Палата Спикері «Электролиз» зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысып, ірі өнеркәсіп нысандарына барды. Өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна өнім өндіретін зауыт алюминий, технологиялық алюминий құймаларын шығарады. Ішкі нарықтан басқа, өнімдер әлемнің 20-дан астам еліне, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Еуропа елдеріне жөнелтіледі.
Жылдан-жылға өндірістік қуатын арттырып келе жатқан зауыттың ашылуына он жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастамашы болған. Сондықтан Елбасының барлық бастамалары зауыт ұжымы тарапынан ерекше қолдау табады. Кәсіпорынның қызметкерлері Президенттің бастамаларына белсенді түрде өз үлестерін қосуға дайын. Н.Нығматулин алдағы уақытта өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға ерекше назар аударылатынын, сондай-ақ жаңа технологияларды дамытуға зор көңіл бөлінгенін айтты.
Мәжіліс Төрағасы одан әрі Жолдаудың басым бағыттарына тоқтала келіп, ол бүкіл халықтың, әрбір шаңырақтың, әрбір азаматтың жағдайын жақсартуға арналғанын атап өтті. Онда ең алдымен әлеуметтік саланың маңызды міндеттері, отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, еңбекақы, жастар, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың жолдары көрсетілді. Ең бастысы, олардың барлығы орындалатын, нақты және қажетті мақсаттар.
Осындай нақты жоспарға құрылған, халқымыздың, еліміздің игілігін көздейтін, ірі істерге жол ашатын Жолдауды орындауға белсене қатысу әрбір азаматтың абыройлы міндеті екенін айтқан Н.Нығматулин бұл депутаттық корпустың заң шығару жұмысының да ең негізгі бағыты екенін атап өтті.
Одан әрі Мәжіліс Төрағасы «Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы» жастармен кездесті. Орталық бес жылдың ішінде көптеген шығармашылық идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асырды. Сонымен бірге орталықтан жұмыспен қамту, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары және жастар кәсіпкерлігі туралы ақпараттар алуға болады.
Болашақ экономикасының жаңа технологиялары, шағын және орта бизнестің дамуы, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету – Жолдаудағы осы бағыттардың барлығы жас буынға жақын және түсінікті. Сондықтан оларға жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік береді.
Мәжіліс Төрағасы жастармен кездесуде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда жастар мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын айтты. Палата Спикері сондай-ақ Елбасының Жолдауындағы басымдықтарға тоқталып, бұл жастарды және отбасы институтын жан-жақты қолдауға бағытталғанын, 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жарияланғанын атап көрсетті.
Өз сөзінде Н.Нығматулин:
– Келесі жыл – сіздер үшін маңызды, мағыналы және қызықты оқиғаларға толы жыл болатыны сөзсіз. Оның барлығы жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әлеуметтік жағдайын көтеруге, тиімді еңбекпен айналысуға жаңа серпін беретін болады, – деді.
Елбасымыздың жаңа технологияларға, инновацияға және автоматтандыруға зор мән бергенін айтқан Палата Спикері осы жолда жастардың шығармашыл идеялары барлық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін өте қажет екенін атап өтті.
Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин жастардың сұрақтарына жауап бере келіп, Елбасы қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық жастың белсене қатысуы керектігіне тоқталды. Ал өз кезегінде Парламент Елбасы Жолдауын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің барлық іс-шараларын қолға ала отырып, сайлаушылардың кездесу барысында айтқан ұсыныс-пікірлерін есепке алатын болады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР