Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Алматыда фитомедицинаның жаңа дәуіріне қатысты жиын өтті

291 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматыда фитомедицинаның жаңа дәуіріне қатысты жиын өтті

Бүгін Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде «Фитониринг – фитомедицинадағы жаңа дәуір, дәстүрден бүгінгі заманға қарай» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Қазақстан өңірлерінен 200-ден аса делегат пен республикадағы медициналық университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамы, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері (гинекологтар, урологтар, терапевтер, педиатрлар, нефрологтар), сондай-ақ, Германия мен Ресейдің жетекші ғалымдары қатысты.

Конференцияда антибиотиктерге ағзаның үйренуі қазір бүкіләлемдегі қоғамдық денсаулық сақтау саласының көкейкесті жаһандық мәселесіне айналып келе жатқандығы талқыланды.

Көптеген елдер антибиотикке төзімділікті тежеу үшін түрлі шаралар қабылдауға мәжбүр. Бұл мәселемен Қазақстан да бетпе-бет келуде.

Жиын барысында антибиотикке төзімділікті тежеудің басты жолы ретінде – дұрыс антибиотик терапиясын тағайындауға қатысты медициналық қауымдастық пен халыққа білім беру, антибиотиктерді себепсіз қолдануды тоқтату және баламалы тәсілдерді іздеу ұсынылды.

Мұның бір шешімі – озық өндірістік технологияларды қолдана отырып, сапалы өсімдік шикізатынан жасалған әрі стандартталған, тиімді де қауіпсіз дәрілік препараттар балып табылмақ.

Осы орайда Қазақстандағы «Бионорика»  компаниясының фитониринг тұжырымдасы арқылы болашақ фармацевтикада жаңа саланы қалыптастыру жайы сөз болды. Компания тиімділігі мен қауіпсіздігі көптеген ғылыми зерттеулермен дәлелденген жоғары тиімді әрі қауіпсіз дәрі-дәрмектерді жасап шығару мақсатында табиғи белсенді заттардың (ФИТО-) зор әлеуеті мен заманауи инновациялық технологиялар (инжиНИРИНГ) қолданатыны алға тартылды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ