Әлем • 19 Қазан, 2018

Жаһандық үнқатысу алаңындағы жүздесу

170 реткөрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Франция Президенті Эммануэль Макронмен кездесті. Сондай-ақ «Азия – Еуропа» форумының (АСЕМ) XII саммитінің ашылу салтанатына қатысты.

Франция Президентімен келіссөздер барысында саяси қарым-қатынасты терең­дету мәселелері, сауда-экономи­калық ықпалдастық пен білім және ғылым саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы сөзінде Қазақ­стан мен Франция арасындағы байланысты жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтерудің маңызына тоқталды. 

«Биыл екі ел арасындағы диплома­тиялық қарым-қатынастың орнағанына 26 жыл толды. Осы уақыт аралығында құ­қық­тық-келісім базасын жасақтадық. Сон­дай-ақ стратегиялық серіктестік жө­­нін­­­де келі­сі­міміз де бар. Екі ел ара­­сын­­да­ғы тауар айналымы 5 миллиард дол­­­лар­ға жетуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақ­­­стан­­да көптеген француз компания­лары табыс­ты қызмет етіп келеді», деді Елбасы. 

Өз кезегінде Франция Президенті Э.Макрон Н.Назарбаевпен жолыққанына қуанышты екенін жеткізді.

«Мен президенттік қызметіме кіріс­кеннен бері алғаш рет кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Биыл стратегиялық серіктестігімізге 10 жыл толды. Сізбен кездесіп, пікіріңізді біліп, көкейкесті мәселелерді талқылаудың маңызы зор», деді Э.Макрон.

Әңгіме барысында екі елдің басшылары Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты байланысты нығайтуға ықылас танытты.

Франция Президентімен кездесуден кейін Елбасы «Азия – Еуропа» форумының (АСЕМ) XII саммитінің ашылу салтанатына қатысты. Саммит «Еуропа мен Азия: жаһандық сынақтар алдын­дағы жаһандық әріптестік» тақыры­бы аясында, екі пленарлық сессия бойынша жүргізіледі. Жиын барысында қаржы-экономикалық мәселелер мен жаһандық сынақтар талқыланбақ. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық түйткілдерге қатысты бейресми пікір алмасулар өтеді. 

Қол алысу рәсімінен кейін мемлекет басшылары дөңгелек үстел өткізді. Жиынды ашқан Еуропалық кеңестің Президенті Дональд Туск құрметті қо­нақ­тарға Еуропаның бейресми астанасы Брюссельге келгені үшін алғыс айтты. 

«АСЕМ – Еуропа мен Азияны жақын­дастыратын, елдер мен аймақтар арасын­дағы қауіпсіздік пен дамуды нығайтатын форум. Тіпті, бүкіл әлемге оң ықпалы бар жиын деуге келеді. Форумға мүше мемлекеттер әлем халқының 60 пайызын құрайды, жаһандық экономиканың 65 пайызы, әлем­дік туризмнің 75 пайызы бізге тие­сілі. Осынау таңғаларлық алып күш­ті сауда шиеленісі, климат өзгеруі әсері­­нің артуы, қоғамымызды жікке бөлетін әре­кеттер секілді жаһандық сынақ­тар­мен күресуге жұмсауымыз керек», деді Д.Туск. 

Бұдан кейін Еуропалық кеңес Прези­денті бірлесе жұмыс істегенде ғана жаһан­дық сынақтарға қарсы тұру нәти­желі болатынын атап өтті. Сон­дықтан Еуропа мен Азия елдері бірлескен мақсатта күш жұмылдыруы қажет. Бұдан кейін Д.Туск саммит жұмысы барысында талқыланатын мәселелерге тоқталды. 

«Әйтсе де, қандай мәселені талқыла­сақ та, біздің іс-қимылымыздың ережеге бағынуы маңызды екенін түсінуіміз қа­жет. Өйткені ережеге сүйенген шешім ғана ха­лық­тарымызды ұзақ мерзімде қор­ғап қа­лады. Кімде-кім ұшқары іс-шара қа­был­дауға талпынса, ағат басатыны анық. Егер ереже болмаса, әлемде бере­кет­сіздік орнайтын еді. Сондықтан өз ерек­ше­ліктерімізді ескере отырып, ор­тақ болашақ үшін оң шешім қабылдай­ты­ны­мызға сенімдімін», деп сөзін түйіндеді Д.Туск. 

1996 жылы құрылған бұл форумның басты мақсаты – Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Қазіргі таңда АСЕМ форумы саясат және қауіпсіздік, экономика және қаржы, білім және әлеуметтік-мәдени сала бағыты бойынша жүргізіледі. 

Ұйымға әлемнің 51 елі мүше. Оның 30-ы еуропалық болса, қалған 21-і азия­лық мемлекет. Қазақстан АСЕМ құра­мына 2014 жылы енді. Содан бері елі­міз фо­ру­м­ның жиындарына әрдайым қатысып келеді. 

Форум жұмысы барысында Азия мен Еуропа арасындағы сауда және инвестицияны арттыру, өзара байланысты кеңейту, тұрақты даму және климаттың өзгеруі мәселелері сөз болады. 

Бұдан бөлек, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, қауіпсіздікті нығай­ту бойынша келіссөздер жүргізілмек. Саммит қорытындысы бойынша АСЕМ төрағасының мәлімдемесі қабылданады. Форумның келесі жұмысы 2020 жылы Камбоджада өтеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» – Брюссель (Бельгия)

Соңғы жаңалықтар

Жақсы дәстүр жалғасады

Руханият • Бүгін, 08:49

Алаштанушы ғалымның белесі

Руханият • Бүгін, 08:47

Игілікті еңбек иесі

Қоғам • Бүгін, 08:46

Намазалы Омашұлы: Ел шежіресі

Руханият • Бүгін, 08:42

Тараз шаһарындағы тамаша түн

Аймақтар • Бүгін, 08:39

Тұңғыш Тіл форумы өтеді

Қоғам • Бүгін, 08:36

Патриархтың орындалған парызы

Руханият • Бүгін, 08:33

Кедергісіз келешек

Қоғам • Бүгін, 08:31

Жошы ханға ескерткіш орнатылады

Руханият • Бүгін, 08:24

Қазақтардың атқа міну мәдениеті

Қазақстан • Бүгін, 08:22

Еуроны сатып алушылар көбейді

Экономика • Бүгін, 08:20

АQR: 14 банкті «сауықтыру» керек пе?

Экономика • Бүгін, 08:15

Ең қысқа әңгіме. Омарбек Нұрдәулет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 6

Руханият • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Айбек Ережеп

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Әсел Асқарқызы

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Еділ Анықбай

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Сайлау Төлеу

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ербол Бораншы

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрлан Қабдай

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ұқсас жаңалықтар