Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Нұрлан Нығматуллин: Бұл – бүкіл халықтың жағдайын жақсартуға арналған Жолдау

720 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Кездесудің басты мақсаты – Елбасының Жолдауын еңбек ұжымдарымен және тұрғылықты халықпен кездесіп, талқылау.

Нұрлан Нығматуллин: Бұл – бүкіл халықтың жағдайын жақсартуға арналған Жолдау

Палата Спикері «Электролиз» зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысып, ірі өнеркәсіп нысандарына барды. Өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна өнім өндіретін зауыт алюминий, технологиялық алюминий құймаларын шығарады. Ішкі нарықтан басқа, өнімдер әлемнің 20-дан астам еліне, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Еуропа елдеріне жөнелтіледі.

Жылдан-жылға өндірістік қуатын арттырып келе жатқан зауыттың ашы­луына он жыл бұрын Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі бас­­тамашы болған. Сондықтан Елбасы­ның барлық бастамалары зауыт ұжы­мы тарапынан ерекше қолдау табады. Кәсіп­орынның қызметкерлері Президент­тің бас­тамаларына белсенді түрде өз үлес­терін қосуға дайын. Н.Нығ­мату­лин алдағы уақытта өңдеу­ші өнеркә­сіпті қолдауға ерекше назар ауда­ры­латы­нын, сондай-ақ жаңа технологияларды дамытуға зор көңіл бөлінгенін айтты. 

Мәжіліс Төрағасы одан әрі Жол­дау­дың басым бағыттарына тоқ­тала келіп, ол бүкіл халықтың, әрбір ша­ңырақтың, әрбір азаматтың жағдайын жақсартуға арналғанын атап өтті. Онда ең алдымен әлеуметтік саланың маңызды міндеттері, отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, еңбекақы, жастар, ауыл шаруашылығы, құқық қор­ғау жүйесін жаңғыртудың жолдары көр­сетілді. Ең бастысы, олардың барлығы орындалатын, нақты және қажетті мақсаттар.

Осындай нақты жоспарға құрыл­ған, халқымыздың, еліміздің игілігін көздейтін, ірі істерге жол ашатын Жолдауды орындауға белсене қатысу әрбір азаматтың абыройлы міндеті екенін айтқан Н.Нығматулин бұл депутаттық корпустың заң шығару жұмысының да ең негізгі бағыты екенін атап өтті.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы «Жас­тар бастамаларын дамыту орта­лы­ғындағы» жастармен кездесті. Орта­лық бес жылдың ішінде көптеген шы­ғар­машылық идеялар мен жаңа жоб­аларды жүзеге асырды. Сонымен бірге орталықтан жұмыспен қамту, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мен мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламалары және жастар кәсіп­кер­лігі туралы ақпараттар алуға болады.

Болашақ экономикасының жаңа технологиялары, шағын және орта бизнестің дамуы, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету – Жолдаудағы осы бағыт­тардың барлығы жас буынға жақын және түсінікті. Сондықтан оларға жаңа қадамдар жасауға мүм­кіндік береді.

Мәжіліс Төрағасы жастармен кездесуде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда жас­тар мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын айтты. Палата Спикері сондай-ақ Елбасының Жолдауындағы басымдықтарға тоқталып, бұл жас­тарды және отбасы институтын жан-жақты қолдауға бағытталғанын, 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жария­ланғанын атап көрсетті. 

Өз сөзінде Н.Нығматулин: 

– Келесі жыл – сіздер үшін маңыз­ды, мағыналы және қызықты оқиғаларға толы жыл болатыны сөзсіз. Оның барлығы жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әлеуметтік жағдайын көтеруге, тиімді еңбекпен айналысуға жаңа серпін беретін болады, – деді. 

Елбасымыздың жаңа техноло­гияларға, инновацияға және автомат­тан­дыруға зор мән бергенін айтқан Палата Спикері осы жолда жастардың шығармашыл идеялары барлық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін өте қажет екенін атап өтті. 

Кездесу барысында Нұрлан Нығ­матулин жастардың сұрақтарына жа­уап бере келіп, Елбасы қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық жастың белсене қатысуы керектігіне тоқталды. Ал өз кезегінде Парламент Ел­басы Жолдауын заңна­малық тұр­ғы­дан қамтамасыз етудің барлық іс-шараларын қолға ала отырып, сайлаушылардың кездесу барысында айтқан ұсыныс-пікірлерін есепке алатын болады. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР