Инвестор қаржысын салу үшін жұмыс жүргізуге қолайлы, қайтарымы болатын жер іздейді. Осы орайда топырағы құнарлы, жерінің асты да, үсті де бай Қостанай өңірі талай инвестордың сеніміне енді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында индустриялық және технологиялық модельді анықтап, экономикалық сапалы дамуға бастайтын Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялағанда Қазақстанның инвестиция тартудағы көшбасшылығын сақтауды тапсырған болатын.
– Сондықтан өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту, инвесторлармен ашық диалог жасау, инвестиция тарту мақсатында инфрақұрылымды жетілдіре түсу Қостанай облысындағы жұмыстардың басым бағытына айналды, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов форум қонақтарына.
Өңір басшысының сөзін сабақтай түссек, облыста алдымен барлық бос алаңдарды, жер учаскелерін, пайдалы қазба байлықтарын, жасалған инфрақұрылымдарды көрсететін интерактивті инвестициялық карта жасалды. Өткен жылы алғашқы инвестициялық форумда құны 200 миллиард теңгені құрайтын 26 меморандумға қол қойылған болатын. Соның нәтижесінде биыл жыл басында инвестицияның келуі 9,3 пайызға өсті. Сыртқы инвестицияның көлемі 2 еседен асады. Жалпы, облыста инвестиция салынған 40 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 13-і сыртқы инвестицияның қатысуымен мүмкін болды. Облыс әкімі соның ішінде 3 жобаны айрықша атап өтті.
– Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қыркүйек айында Қытайға сапарында біздің облыста жүзеге асырылатын 3 инвестициялық жобаға қол қойған болатын. Енді қытайлық әріптестермен (HKC Corporation Ltd) бірлесіп, Қостанайда теледидар мен компьютер шығарамыз. Бұл жобаның құны 186 млрд теңгені құрайды. YTO маркалы трактор және «LOVOL» маркалы ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын өндіріс (YTO Grup Corporation) құрылысы басталатын уақыт та алыс емес. Сонымен қатар Hangteng automobile Co. Ltd. компаниясы жеңіл автомобильдер шығаруға 150 миллион доллар инвестиция салуға дайын. Қостанайда құрастырылатын Hangteng автомобилі тек экспортқа жіберілетін болады. Жыл аяғына дейін China National Machinery Import & Export Corporation (СМС) компаниясы 1,2 млрд доллар қаражатпен Аллюр компаниясының тобына кіріп, 2023 жылға қарай жылына 66 мыңға дейін автомобиль шығарады. Ал ауыл шаруашылығында майлы және дәнді дақылдарды жеткізе өңдеп, азықтың бірнеше түрін өндіретін «BioGrain» компаниясының өнімі өңірдің экспорттық әлеуетін күшейте түседі, – деді А.Мұхамбетов.
Облыс әкімі форумға келген инвесторларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Бұл үшін Қостанай қаласында Индустриялық аймақтың инфрақұрылымы салынып, оған қазір барлығының құны 235,8 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба орналасты. Осындай тәсілмен бюджеттен шыққан 1 теңгенің орнына 37,4 теңге инвестициялық қаржы түсіп отыр. Инвестжобаларды жүзеге асыру мақсатында Индустриялық аймаққа алдағы уақытта Арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру үшін жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі таяу уақытта республикалық деңгейде шешім шығып қалатынынан да хабардар етті.
Форумда ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде әңгіме болды. Қазақтың даласы ауыл шаруашылығының қай саласын дамытуға да қолайлы. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев саланың экспорттық және инвестициялық қуаты туралы айта келіп, жиналғандарға инвестициялық тартымдылық үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы жаңа міндеттер туралы ақпарат берді. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 3,4 пайызға артып, 1,6 млрд АҚШ доллары болған. Соңғы бес жылда осы салаға 4,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылса, соның 80 пайызы жеке сектордың еншісіне тиеді. Жыл басынан бергі 8 айда ауыл шаруашылығына 500 млн доллар инвестиция тартылған. Алайда, саланың қуаты бұдан да жоғарыға жетеді.
Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімі мен өңделген өнімді экспортқа шығару көлемін 2,5 есе арттыру керектігін тапсырғаны белгілі.
– Осыған орай ауыл шаруашылығын дамыту да саланы инвесторлар үшін барынша тартымды етуіміз керек. Алдымен несиенің пайыздық үстемесінің, лизингімен ауылшаруашылық техникасы мен малды сатып алу қаражатының орнын толтыру, инвестициялық субсидиялар, аграрлық сақтандырулар үшін берілетін бюджет қаражатының көлемі өсірілетін болады. Сонымен қатар бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, егін шаруашылығында аграрлық қолхат қаржылық институтын енгіземіз. Сосын ауыл шаруашылығының барлық саласы үшін жаңа бағдарламалар дайындалып жатыр, – деді Арман Қайратұлы.
Форумға қатысқан «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Қазақстан әлемдік экономика тұрғысынан қарағанда, бұрынғыдай теңізге шыға алмайтын кішкентай ел емес, Қытай мен Еуроодақ арасындағы инвестициялық тартымды елге айналғанын айтты. Сонымен қатар шетелдік инвесторларға демеу болатын көптеген шаралардың жүзеге асып жатқанынан хабардар етті.
Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Алмас Батанов алдымен еліміздегі өңдеу кәсіпорындары шығарған тауарлардың экспорттық қуаты да, географиясы да кеңейе түскенін айтты, тауарлар қазір 120 елге шығарылады. Цифрлы және басқа да озық технологиялардың енгізілуіне байланысты кәсіпорындарда өнімділік арта түскен.
«Kostanay Invest-2018» форумында жалпы сомасы 251 млрд теңгені құрайтын 19 меморандумға қол қойылды. Форум сессияларында «Ауыл шаруашылығында шетелдік және отандық инвесторлар үшін өңірдің жаңа мүмкіндіктері: цифрландыру, бастапқы жобалар», «Өңірдің негізгі салаларын дамытудағы инвестициялық қуаты: бастапқы жобалар, индустрия 4.0, өңірдің индустриялық дамуы», «Моноқалаларды дамытуда инвестиция тарту: дамудың өзекті мәселелері, сарапшылық пікірлер, моноқалаларды дамытудағы табысты мысалдар» атты тақырыптарды талқылау, пікір алмасу және «Шағын және орта бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер» шеберлік сыныбы өтті.
Форум қонақтары жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалармен танысып, Индустриялық аймақты аралап, ауыл шаруашылығы мен автокөлік көрмесін тамашалады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»