Қазақстан • 17 Қазан, 2018

Онжылдыққа орай құттықтады

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қор ұжымын атаулы күнмен құттықтады.

Онжылдыққа орай құттықтады

SK News корпоративтік газетінде жарияланған құтықтауда Ахметжан Есімов:

– Құрметті әріптестер! Баршаңызды «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Он жылдың ішінде «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ұлттық компаниялар ел экономикасының тірегіне айналды – бүгінде ұлттық экономиканың төрттен үш бөлігін Қор компаниялары құрап отыр.

Биылғы жылдың сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорының 2018-2028 жылдарға арналған Даму стратегиясы мен жаңартылған Трансформация бағдарламасын бекітіп, Қорды дамытуға бағытталған іс-шараларға оң бағасын берді. Дегенмен, келешек ұрпақ үшін ұзақмерзімді дамуды қамтамасыз ететін, ұлттың әл-ауқатын көтеретін Қорға айналу үшін әлі де жұмыла еңбек етуіміз қажет,– деді.

Оның айтуынша, қорға қарасты компаниялардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өндірісті цифрландырып, бизнес-процесстерді оңтайландыру арқылы компаниялардың тиімділігін арттыру – акционерлік қоғамның негізгі мақсаты. Сонымен қатар, қор Жекешелендіру бағдарламасы арқылы стратегиялық инвесторларды тартып, портфель құрылымын оңтайландырып, инвестициялық жобаларды қайта қарауға мүдделі. Кірісті әртараптандыру үшін «Самұрық-Қазына»  қазақстандық және шетелдік серіктестермен біріге отырып тиімді жобаларды қаржыландырып, еліміздегі жеке капиталды дамытуға жағдай жасауы тиіс. Тұрақты даму жолына түсу мақсатында Қордың құрамындағы әрбір компания корпоративтік басқарудың ең жоғарғы стандарттарын енгізуі шарт.

– Биыл «Самұрық-Қазына» қоры жаңа кадрлық саясатты бекітті. Оның негізгі мақсаты - Қордағы шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, холдингті оңтайлы ұйымға айналдыру. Жаңа кадрлық саясатқа сәйкес, Корпоративтік орталықта жаңа басқару құрылымы енгізілді. Ендігі қадам – Қорға қарасты барлық компанияларда қызметкерлерді қабылдаудың бірыңғай жүйесін енгізу, осылайша әділетті де ашық түрде білікті мамандарды жинау,– деді Ахметжан Есімов.

Құттықтауда айтылғандай, Елбасы алдымызға қойған мақсат-міндеттерді орындап, қазақстандықтардың үмітін ақтау – қорда қызмет атқаратын арбір азамат үшін үлкен сын. Сол себепті басқарма төрағасы қор компанияларында жұмыс атқаратын 320 мыңнан астам азаматтың  әрқайсысын қызметке адал болуға, жүктелген міндетті сапалы атқаруға шақырды.

– Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы өмірдің әрбір саласын көз ілестірмей өзгертіп жатыр. Мұндай уақытта өзгеге де, өзіне де талап қоя алатын, білімге құштар, бәсекелестікке қабілетті мамандар ғана жетістікке жетеді. Мерейтой қарсаңында баршаңыздың еңбегіңізге береке, отбасыларыңызға бақыт, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Мереке құтты болсын!– делінген құттықтауда.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Соңғы жаңалықтар