Президент • 18 Қазан, 2018

Ел игілігін еселейтін табысты сапар

64 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия Респуб­ликасына ресми сапарының екінші күні Финляндия Президентінің сарайында ресми қарсы алу рәсімінен басталды. Финляндия Президенті Саули Ниинистё Қазақстан Президентін ресми қонақтарға сай сән-салтанатымен күтіп алды. 

Президент сарайы алдындағы алаңда екі мемлекеттің әнұрандарынан соң ресми делегацияларды таныстыру рәсімінен кейін кездесу мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздеріне ұласты. Президенттер сауда-экономикалық, технологиялық және инвестициялық салалардағы өз­ара ықпалдастықты нығайту жолдарын қарастырды. 

Қазақстан Президенті Финляндия Республикасының Президентіне дәстүр­лі қонақжайлылығы үшін ризашы­лық білдіріп, екі елдің өңірлік және халық­ара­лық мәселелерді қарастырудағы ұстанымдары мен тәсілдері бірдей екенін атап өтті.

– Финляндия мен Қазақстан – сенімді серіктес ретінде танылған мемлекеттер. Сіздің елде жақында ғана өткен АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Ресей Федерациясы­ның Президенті Путиннің маңызды кездесуі – соның жарқын мысалы. Қазақ­станда да осындай іс-шаралар, соның ішінде Сирия шиеленісін реттеу жөніндегі келіссөздер өткізіліп келеді. Бізде әртүрлі мәселелер талқыланады. Мұның бәрі біздің мемлекеттеріміздің барлық елдермен жақсы қарым-қатынас ұстанып отырғанының арқасында болып отыр. Біздің елдеріміз көрші мемлекеттермен шиеленіске ұрынған емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Суоми елінің Қазақстанның Солтүстік Еуропа­дағы сауда-экономикалық және инвес­тиция­лық маңызды серіктесі саналатынын атап өтіп, Финляндияның Орталық Азия елдерімен тауар айналы­мының 90 пайызы біздің елімізге тиесілі екенін айтты.

– Елдеріміздің ықпалдастықты одан әрі тереңдету үшін әлеуеті зор. Сондықтан үкіметаралық комиссия отырысы аясында энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім салалары бойынша құрылған жұмыс топтарының қызметін жандандырып, нақты жобаларды талқылауға кірісу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Финлян­дияның бизнес өкілдерімен өткен кездесудің қорытындыларына арнайы тоқталып, бизнес-форум барысында қол қойылған құжаттардың маңыздылығын атап өтті.

– Біз ынтымақтастығымызды терең­детуге мүмкіндік беретін мүлде жаңа жоба­ларды қолға алуға уағдаластық. Қол жет­кізген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісіне бақылау жүргізуді үкімет­терімізге тапсыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Финляндия Республикасының Прези­­денті Мемлекет басшысына ілти­пат біл­діріп, соңғы екіжақты кездесу Ас­тана­да табысты өткен ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесі кезінде болғанын атап көрсетті.

– Содан бері біздің екіжақты сауда-экономикалық қатынастарымыз едәуір ілгеріледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз оның одан әрі тереңдеуіне септігін тигізеді деп сенемін. Сіздің әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысты пікіріңіз мен үшін әрқашан да қызықты. Бүгінде салмақты пікірлер мен терең пайым-парасат өте қажет, – деді Саули Ниинистё.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруа­шылығы, «жасыл» қаржы, энер­гетика, ғылым және білім, мәде­ни-гуманитарлық байланыстар салаларын­дағы екіжақты ынтымақтастық мәселе­лерін де талқылады.

Аталған кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияның Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. 

Мұнан соң Президент сарайының Айналы залында екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Олардың ішінде ведомствоаралық екі құжат туралы бұған дейін жазған едік. Олар – Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі мен Финляндияның Көлік қауіпсіздігі жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум және Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Финляндияның Экономикалық даму және қамту министрлігі және Қоршаған орта министрлігі арасында энергетика және «жасыл» экономика саласындағы стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум. Аталған құжаттарға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қол қойды. 

Мұнан соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді. 

Мемлекет басшысы журналистер алдында сөйлеген сөзінде қонақжайлы­лық көрсеткені үшін Финляндия Прези­дентіне ризашылық білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың 26 жылы ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас­тар серіктестіктің жоғары деңгейіне жет­кенін атап өтті.

– Бүгін біз екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегін егжей-тегжейлі әрі өзара сенім жағдайында талқыладық. Қазақстан мен Финляндия өңірлік және халықаралық саясаттың мейлінше өзекті мәселелерін шешуге қатысты ортақ қағидаттар мен әдістерді ұстанады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Финляндияның алдағы уақытта Еуропа одағына төр­аға­лық ететініне байланысты, фин тара­пы­ның Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясын­дағы диалогты тереңдетуге белсенді ықпал ететініне сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Финляндия ынтымақтастығының табыстылығы мен зор әлеуетін атап өтіп, оны жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.

– Елдеріміз арасында жоғары дең­гейдегі саяси диалог тұрақты түрде өт­кізі­­ліп келеді. Қолайлы іскер­лік ахуал қалыптасуда. Өзара іс-қимыл­дың шарттық-құқықтық және инсти­ту­ционал­дық базасы нығаюда. Сондай-ақ тікелей әуе қатынасы орнаған. Осы мүмкіндіктердің бәрін толық пайдалану керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне арнайы тоқталып, финляндиялық серіктестеріміз екіжақты экономикалық байланыс­тарды дамытуға мүдделілік танытып отыр­ғанын атап өтті.

– Біз Қазақстан мен Финляндия арасын­дағы Сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссия­ның тиімділігін арттыруға, сон­дай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруа­­шылығы және білім беру салаларында құрылған жұмыс топтарының қызметін жандандыруға уағдаластық. Сонымен қатар біз фин капиталы мен технологиясын Қазақстан экономикасын жаңғырту жөніндегі жобаларға тартудың жаңа мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан өңір­леріне Финляндияның «жасыл» эко­но­микадағы үздік тәжірибелерін ен­гізу жө­ніндегі жоспарларына тоқта­лып, тарап­тар қайта өңдеу саласын, инновациялық және ғылымды қамтитын кәсіп­орындарды, сондай-ақ экспортқа ар­нал­ған өндірісті ынтымақтастықтың ба­сым бағыты ретінде белгілейтінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның географиялық жағдайының артықшы­лықтары жөнінде айтып, Суомидің экспорт­тық әлеуетін күшейту және фин эко­номикасының бәсекеге қабі­лет­тігін арттыру жолындағы жаңа мүмкін­діктерге назар аударды.

– Қазақстан мен Финляндияның логистикалық компанияларының қаты­суымен екі темір жол бағытының іске қосылуы елдеріміз арасында көлік-транзит альянсын құруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті бри­фингке қатысып отырған журналис­терге Финляндияның бизнес өкіл­дері­мен өткен кездесу жөнінде айтып, екі ел ара­сындағы ынтымақтастыққа сер­пін бе­ретін жаңа бизнес жобаларға тоқталды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер қорытындысына жоғары баға беріп, бұл сапар халықтарымыздың игілігі үшін серіктестігімізді одан әрі нығайтып, кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Хиетаниеми» мемориалдық кеше­ніндегі Батырлар кресті мен маршал Маннер­геймнің ескерткішіне гүл дес­телерін қою рәсіміне қатысты. 

Мемлекет басшысы «Nokiа» компаниясы штаб-пәтерінің таныстырылым алаңына да барды. Компанияның бас директоры Раджив Сури Қазақстан Президентіне жоспарларын айтып, 5G технологиясын енгізудің қыр-сырымен бөлісті. 

Жалпы, Nokia Corporation – Финлян­дияның ұялы телефон өндірісі, ұялы телефондар мен қалтаға салып жүретін дербес компьютерлердің бағдар­лама­сы, IP-желісі және кең жолақты телеком­му­ни­ка­циялық жабдықтар шығаруға бейім­де­лген трансұлттық компаниясы. Компа­ния тарихы 1865 жылдан бастау алады. 

Ал 1980 жылдан бастап «Nokiа» компью­терлік технологиялар саласын игеріп, электроника жасау және өндіруде белсенділік таныта бастады. Тіпті 1987 жылы корпорация теледидар өндірісі бо­йынша Еуропада үшінші орынға шықса, 1992 жылы GSM (Nokia 1011) форматында ең алғашқы цифрлық қалта телефонын шығарды. 1998 жылы «Nokiа» ұялы телефон шығаруда әлемдік көшбасшы атанды. 

Әрине, «Nokiа» бизнестің кез келген саласы тәрізді шарықтау мен құл­дырауларды бастан өткерді. Марке­тингтегі қателіктер, нарықтағы бәсеке­лес­тердің белсенділігі, ұсыныстың сұра­нысқа сәйкес келмеуі тәрізді түйткіл­дер фин компаниясының қаржы­лық ахуалы мен беделіне салқынын тигізбей қойған жоқ. Алайда «Nokiа» – өзін мойындата білген компания. 2011-2012 жылдары жаһандық нарықтағы ұялы телефондардың 30 пайызы «Nokiа» компаниясының өнімдері болатын. 

Ұялы телефондардың бағдарламалық жабдықтар жасауда ұзақ жылдардан бері «Microsoft» корпорациясымен ты­ғыз қарым-қатынас орнатып, 2013 жы­лы оған ұялы телефондар өндірісіне бейім­дел­ген бизнес-құрылымын сатып жіберді. 

«Nokiа» салмақты ғылыми-зерт­теу­лерге де маңыз беріп келеді. Бүгінде компанияның 16 мемлекеттің аумағында орналасқан зерттеу орталықтарында шамамен 37 мың адам жұмыс істейді. Бұл – жалпы қызметкерлердің 27 пайызы. 

Қазіргі уақытта компанияның штатындағы қызметкерлердің саны 100 мың адамнан асып жығылады. Ал компания активі 45 млрд еуроға шамалас. 

Таныстырылым алаңында Мемлекет басшысына 5G технологиясын ен­гізу жоспары мен аталған жүйенің ар­тық­шылықтары туралы айтылды. Оның ішінде жоғары жылдамдықтың арқа­сын­да алыстан басқару тәсілдері, хабар алмасудың соңғы жетістіктері таныстырылды.

Аталған жүйені еліміздің аумағына енгізу жоспары туралы Мемлекет басшысына «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев айтып берді. 

– Біз «Nokiа» компаниясымен жарты жыл бұрын келісімге келіп, Қазақстанда 5G технологиясын сынақтан өткізуге келістік. Іс жүзінде біз ТМД аумағында аталған жүйені алғашқы болып қолға алып жатырмыз. Қазір Астана мен Ақмола облысы және Алматы қаласы мен Алматы облыстарындағы нүктелер арқылы 5G жүйесі сынақтан өткізілуде. Қазір бүкіл әлем мәлімет алмасу саласында төңкерістердің табалдырығында тұр. 5G – бұл жаңа технология. Ол кәсіпорындарды, медицина нысандарын алыстан басқаруға мүмкіндік береді. Егер осыдан үш жыл бұрын 4G жүйесін енгізуді талқылап жүрген болсақ, қазір 5G жүйесіне көшуге қам­данып жатырмыз. Егер, сынақ сәтті өтсе, көп ұзамай тұтастай ел аумағына енгізу­ге мүмкіндік аламыз, – деді Қ.Есекеев. 

Айта кетерлігі, Мемлекет басшы­сының сапары аясында 2017 жылы Қытай, Қазақстан, Ресей және Финлян­дия арасында іске қосылған «Шығыс көлік дәлізімен» темір жол арқылы контейнермен жүк жөнелту рәсімі өтті. Бір ескерерлігі, биылғы 8 айдың ішінде аталған бағыт бойынша тасымалданған жүк көлемі тұтас 2017 жылмен салыс­тырғанда 48 пайызға артқан. Контей­нерлік тасымалдау Коувола (Финляндия) – Бусловская (Ресей) – Алтынкөл (Қазақстан) – Сиань (Қытай) бағыты бо­йынша жүзеге асырылуда.

Жалпы, Мемлекет басшысы са­па­рының оң нәтижесі мен саяси-эконо­микалық әсері де көп күттірмесі анық. Бір ғана мысал: Қазақстан Президентінің ресми сапары аясында 600 млн АҚШ долларынан аса сомаға бағаланған ондаған келісімге қол қойылды.

* * * 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азия-Еуропа» (АСЕМ) форумының XII саммитіне қатысу үшін Брюссель қаласына келді.

Сапар барысында Қазақстан Пре­зи­денті жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты келіссөздер өткізіп, Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездеседі.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан» – Хельсинки (Финляндия)

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар