Осы сапары кезінде Президент жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер жүктеді. Әрі Елбасы бұл тапсырмалардың дені бұған дейінгі бес әлеуметтік бастамада көрсетілген тұжырымдардан және Қазақстан халқына Жолдауында айтылған талаптардан тұратынын атап көрсетті.
Сонымен бірге Н.Назарбаев Ақтөбе облысына сапары кезінде мұндағы бірқатар өндірістік, әлеуметтік және мәдени-спорт нысандарының жай-күйімен танысу барысында жергілікті өкілетті органдарға тағы да бірқатар жаңа міндеттер жүктеді. Бұлай болатын жөні де, реті де бар екені айдан анық. Өйткені Ақтөбе еліміздің батыс бөлігіндегі даму қарқыны жоғары, келешегі кемел де жарқын аймақ болып отыр. Президент тапсырмалары бірінші кезекте осындай қарқынды іс-қимылды бәсеңдетіп алмау қажеттілігінен туындағаны талассыз.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде Елбасы тапсырмалары ойдағыдай орындалып келеді. Президенттің облыс басшысына әрі өкілетті органдарға берген тапсырмасы сан тарау. Оның қай-қайсысы да салмақты, әрі әрқайсысының арқалайтын әлеуметтік жүгі ауыр деуге болады. Соның ішінде Мемлекет басшысы қойған кейбір тапсырмалардың жай-күйіне тоқтала кетсек, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ауызға бірінші оралады. Нақты айтқанда білікті, кәсіби деңгейі жоғары педагогтерге, медицина мен полиция қызметкерлеріне және өзге де қажетті мамандарға ипотеканың қолжетімді болуын жүзеге асыру үшін не істелді?
Бұған қатысты айтар болсақ, биылғы қыркүйек айында Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Баспана ипотекалық ұйымы» АҚ арасында келісім жасалды. Соған сәйкес Президент атап көрсеткен мамандық иелерін қолдау мен қамту үшін екі миллиард теңге қаражат бөлу қарастырылған. Мұндағы бастапқы жарна төлеу мөлшерін он пайызға дейін кеміту жөнінде ұйғарымдар жасалған. Бұл үшін бірінші кезекте жергілікті бюджеттен алғашқы жарна көлемін субсидиялау үшін екі жүз елу миллион теңге бөлінген. Бұл орайда биылғы меже екі жүз елу маманды қамтуға есептелсе, алдағы жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғаймақ.
Президенттің тағы бір тапсырмасы – тұрғындардың табысын көбейту және өндірістік кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысын өсіру. Оның орындалу барысын екінші қойылған мәселеден тарқатсақ, өндірісі мен өнеркәсібі кеңінен өркен жайған өңірде жыл сайын ірі және орташа деңгейдегі кәсіпорын басшылары мен облыс әкімдігі арасында жалақы мөлшерін өсіру жөнінде келісімшарттар жасау дәстүрге енгізілген. Оның орындалуын арнайы құрылған жұмыс тобы бақылап отырады. Айталық биылғы жылдың 5 қазаны күні Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жариялана салысымен өңірде жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде шұғыл іс-қимыл шаралар кешені әзірленді. Оған өңірдегі 518 кәсіпорын тартылды. Бұған қоса алдағы жылдың басында өңірдегі 53 ірі кәсіпорын мен осы құрылымдардың жанындағы сервистік компанияларда жалақы мөлшері 7 пайыздан 20 пайызға дейін ұлғаймақ. Көрсетілген меженің өз уақытында орындалуы үшін Жолдау жарияланған күннен бастап қойылған мәселеге орай тиісті түсіндіру жұмыстары қолға алынды.
Жолдауда қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы алдағы жылдың 1 қаңтарынан 42 000 теңгеге дейін көтерілетіні айтылды. Ал Ақтөбе өңірінде бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер оның мөлшері 35 000 теңге төңірегінде екенін айғақтайды. Осы мөлшер алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық деңгейге көтеріле ала ма? Президенттің «Ақтөбе индустриялық аймағында» орналасқан «Фаэтон» көлік-логистика орталығында өндірісшілермен кездесуі кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Елбасыны дәл осылай болатынына сендірді. Яғни бұған дейін 35000 теңге жалақы алып келген барша ақтөбеліктердің еңбекақысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өсетіні жөнінде уәде берді.
Елбасы белгілеп берген бес әлеуметтік бастамада өңірлерде жастар мен студенттерге және жас отбасыларға арналған жаңа жатақханалар құрылысын салу қажеттігі көрсетілгені мәлім. Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Президент бұл мәселені жергілікті өкілетті орган жетекшілеріне тағы да шегелеп тапсырды. Рас бұл жөнінде әзірге шұғыл жоба белгіленіп нақты жоспар жасала қоймаған секілді. Дегенмен алдағы күндерде Президент тапсырмасының нақты дерегі мен дәйегі белгілі болары анық.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына сапары кезінде облыс әкіміне үш ауысымда оқитын білім ордалары мен апатты жағдайдағы, мектептерді жою жөнінде нақты тапсырма берді. Б.Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі күні облыста 14 үш ауысымдағы және 7 апатты жағдайда тұрған мектеп ғимараттары бар. Ендеше Елбасы тапсырмасы қалай орындалмақ? Бұл сауалға жауап қайтарған өңір басшысы қазіргі бой көтерген нысандар құрылысы аяқталса, сонымен бірге алдағы жылы алты мектеп тұрғызылса, облыста үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешімін таппақ. Осы арада бір жағымды деректі оқырмандарға жеткізудің орайы келіп тұр. Бұл биылғы оқу жылында өңірде мектеп табалдырығын аттаған балалар санының бес мыңға көбейгені. Мұның өзі аймақтағы демографиялық ахуалдың жақсарғанын көрсетеді.
Президент ақтөбеліктермен кездесу сәтінде шағын ауылдар мен елді мекендерді реттеу мәселесіне де назар аударды. Әрі мұнда тұратын ағайындардың болашағы не болмақ деген сауал тастады. Бұған жауап ретінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шағын, өмір сүру үшін тиімділігі төмен ауылдардың жай-күйіне тиісті талдаулар жасалғанын айтып берді. Оның айтуынша, облыстағы кейбір елді мекендер перспективасы жоқ болғандықтан жабылуы мүмкін. Жабылып жатқандары да бар. Мұндай қауіп сол шағын аудандардағы мектептерге де төніп тұр. Мұндай жағдайда бұл санатқа кіретін ауыл тұрғындарын көрші аумаққа көшіру, ел-жұртты ыңғайлы қонысқа шоғырландыру шаралары жүргізіліп, оқушылар іргелес ірі ауылдардағы мектептерге ауыстырылмақ. Өңір басшысының айтуынша, болашағы мол ауылдарда мектептер жанынан интернаттар салу мен ашу жұмыстары қолға алынбақ.
Мемлекет басшысының облыс әкімдеріне берген басты тапсырмасының бірі экономиканы дамытуға көбірек инвестиция тарту екені белгілі. Бұл міндет облыста ойдағыдай орындалып келеді. Мысалы, өткен жылы бұл мақсатта 480 миллиард теңге тартылса, алдағы меже – жарты триллиондық көрсеткішке жету.Осы тұста айта кетерлік тағы бір жайт, бюджет арқылы келетін инвестицияға жергілікті өкілетті орган басшысының қатысы аз екендігі. Ал егер олар Елбасы шегелеп айтқандай бюджеттен тыс инвестиция көлемін көбейтуге қызмет жасаса, бұл басқа әңгіменің еншісі. Осы орайда облыста бюджеттен тыс инвестиция жалпы инвестицияның 85 пайызын құрайтыны, ал сыртқы инвестиция мөлшері 35 пайыздан асқаны Президент тарапынан оң бағасын алғанын да айта кеткенді жөн көреміз.
Сөз соңында Мемлекет басшысының Ақтөбе облысында экспорттық тауарлардың үлесін барынша көбейтіп, импортты мейлінше азайту жөніндегі тапсырмасына келсек, мұнда сыртқы тауар айналымының көлемі бес миллиард теңгеден әлдеқайда асып түскені оң нәтиженің белгісіндей әсер қалдырады. Осы қомақты соманың түйенің табанындай төрт миллиард теңгесі экспорттың үлесіне тиесілі екені де сүйінішті жайт.
Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе аймағында Президент тапсырмаларының орындалуы жоғары деңгейде деп ой түйе аламыз. Ең бастысы өңірде уәде мен үдденің үйлесімі және келісті келісімі бар.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ