Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді орындауға жағдай жасалмақ. Осыған орай кеше партияның Орталық аппаратында Құқықтық кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Онда қатысушылар еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалауға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.
Елбасы Жолдауда экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатында батыл шаралар қабылдау керектігін нақты тапсырған болатын. Бұл орайда Мемлекет басшысы коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуының және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуының әлі күнге дейін ашық еместігіне, монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отырғанына ерекше назар аударды. Осыған байланысты Президент Үкіметке 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауды тапсырды.
Жолдауда қарастырылған барлық шаралардың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін партия өкілдері «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Бұл жайттың қазақстандықтарды көптен бері толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі екені белгілі.
«Нұр Отан» партиясының Стратегиялық зерттеулер институтының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 36 пайыздан астамы пәтер иелері кооперативінің қызметіне көңілдері толмайды. Бұл ретте халық қызмет көрсетуші компания әрекеттерінің ашық еместігін және түскен қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын тетіктің жоқтығына наразылықтарын білдірген.
Осы мәселелердің барлығы Құқықтық кеңес отырысында кеңінен талқыланды. Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, ТҮКШ саласында шешімін таппаған мәселелер сол күйінде қалып отырғанын айтты. Соның ішінде коммуналдық қызмет тарифтерінің ашық болмауы мен негізсіздігіне және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаратын компаниялардың қызмет сапасына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.
Сонымен қатар жиында Елбасы тапсырмаларын сапалы орындап, халықтың көптен күткен мәселесін оңтайлы шешу үшін тұрғын үй-коммуналдық қатынастарын жаңғыртатын жүйелі негіз қалыптастыру керектігі айтылды. Одан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалаудағы басты міндет көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару қызметінің жоғары сапасына қол жеткізу екендігі де сөз болды. Осыған орай қатысушылар енгізіліп отырған заң жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық саласын реформалау және жаңғыртудың заңнамалық негізі ретінде қарастырылуы керектігіне баса мән берді. Сол себепті де партия өкілдері заң жобасын бүкілхалықтық және жан-жақты талқылауды қолдап, барша азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды осы үдеріске белсенді қатысуға шақырды.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттейтін заң жобасы Мәжілістің қарауында. Бұл ретте біздің басты міндеттеріміздің бірі – аталған заң жобасын тиянақты сараптап, оның халық күткен мәселелерді шешуге және еліміздің тұрғын үй қорын тиімді басқаруға әсер етуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ осы салада тиімді мониторинг жүргізіп, монополистер мен пәтер иелері кооперативінің жұмысын анықтау да біздің басты міндетіміз. Партия осы бағытта қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен күш біріктіріп, жүйелі бақылау жүргізуге дайын. Сондықтан бүгінгі басқосуымызды сол ауқымды жұмыстың бастамасы деп те қабылдаймыз, – деді М.Әшімбаев.
Нұротандықтар ұсынған түзетулер кондоминиум объектілерін басқару мен оларға қызмет көрсету және оның орындалу тәртібін реттеуге бағытталған. Яғни, онда меншік иелерінің қатысуымен және бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясын жұмылдыру арқылы ортақ мүлікті күрделі жөндеуге қаражат жинақтау үдерістері көрсетілген. Жаңартылған заң жобасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін құру мүмкіндігі де қарастырылғанын атап өткен жөн. Дайындалған нормативтік-құқықтық актілер халықтың тұрғын үй құрылыс компанияларына қосылуы арқылы баспаналы болу тетіктерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық кемшіліктерді жоюға бағытталған.
Жалпы, аталған түзетулер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін реформалау үшін бірнеше мәселені қатар шешуге бағытталған.
Айта кетейік, жиынға Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылығы және олардың өңірлердегі өкілдері қатысты. Ал Құқықтық кеңестің отырысы нәтижесінде дайындалған тиісті ұсыныстар алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі ұйымдарға жолданады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»