кездесу өткізген сенатор Әлімжан Құртаев Елбасының Жолдауындағы негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталып, үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру тапсырылғанын атап өтті. Жолдауда айтылған тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы мәселелерi бойынша нақты мысалдармен, жан-жақты талдай отырып түсініктеме берді.

Кездесуде сөз алған Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Қасымхан Хаметов Жолдауда айтылған басым бағыттарды орындау үшін атқарушы органдар сергек жұмыс істеуі керектігін тілге тиек етті. Аудандық мәслихаттың депутаты, академик Ибадулла Үмбетаев ауыл шаруашылығы саласында 2 есе пайда табу үшін әлемнің үздік технологияларын жергілікті жерге бейімдеп енгізу керектігін жеткізді. Жергілікті мәслихат депутаты Берік Шампиев мақтаға берілетін субсидияның көлемін ұлғайту бойынша ұсыныс жасаса, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев күзде және көктемде берілетін жанар жағармайдың мерзімін өзгерту бойынша мәселе көтерді. Сондай-ақ ардагер Пердеш Есенбеков облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына ауысқалы Мақтаарал ең шалғай аудан болғанын, жаңа ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа жөнелту үшін темір жол мен әуежай қажеттілігін алға тартты. Автожолдардың сапасын жақсарту керектігі де айтылды. Өз пікірлерін ортаға салғандардың барлығы Елбасы Жолдауын үлкен ықыласпен қолдайтындықтарын және өз үлестерін қосатындарын білдірді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы