Руханият • 18 Қазан, 2018

Болмысы бөлек тау тұлға

251 реткөрсетілді

Сарыарқаның алтын төрі, қазақтың қара сабасы атанып жүрген біздің Қарағанды өңірінен қазынасымен қатар кәтепті қара нардай қабырғалы азаматтары да көптеп шыққаны – жұртшылыққа мәлім. Әсіресе Евней Бөкетов, Әбілқас Сағынов, Баян Рақышев сынды атақтары аймағымыздан асып, бүкіл елге, қала берді дүние жүзіне жайылған ғұлама ғалымдарымыздың ерен есімдерін күні бүгін мақтан тұтамыз. Сол «Алыптар тобының» біреуі әрі бірегейі академик, еліміздегі экономика ғылымының негізін қалаушылардың бірі Яхия Әубәкіров ағамыз еді.

 Өз басым Яхия ағадай мейірі сыртқа төгіліп тұратын, үлкенге де, кішіге де ізет­ті, ізгі жанды сирек кездестірдім. Ол кісі «зиялы адам» деген атаудың ерен эталоны, жарқын үлгісі еді. Алатаудың орман-тоғайға бөккен баурайында «Ала­тау» деген санаторий болушы еді. «Сов­минге» қарайтын. Сәті түсіп сонда барсам, алшаң басып ағам жүр екен. Ол кезде ғалымдардың, оның ішінде акаде­миктердің атақ-абыройы аймен таласатын еді ғой. Айлықтарының өзі бір арба ақша. Соған тоғайған олардың көпшілігі-ақ кергіп, ыздиып, тіпті берген сәлеміңді алмайтын. Ал мына ағамыз болса барынша қарапайым. Сол қарапайымдылықтың ар жағында даладай кең дарқандық, баладай таза пәктік сезіліп тұрады. Барынша кішік. Сол кішіпейілділіктің ар жағынан теңіз­дей толқыған кісілік пен ірілік мен- мұн­далайды. Жанап кетсең, бейнебір өзің­ді парасат биігінің түбінде, білім мұхи­тының жағасында тұрғандай сезі­не­сің. 

Сол жолғы демалысымыздан атақты академикпен бірге болдық деп бәріміз де марқайып қайттық. «Жақсымен бірге өткізген жарты күнің, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген рас екен. Жақсы ағамыздың жан жылуын бәріміз де сезіндік сол жолы.

– Мен сонау қиыр шеттен келген, өмір­дің шындығын біршама көрген адам­мын, – деді ол бір оңашалау сәтте, – мына құрып жатқан қоғамымыздың практикасы теориясынан мүлдем алшақ жатыр. Осы бетімізбен кете берсек, түбі не болатыны белгісіздеу, – деп содан соң етекте жайылып жатқан Алматыға қарап терең бір күрсінді. Бұл жолдың ақыры күйреуге апарып соғатынын сол кезде-ақ білген екен-ау дегдар ағамыз деп ойлаймын бұл күнде.

Мен республикалық прокуратурада қыз­мет істеп жүрген кезімде Мұхтар де­­ген азаматпен танысып, табысқаным бар. Яхаңның туған ағасы Зікірияның не­мересі екен. «Өзінің кіші бауырына әке­сін жоқтатпай білім мен тәрбие берген Зікірия ағасы» деп Жәния толғана жаза­­тын Зікірияның ұрпағы – осы Мұх­тар.

Мұхтар бауырымыз да жай ғана қа­тып қалған прокурор емес, тегіне тарт­қан жан-жақты білімді азамат. Әу­бәкір әулетінің соқтықпалы-соқпақты өмір жолымен мені осы Мұхтар қа­нықтырды. Оның айтуынша Яхия ағамыз Шет ауданының Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Әубәкір Тілегенұлы (Мұхтардың өзінің фамилиясы – Тілегенов) аса бай болмаса да шағын шаруасы бар тұрмысты адам болған. Үйіне Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан сияқты атақты адамдар түсіп жүретін беделді кісі екен. Сол беделі қаһарлы 37-ші жылы өзіне бәле болып жабысып, біреулердің көрсетуімен ұсталып, ақыры атылады. Содан 1956 жылы бір-ақ ақталады ғой.

 Әкесі атылысымен үлкен ұлы Зікі­рия елден безіп, сонау Сібірдегі қазақ­қа ұқсас Хакасиядан бір-ақ шығады. Кейінірек есін жиған соң ауылда қалған інісі Яхияны жасырын келіп алып ке­теді. «11 жасында жетім қалған әкем өмір бойы өз әкесін аңсаумен өтті» деп кейі­нірек қызы Жәнияның еске алатыны осы тұстың елесі.

 Болашақ ғұлама ғалымның оқуға ұсынықты, зерек болғаны түсінікті жайт. «Яхия қуықтай бөлменің бір бұрышында сығырайған майшамның жарығымен сабақ дайындап отырушы еді» деп еске алады екен Зікірия ағасы кейінірек.

Содан Яхия ағамыз тынбай талаптану­дың арқасында Омбы педагогикалық училищесін, Қарағанды мұғалімдер инс­титутын және қазіргі Омбы мемлекеттік университетін бітіреді. Ол кезде жоғары екі білім алмақ түгілі мектепті толық бітірудің өзі мұң ғой.

«Халық жауының баласы» деген атағың бар, партия-совет жұмысына жо­лама, бұлар түртпектеуін қоймайды, біржола ғылыммен айналыс» деп өмірлік жолын сызып берген де, «Алыстағы Алматыға тарт» деп жөн көрсеткен де осы Зікірия ағасы.

 Соғыстан кейінгі жоқшылық кез ғой. Сонау Новосібір қаласында пойызға шығарып салып тұрғанда Зікірия інісінің шалбарының жыртық екенін көріп, өзінің шалбарын шешіп беріп, оның жыртық шалбарын өзі киіп қалғанын прокурор Мұхтар көзі боталап тұрып айтады.

Сөйтіп Әубәкірдің кіші ұлы Қазақ университетіне келіп, экономика ғылы­мы­ның тұңғыш аспиранты атанады. «Жа­манның ғұмыры шағым мен арыздан тұрады, жақсының ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» дегендей, абзал ағамыздың парасат бигіне барар жолы осылай басталған. Сөйтіп ол әкесінің орнына әке болған аяулы ағасының айт­қандарын бұлжытпай орындап, бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнап, табан­дылығы мен талаптылығының арқа­сында оның шырқау шыңына шықты. 50-жылдары кандидаттық жұ­мысын, 70-жылдардың басында докторлық диссертациясын қорғап, ғылымға үлкен үлес қосты. Бұл жерде атап айта кететін бір нәрсе, ол кісінің докторлық қорғауына кезіндегі қайта құрудың атасы, Мәскеудегі атақты академик Абалкиннің өзі мұрындық болған.

Кейбіреулерге ұқсап доктор атан­ғаннан кейін «болдым, толдым» деп тоқырап қалған жоқ. Ғылымдағы жолы үне­мі өмір өзгерістерімен өзектесе өрі­ліп отырды. Оның ақыл-ойынан туын­даған экономика теориясы мен прак­тикасының түйінді мәселелеріне арналған үш жүзден астам құнды еңбегі соның айқын айғағы.

Ол кезде бүкіл одақ елдері сияқты Қазақ­стан да орыс тілінің темір құр­сауында тұрғаны рас. Тіпті қазақ тілі тек қана отбасы құралы ғана болып, ғылым тілі болудан қалып бара жатты. Аяулы ағамыздың тағы бір ерекше ерлігі сол, ол ғылыми еңбектерінің көпшілігін қазақ тілінде жазып, ана тілімізді ғылым-білім тілі деңгейіне қайыспай көтерді. Аса қиын пәннің бірі саяси экономика, оның теориясы бойынша қазақ тілінде дәріс берген алғашқы экономист ұстаздың бірі де осы ағамыз болғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. 

Ол ғылым жолына қадам басқаннан өмірінің соңғы күніне дейін шәкірт тәр­бие­леуден жалықпай кеткен ұла­ғат­­ты ұстаз. Жарты ғасыр ішінде аға­­мыздың алдынан мыңдаған шә­кірт өр­біген. Ол кісінің ғылыми жетек­ші­лігімен және көмегімен жазы­лып, қор­­ғалған докторлық және канди­дат­тық­ диссертациялардың өзі жүзден асып жығылады. Үлкен бір ғылыми инс­ти­тутқа жүк болатын осындай жұ­мыс­тарды Яхаң бір өзі атқарған. Ака­демик Әубәкіровтің «шекпеніне шыққан» шәкірттердің ішінде көптеген көрнекті қайраткерлер, ғалым-акаде­мик­тер, министрлер, ректорлар бар. 

– Яхия Әубәкіров өзінің мағыналы өмір жолымен, ішкі рухани байлығы­мен, асыл адами қасиеттерімен, кішіпейіл­дігімен, еңбекқорлығымен, ақыл-пара­сатымен бәрімізге үлгі болған үлкен тұлға. Тек қана экономистер ғана емес, ғылым қуған барлық жастардың рухани көсемі, тәрбиешісі, ақылшысы, бапкері, қамқоршысы да сол кісі еді,–деп еске алады кезінде ҚазМУ сияқты қара шаңырақты басқарған академик Көпжасар Нәрібаев.

Қара шаңырақ демекші, журфакта оқып жүрген кездері Яхаң «Нархоздан» бізге проректор болып ауысып келді. Жай келген жоқ, алтын ұямызға бір жы­лылық ала келді. Содан ақтық демі таусылғанша осы шаңырақта аянбай қызмет етті. Сол кездегі ректорымыз Өмір­бек Жолдасбеков екеуі бірін-бірі толық­тырып, қандай жарасып жүруші еді. 

Обалы не керек, осы Өмекең бар, басқалары бар Яхаңның білімділігі мен біліктілігін лайықты бағалап, оны бір­неше рет басқа жоғары оқу орындарына бірінші басшылыққа да ұсынған. Алайда, ағамыз биік мансаптан гөрі, шынайы ғылыми ортаны қимады ма екен, өзінің құтты қара шаңырағынан ажырау­ды жөн көрмеді. 

Онымен бірге жүріп, қатар қызмет еткен Кенжеғали Сағадиев, Көпжасар Нәрібаев сияқты үлкен ғалымдар, қазақ зиялыларының бәрі де Яхаңның жібектей мінезі мен биік парасатына, жалпы ерекше бітім-болмысы мен ғажайып адами қасиеттеріне тәнті болған. Жар­қын да жайдары мінезі, тазалығы, адал­­дығы мен сабырлы әрі салмақты сөздері, ай­рықша қарапайымдылығы төңірегіндегі жандардың бәрін тәнті етіп, тартып тұрған. Жиырма жылға жуық проректор, отыз жылдан аса кафедра меңгерушісі болған кезде еш уақытта маңайындағыларға биліктің биігінен қарамапты. Ұлықтарға иіліп, бас шұлғымаған, өзінен кішілерге кеуде көрсетпеген.

Ғалым Яхия Әубәкіровтің есімі алыс-жақын шетелдерге де танымал болды. АҚШ, Англия, Болгария, Венгрия, Гер­мания, Словакия, Чехия сияқты мемлекеттерге барып, олардың жоғары оқу орындарында оқыған дәрістері мен жа­са­ған баяндамалары өте жоғары ба­ғаланды.

– 1994 жылы қараша айында елі­міз­дің бір топ ғалымы Лондон қала­сындағы Мидл-Сикс университетіне бардық, – деп еске алады академик Көпжасар Нәрібаев, – арамызда ағамыз да бар еді. Мұны естіген ағылшын экономистері оның дәрісін тыңдауға ағылып келе бастады. Оған тіпті бас­қа факультеттердің жетекшілері де қа­тыс­ты. Одан кейін атақты Оксфорд университетіне барғанымызда да дәл осы жағдай қайталанды. Ол жолы да шетелдік ғалымдардың арасында Яхия Әубәкірұлының беделінің жоғары екен­дігінің тағы да куәсі болдық. 

«Экономист ғалымдарға қатысты қордаланып қалған мәселе көп-ау. Сол үшін бірге жұмыс жасасақ». Бұл аяулы ағамыздың әріптесі Нұрғали Мамыровқа айтқан соңғы сөзі екен. Ол өзінің құтты қара шаңырағы ҚазМУ-дің биік мінберінде баяндама жасап тұрып бақилық болды. «Қыран қазасы қияда» деген осы болар.

Сол қаралы кездері көпті көрген Көп­жасар аға аталы сөз қозғапты: «Рес­пуб­лика деңгейінде шешілетін мәсе­лелер бар, – дей келіп ол кісі мынандай ұсы­ныс­ты ортаға тастаған, – Алматыда, Қа­­ра­ғандыда көшелерге, туған жерінде ауыл­ға, мектептерге атын беру керек. Әріп­тестері, университет басшылары бұл мәселеге белсенді түрде атсалысуы қажет».

Бұл орынды ой осыдан он жыл бұрын айтылса да әлі күнге тырс еткен жан жоқ. Өзгені қойғанда, жерлестері де үнсіз. Жақсының аты өлмек емес, жарандар!

– Әкем бізге өзінің өмірімен өнеге көрсетіп кетті, – деп толғанады қызы Жә­ния. – Біз ата-анамыздың мәнді де мағы­налы өмірін көріп өстік. Олар өте қара­пайым өмір сүрді. Қулық-сұмдыққа бармады. Біреуге қиянат жасамады. Қолынан келсе, көмек қолын созды. Әкемнің өнегелі өмірі біз үшін үлкен мек­теп болды.

«Ата-ананың мықтылығы – тектілігі» деген рас. Өзінің ғажайып өнерімен елі­міздің атын бүкіл дүние жүзіне ас­пан­датқан Жәния қарындасымызды та­ныстырып жатудың өзі артық. Оның тәуел­сіз Қазақстанның музыкалық білім бе­ру стратегиясын жасап шыққанының өзі неге тұрады! Ол да Елбасымыздың қабыл­дауында болып, батасын алып шыққан айтулы тұлға бүгінде.

 Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

 Халықаралық Ақпарат академиясының академигі

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Қанат Әбілқайыр

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Арман Әлменбет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 2

Руханият • Кеше

Баянғали туралы баян

Руханият • Кеше

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар