Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Қостанайда Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың қатысуымен актив өтті

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Министр қостанайлықтардың алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазанда Қазақстан халқына жолдаған Жолдауының мән-маңызы туралы айтып, ондағы Елбасы көтерген коммуналдық тариф, халықтың жалақысы, баспана, тағы басқа да өзекті мәселелерге тоқталды.

Қостанайда Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың қатысуымен  актив өтті

Ол жалақы мәселесінде, мемлекеттік қызметкерлерге енді еңбегіне, істеген жұмысына қарай, балдық шкала бойынша төленетінін айтып өтті. Балабақшалардың 52 мың тәрбиешісі біліктіліктерін көтеретін болады.

Министр Жолдауда айтқан  өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін экспортқа шығаруды 2,5 есе арттыру туралы айта келіп, осы тапсырманың Қостанай облысы секілді ауыл шаруашылығы дамыған облысқа қатысты екенін де ескертті. Бұл үшін инвестициялық-инновациялық бағдарламалардың, қуатты жобалардың жүзеге асатынынан хабар береді.

Министр активке қатысқандардың сұрақтарына да жауап берді. Соған орай «Педагогтардың мәртебесі туралы»  заң жөнінде айтты.

«Елбасы мұғалімдерді сайлаулардан бастап, ұсақ шараларды ұйымдастыруға дейін пайдаланатыны туралы ашық айтты. Болашақ заң ұстаздарды осындай артық жүктемелерден құтқаратын болады. Білім және ғылым министрлігі заңды жазуға кірісіп те кетті. Ал оған жергілікті жерден үнқосулар, пікірлер болуы үшін заңның жасалуына мамандарды қатыстыру керек» деді Дархан Кәлетаев.

Осындай мәселелердің барлығын қамтыған Жолдауды адамдарға түсіндіру үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында 21 ақпараттық-түсіндіру топтары құрылғанын айтты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай