Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Жас спортшы джиу-джитсудан күміс медаль иегері болды

386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Чеxияның Острава қаласында джиу-джитсудан өткен Әлем чемпионаты өткен болатын. Ересектер арасындағы жекпе-жек жарысына  жетісулық жас спортшы Айбек Ахметов те қатысқан еді. Ол әлемнің мықты спортшылары жиналған чемпионатта күміс жүлдеге қол жеткізіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді. 

Жас спортшы джиу-джитсудан күміс медаль иегері болды

Айбектің жасы жиырмада.  Алакөл ауданында туып-өскен. Жекпе-жек өнерін бала күнінен серік етті. Джиу-джитсудан ел ішіндегі жарыстардың барлығында топ жарып келеді. 8 дүркін Қазақстан чемпионы болды. Осы спорт түрінен Азия біріншілігінің жеңімпазы. Енді әлем чемпионатының күміс жүлдесін олжалады.

- Айбол талай байрақты бәсекелерде өзін жақсы қырынан көрсетіп, жеңіс тұғырына көтеріліп жүр. Болашағы әлі алда ғой. 20 жасында әлемнің мықты джиу-джитсушыларымен иық теңестірді. Өзі намысты, өр рухты жігіт. Жаттығуда ерекше төзімді, қайсар қалпынан айнымайды. Нәтижесінде жеңіс тұғырына көтерілді. Шәкіртіме сенемін - дейді әлем чемпионатының күміс жүлдегерінінің бапкері  жаттықтырушы Арнұр Нұрланұлы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы